13.08.2025, 21:00
Оқылды: 165

Шалқар шабыт иесі

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы.

Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы.

Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

                               Ахмет Байтұрсынов

«Өзгеріске дайын тұлғаның зияткерлік-шығармашылық әлеуетін және жаһандық құзыреттілігін дамыту» мазмұнындағы миссияны жүзеге асыру жолында Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы сүбелі жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

IMG_3992

«Мұғалім – мектептің жүрегі», - деп  Ыбырай Алтынсарин айтқандай, аталған мектептің ұстаздары мен шәкірттерін жетістіктерге жетелеп, өміршең бастамаларға ынталандырып келе жатқан көшбасшы Айтпукешев Айдарбек Төлепұлының еңбегі кім-кімге де үлгі.

Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Төлепұлын әріптестері «Педагогикалық бастамалардың генераторы» деп атайды. Мектептің тынысының кең болуына, әр күнінің мазмұнды өтуіне ерекше мән беретін басшы. Мұғалім мен оқушы,  оқушы мен ата-ана, мұғалім мен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты басты назарда ұстай отырып, көшбасшылық іс-әрекеттердің  ашық диалогқа, қызығушылықты арттыруға негізделетіні айқын көрініс тауып келеді.

IMG_3991 (1)

Айдарбек Төлепұлының көптеген авторлық жобалары мектеп мұғалімдері мен оқушыларының таланты мен дарынын шыңдауда ерекше рөлге ие.

«Ауылдан базарлық» жобасы мектеп жанындағы жатақхана оқушыларының ата-аналарымен тығыз байланыс орнатуына, ата-аналарының еңбектегі рөлін түсіндіруге, ауыл тіршілігінің ерекшеліктерін насихаттауға бағытталған. Мысалы, тәрбиеленушілер әже алақанымен дайындалған құрт өнімінің дәмін тата отырып, оның қалай дайындалатыны, денсаулыққа пайдалылығы туралы түсінік алады.

IMG_4001 (1)

Сонымен қатар, екі жылда бір рет өткізілетін «Педагогикалық Оскар» - мұғалімдерді ізденуге, жаңашыл және ұжымда танымал болуға ынталандырып келе жатқан кәсіби жоба. Қызыл дәліз кілемінен көзі нұрға, құшағы гүлге толған әріптесті көру, оның еңбегін мойындау, еліктеу педагог ретінде ілгерілеуге шақыратын ерекшелікке ие.

Айдарбек Төлепұлының авторлық «Педагогикалық тандем» жобасы зияткерлік мектеп пен жалпы орта білім беретін мектептің пән мұғалімдерінің бірлесе сабақ жоспарларын дайындап, пәндік жобалар ұйымдастырып, кәсіби ұсыныстар арқылы өзара байланысып, дамуына жағдай жасайды. Мерекелік басқосуда бірлесе атқарған жұмыстарын таныстырып, тәжірибемен бөліседі.

2019-2020 оқу жылында бастау алған «Шәмші балы» оқушылардың коммуникациялық дағдыларының шыңдалуын жүзеге асыратын ұжымның асыға күтетін мерекелерінің бірі. Белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері мен олардың шығу тарихы насихатталып, ән, би, актерлік шеберлік өнерлері тоғысып, оқушылардың көшбасшылық құзіреттіліктері көрініс табатын мереке мектеп түлектері, мұғалімдер, серіктес ұжымдар мен ата-аналарды жиып, ынтымақтастықты арттырады.

IMG_3996

Айдарбек Төлепұлы - ұжым мұғалімдерінің кәсіби шыңдалуын, оқушылардың сапалы, заманауи білім алуын, адами құндылықтар негізінде тәрбие берілуін жіті қадағалап отыратын жауапкершілігі жоғары басшы. Мұғалімдердің іс-әрекеттегі тәжірибелерін бақылау нәтижесінде олардың мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сәйкес ұсыныстар беріп отырады. Сондай ұсыныстар негізінде мектепте жас әкелерге арналған «Азамат» (жетекшісі С. Мунбаев) әкелер клубы, «Күншуақ» жас аналар (жетекшісі З. Тажигалиева) мектебі  іске қосылды.

Айдарбек Төлепұлы тіл маманы ретінде оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың оқу сауаттылығын, оқырмандық құзіреттілігін арттыруға баса назар аударады. Зияткерлік мектептің миссиясын, құндылықтары мен білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерін оқырман бойына сіңіру үшін «Кітап-Fest» жобасын енгізді. Жоба арнайы тақырыптардағы кітаптарды бірге оқып, талдап, талқылап, насихаттауға негізделген.

IMG_3994

Ал, сабақ процесіндегі Айдарбек Төлепұлы – өз пәнін ерекше ардақтайтын, ізденуге құштар  ұстаз. Қазақ және орыс классиктерінің шығармаларын өзі ғана емес, шәкірттеріне де оқытып, бірге талдап, өмірмен байланыстырып, рухани нәрге айналдыра білетін шебер мұғалім. Шәкірті, 11-сынып оқушысы Агадилова Адия: «Кезінде Лев Толстой айтқандай, «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз». Дәл осы ұлағатты сөз біздің сүйікті ұстазымыз - Айдарбек Төлепұлы туралы айтылғандай. Орыс тілі сабағын  асыға күтіп жүреміз. Себебі, ұстазымыз өткізетін сабақтардың орны бөлек. Сыныптағы әр шәкіртке жай оқушы ғана емес, өзіндік пікірі бар, зияткер тұлға ретінде қарайды. Сабақта, сабақтан тыс шараларда біздермен бірге ән айтып, өлеңдер оқып,  ребустар мен кроссвордтар құрастырып, қызығушылығымызды ескереді. Ұстазымыздың  жарқын жүзі, позитивке толы  көңіл күйі өзімізді еркін сезінуге, тосылмай сөйлеуімізге, ойымызды ашық айтуға мүмкіндік береді», - деп шәкірттік алғысын жеткізген.

Мектепті басқару тек жобаларды жүргізуден тұрмайды, мектептің әр мүшесіне тілектестік, олардың жан дүниесін түсіну, қажет кезде қолдау, ынталандыру - Айдарбек Төлепұлының басты қағидаларының бірі. Әр мұғалім мен оқушының жетістіктері мен жеңістеріне қуанудың, орнымен мадақтап, марапаттаудың шебері. Қандай мәселені де байыппен бақылап, жан-жақты зерттеп, терең түсіну және түсіндіру арқылы мектепті дамытудағы еңбегі алғысқа лайық. Бастама мен ықыласқа толы еңбектің жеміссіз болмайтыны сөзсіз. Әр оқу жылында оқушылар республикалық, халықаралық білім байқаулары мен олимпиадаларынан жүлделер иеленіп, ұстаздарының еңбегін ақтауда. Биыл мектепті 141 оқушы тәмамдап, білім сапасы – 88,01% құрады. 12-сынып оқушыларының  5-уі  «Алтын белгі», 13-і «Үздік аттестат» иегері атанды.

«Дарын» РҒПО «Ең үздік олимпиадалық мектеп» қатарына енді, 18 оқушы республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар жеңімпаздары атанды, соның ішінде ерекше атап өтетін мектеп мақтаныштары – Мұрат Мейірбек, 9-сынып оқушысы, Ташкент қаласында өткен математика мен информатика пәнінен III халықаралық Аль-Хорезми олимпиадасының Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшесі, күміс медаль иегері; Қарасаев Шыңғыс, 11-сынып оқушысы, республикалық лингвистикалық олимпиадасының жеңімпазы атанды. Лингвистикадан 21-26 шілде аралығында Тайвань астанасы - Тайбей қаласында өткен XXII халықаралық олимпиадаға ҚР ұлттық құрамасының атынан қатысып, алғыс хатқа ие болды. 45 оқушы республикалық және халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары атанса, бір топ оқушы 13–15 маусым күндері АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Вустер қаласында орналасқан Worcester Polytechnic Institute базасында WPI Annual FIRST® LEGO® League (FLL) Event (WAFFLE) атты халықаралық робототехника чемпионатына қатысты. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 108 елден келген 650-ге жуық команда өз жобалары мен инновациялық идеяларын ортаға салды.

⠀Осы байрақты бәсекеде Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары құрған Tidal Tumble командасы «Engineering Excellence Awards» аталымы бойынша 2-орынға ие болып, тұтас Қазақстанның намысын қорғады. Одан бөлек, өткен оқу жылында STEM бағытындағы ғылыми жобалар конкурсының жүлдегерлері 2 710 000 теңге қаржылай сыйақы ұтып алды.

54 оқушысы республикалық және халықаралық спорт және өнер сайыстарының жеңімпаздары атанып, мектебіміздің мәртебесін биікке көтерді.

Республикалық, халықаралық байқауларда, ғылыми конференцияларда мектеп педагогтері өз біліктіліктерінің нәтижесін көрсетіп келеді.  «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында, «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болған ұстаздар мектеп мәртебесін тағы бір мәрте асқақтатты.

IMG_3995

Мектеп түлектері еліміздегі, шетелдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының гранттарының иесі болуда.

Өмірдің заңдылықтарын, ата-анасы мен ұстаздарынан алған тәрбиесін, еңбек тәжірибесін ұштастырып, ұжымды бір отбасыдай жұмылдырып келе жатқан Айдарбек Төлепұлын  50 жасымен  құттықтап, толағай табыс, шалқар шабыт, ерен еңбегінің жемісін  тілейміз!

 

Алтынзер Ихсанова,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім-эксперті,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале