Дала данышпаны Құнанбайдан қалған «Көп тілегі – көл» деген қанатты сөз бар екен. Күні бүгін сексеннің сеңгіріне көтеріліп, ел-жұртының алғысына бөленіп отырған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев ақсақалдың атына айтылып жатқан ақжарма тілектер халқына қадірі артқан Құнанбай қажының қасиетті сөзін есіме түсірді.
Халқымыз «Жақсыдан шарапат» дейді. Мен де елінің сексен бунақ қарағайына айналып отырған қайраткер ағамыздан көрген шарапатымды оқырмандармен бөліспек ниеттемін.
Тарих қойнауына кеткен ғасырдың 1989 жылында аяқ астынан Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға баратынымды білдім. Соған дейін баспасөзде азды-көпті дүниелеріммен көрініп, аудандық газеттің жауапты хатшысы деген әжептәуір лауазымды қызметте жүргенім ескерілді ме, айналайын ағаларым «түбі осыдан бірдеңе шығар» деп үміт етті ме, әйтеуір өрімдей өрендердің ішінен таңдау маған түскен екен.
Тамыз айының тамылжыған бір күнінде сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сағындық Құрманов ағамыз Нәжімеден Ықсанұлының қабылдауына алып барды. Өңірдің бірінші басшысының жүзі суық көрінгенмен, жүрегі жылы екен. Алдындағы қаусырма қатырмалы қағаз тігіндісінен бір парақ қағазға көзін жүгіртті де: «Қарағым, партия мектебі, ол – өмір мектебі. Уақытыңды босқа өткізбе» деп орындығынан сәл ұмсынып қолын созды. Кеудемде толып тұрған күдік бір-ақ сәтте сейіліп, ағамыздың ақ тілегінен төбем көкке жеткендей қуанып, кабинетінен шырайланып шыққан едім. Сөйтіп, ел ағасының бірауыз сөзі мен шапағатты шарапаты арманымды асқақтатып, қиялыма қанат бітіргендей болып еді.
Қазақтың көрнекті композиторы Әсет ағам Бейсеуов «Інім, Нәжімеден Есқалиев сырқаттанып, Совминнің (өз сөзі) ауруханасында ем алып жатыр екен, барып келейік» деді.
Нәжімеден Ықсанұлы гүлзардың жанында серуендеп жүр екен. Аман-саулық сұрасқаннан соң ақкөңіл Әсекең мені айта бастап еді, Нәжімеден ағамыз композитордың сөзін бөліп, «Інімді танимын ғой, өзіміздің жіберген кадрымыз», деп сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды біраз әңгімелеп, «Оқуларыңды жақсы аяқтаңыздар, заман әлі түзеледі», - деп сөзін аяқтап, тілегін айтты. Бұл – 1990 жыл еді.
Ұзақ жыл басшылық қызметте болған Төлеген Тастайұлы Мерғалиев жөнінде естелік жазу барысында Нәжімеден Ықсанұлымен хабарласудың қажеттілігі туындады. Себебі ол кісінің пікірінсіз естеліктің мән-мазмұны бір кем дүниедей боларына күмән жоқ еді.
Көп ойланып барып, телефон шалуға батылым жетті. «Закария інім, бір жақсы істі қолға алып жатыр екенсіздер. Төлеген жақсы көретін әріптес інім еді. Өмірден ертерек өткені өкі-нішті болды. Мен уақыт күттірмейтін жағдаймен отбасымды алып, Астрахан жағына жол жүргелі отыр едім. Осы істі қолыңа алып, өзің тындырсаң қайтеді?» деді. «Аға, сеніміңізге рақмет, сапарыңыз сәтті болсын!» дедім. Міне, еліне қадірлі үлкен қайраткер ағамыздың өз өміріме қатысты жайларын қашанғы әдетім бойынша өздеріңізбен бөлісудегі мақсатым – мақтану емес, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халқымыздың қағидасын ұстанған ағамыздың кісілік қасиетін көрсету, екіншіден, осындай ұлықтық істер ұлтымыздың кейінгі толқын жастарына жұғысты болса игі деген асыл мұрат.
Құнекең қажы «Көпке сенген – көгереді» деген екен. Бұл күндері сексеннің шуағына шомылып, халқымен бірге көркейіп отырған ел ағасына алда да ғұмырына ұзақ жылдар тілейміз.
Закария Сисенғали,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жаңақала ауданы