3.11.2022, 11:30
Оқылды: 63

Шамғон шаң басар тұлға емес

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы  басшысының назарына!

Ақ Жайық өңірі биылғы жылы ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек еткен қайраткерлері мен ұлық өнерін өрге көтерген ұлы тұлғаларын ұлықтауда айтарлықтай істер тындырды.

Шамғон

Көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ автономиялық Республикасы Атқару комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуына орай Жаңақала өңірінде республикалық ғылыми-тәжірибелік  конференция оздырылса, Ақжайық ауданында белгілі ақын, сыншы, әдебиеттанушы Сағынғали Сейітовтің есімі аудандық орталықтандырылған кітапханаға беріліп, ақын рухына құрмет көрсетілді.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасының есімімен аталатын ұлттық академиялық халық-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, ұлағатты ұстаз, дүлдүл домбырашы Қали Жантілеуовтің 140 жылдық тойы да өзінің туған топырағында республикалық дәрежеде дүркіреп өтті.

Ақ Жайық өңірінен шыққан өнер тарландары Ескендір Хасанғалиев, Қатимолла Бердіғалиев, Донеділ Қажымовтарға да халқы құрмет көрсетті. Егер ел-жұртының ортасында жүрсе, қазақтан
шыққан тұңғыш кәсіби дирижер, қазақ өнерін әлемге паш еткен асқақ талант иесі Шамғон Қажығалиев 95 жасқа толар еді. Қасиетті Нарынның қойнауындағы Ұялы құмының бір түкпірінде өмірге келіп, есін білер-білместен өнерге ұмтылыс жасаған сәбидің түбі есімі дүние жүзіне танымал тұлғаға айналарын кім білген? Олай дейтін себебіміз әкесі Қажығали төрт жасар Шамғонды түйеге мінгізіп, мықты домбырашы, күйші Шоқат қарттың алдына алып барады. Күйшінің алдында домбыра тартып кетпегенмен қос қария қос шектің үніне балбырап, еліктеген сәбидің талпынысынан үлкен үміт күтеді. Өкінішке орай, Шамғон бес жасында әке-шешесінен бірдей айырылады. Дегенмен бойына өнер ұшқыны қонған бала келе-келе Шоқат тартқан Мүсірәлінің күйін, анасы айтып отыратын «Әдемі-ай» әнін домбыраға сала бастайды.

1937 жылы Орал қаласында облыстық олимпиада өтетін болады. Оған бастауыштан екі, жоғары кластан екі оқушы қатысады  деп ұйғарылады.  Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мағауия Шамғон Өтегенов пен Бақтыгерей Демесінов деген оқушыны, атқару комитетінің төрағасы Есет Тоқсанов жоғары класта оқитын Тоғайбай күйшінің баласы мен
Әдеменов деген оқушыны өз аутокөліктерімен Жаңақаладан олимпиадаға арнайы алып келеді. Міне, сол кездегі өнерге деген ықылас-пейіл, қамқорлықтың жарқын көрінісі еді-ау бұл. Облыс көлемінен жиналған талантты балғындар арасынан он жас­тағы Шамғон бірінші орынға ие болып, сыйлыққа теңізшінің костюмін алады. Ол оның өнердегі тұңғыш сыйлығы еді. Осы сапарында жас балғын Оралдағы музыка училищесінен скрипка аспабын көріп, қызығушылық танытады. Кейін дария-дарын иесі Алматыдағы жаңадан ашылған консерваторияға түсіп, екі мамандық
бойынша білім алады. Скрипкадан – профессор И. Лесменнің, домбырадан Қали Жантілеуовтің класына қабылданады.

Болашақ КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шамғон Алматы консерваториясынан және Ленинград қаласынан дирижерлік білім алып шығады. Ұлы дирижер қандай биікке көтерілсе де, ұстаздары Л.Шаргоротский мен Э. Грикуровты, өзі тәлім алған әйгілі композитор Д.Шостаковичті әсте ұмытқан емес.

Қазақ өнеріндегі дара тұлға туралы айта берсе, әңгіме жетерлік. Мен қазақтың марғасқа азаматы, академик Зейнолла Қабдоловтың Шәкең жөнінде айтқан толғамды пікірлерімен мақаланы түйіндегелі отырмын. Академик былай дейді. «Ахмет Жұбанов туғызған керемет назды оркестрді сазды бесікке бөлеп тербеткен – Шамғон Қажығалиев», «Шамғон Қажығалиев – ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі», «Қатарынан екі консерваторияны бітірген Қазақтың тұңғыш профессионал дирижері әлі күнге дейін өзінің шыққан биігінен қыл елі төмендеген жоқ. Сол биікте тапжылмастан тұр». Осыдан артық қалай айтуға болады.

Түйін

Қазақ өнерін кезінде Кремльдің сиездер сарайында, Мәскеудің Үлкен театрында асқақтатқан, ұлттық болмысымызды Еуропа, Азия құрлықтарына, мұхиттың арғы жағындағы елдерге танытқан ұлы дирижердің 95 жылдығы елеусіз қалып барады. Осы жөнінде еліміздің даңқты перзентімен талай рет жүзбе-жүз кездесіп, рухтас болған құрдасы Ақ Жайықтың абызы Жайсаң Ақбаевтың өкініші орынды деп білемін. Әлі де кеш емес. Сондықтан осы бір өзекті мәселе облысымыздың мәдениет, өнер саласын басқарып отырған азаматтарына ой салар деп санаймын.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале