5.01.2022, 11:00
Оқылды: 434

Шаңғыны қалай таңдайды?

Өз басым, ұл-қызының әрі дені сау, әрі дене бітімі сымбатты болып ержетіп-бойжетуіне әр ата-ана жіті көңіл бөлуі керек деп есептеймін. Осындай ниетпен бастауыш сыныпта оқып жүргендерінде-ақ ұлыма да, қызыма да коньки алып бергенмін. Содан екеуі ел ішінде індет ден­дегенше, сенбі-жексенбіге қоса, күзгі, қысқы  және көктемгі каникулда мұзсарайға жиі барып, коньки тебуге әбден төселді. Шүкір, бүгіндері індет айылын жиып, беті әрі қараған сыңайлы. Енді ұлым да, қызым да бірер аптадан бері «Әке, шаңғы алып беріңізші» деп қыңқыл­дап  жүр. Осы  шаңғыны  қалай  таңдайды?

Павел Ставкин копия

Біз оқырманның сауалына орай «Динамо» спорт қоғамы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Павел Ставкинге жолыққан едік.

Шаңғыны тебу әдісіне қарай таңдау керек. Негізі, шаңғы тебудің «классикалық тәсіл» және «конькише тебу» («ер­кін тәсіл») деген екі әдісі бар.Егер шаңғыны конькилік тә­сілмен тепсе,  шаңғы қысқалау, бірақ таяғы ұзындау болғаны жөн. Ал классикалық әдіспен тебетіндер үшін шаңғы таяқтарының ұзындығы иықтан төмен болуы шарт. Шаңғы тебудің кең тараған түрі – классикалық тәсіл.
Жал­пы, ұзын шаңғыны таңдау дұрыс емес. Себебі тым ұзын шаңғымен бұрылыстарда бұрылу қиын. Шаңғының ұзындығы әдетте жас және бой ерекшеліктеріне қарай ересектерге 175-205 см,
жасөспірімдерге 175-180 см, ал балаларға 140-150 см болғаны ләзім. Әдетте шаңғышы классикалық мәнерде алдын ала дайындалған шаңғы іздерімен жүреді. Бұл әдісте екі таяқты кезек-кезек пайдаланады  не-месе екеуімен бір уақытта итеріп қозғалады. Ал еркін тәсілде аты айтып тұрғандай, спортшы қалай жүргісі келсе де өзі біледі.

Тек шаңғыны емес, оның бәтеңкесін де дұрыс таңдаған жөн. Бәтеңке күнделікті киіп жүрген аяқкиім  өлшемінен үлкендеу болу керек. Себебі оның ішінен қалың (жүн) шұлық киеді. Шаңғыдағы  арнайы белгіге де мән беру шарт. Мысалы, оң аяқтың бәтеңкесі үшін шаңғыда «П» деген әріп жазылған болса, келесі сыңарында «Л» деген белгі бар. Егер бұл ережені сақтамай киетін болса, шаңғы  өздігінен шешіліп қалады.

Шаңғы тебуді енді үйрене бастаған адам өрден төмен сырғанауға әуес болмағаны жөн. Алдымен қол-аяқты жат­тықтырып алуы керек. Әйтпесе құлап, бір жерін мертіктіріп алуы әбден мүмкін. Шаңғы тебудің арнайы ережелері болмаса да, қарапайым жай жүрісті меңгеру шарт.
Алдымен екі аяқпен кезек адымдап, алға қарай сырғанайды. Осылайша салмақ екі аяққа алма-кезек түседі.
Сол аяқпен адымдағанда, оң қолды алға, ал оң аяқ­пен адымдағанда, сол қолды алға қарай сермейді. Шаңғы ізі­мен немесе өрден төмен сырғанағанда, екі аяқты қатар қойып, таяқпен серпе сырғанайды. Екпін алу үшін бірнеше адым алға жүріп, қос қолдап таяқпен серпу керек. Шаңғы тебудің осындай қарапайым әдістерін меңгерген­нен кейін ғана әртүрлі күрделі әдістерге машықтануға болады. Шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге 3 шақырымдай ғана жүрген жөн. Ал кәсіби шаңғышылар  10 шақырымды еркін жүріп өтеді.

Біздің мекеме биылғы маусымға 300 жұп жаңа пластик шаңғы сатып алды. Шаңғы
бәтеңкелерінің 30-47 аралығындағы барлық өлшемі (размері) бар. Бір жұп шаңғыны 2 сағатқа жалға беру құны бұрынғыдай – 1000 теңге. Шаңғыны жалға беру сағат 10.00-17.00 аралығында
жүргізіліп, кеш­кі сағат алтыға дейін шаңғы серуенге рұқсат етіледі. Анықтама алу
үшін 51-70-01 телефон нөміріне  хабараласуға  болады.

Жыл сайын шаңғы маусымы ашылысымен, шаңғы құмар үлкен-кіші «Динамоның» шаңғы базасына қарай ағылады. Өйткені біздің қызметкерлер Хан тоғайының аясында шаңғымен
серуенге арналған 1,5 шақырымдық, сондай-ақ 3 және 5 шақырымдық арнайы шаң-
ғы жолдарын жасақтайды. Жиырма алтыншы желтоқсан  күні біз жаңа шаңғы маусымын аштық. Қош келесіздер!

Аманқос Ізбасов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале