«AQJAIYQ» телеарнасының мәжіліс залында Орал облыстық телерадиокомитетінің тұңғыш төрағасы Наурызғали Сдықов атындағы дәстүрлі VII шахмат турнирі өтті. Шаршы тақтадағы ақыл-ой «шайқасына» БАҚ өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Сурет. istockphoto.com
Арна басшылығы осы арқылы елеулі тұлғаның есімін ел жадында жаңғыртып, жеті жыл бойы БАҚ өкілдері арасындағы әріптестік, достық қарым-қатынасты нығайтып келеді. Сондай-ақ бұл бәсекенің өтуіне Қазақстан Журналистер одағының өңірлік филиалы мен облыстық шахмат федерациясы да бір кісідей атсалысқан. Сайыста республикалық «24.KZ» телеарналары мен «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің қызметкерлері бақ сынады. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, БҚО шахмат федерациясының президенті Мұрат Сдықов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Турнирдің негізін қалаушы, «AQJAIYQ» телеарнасы БҚО филиалының бас директоры қызметін атқарған Асыланбек Ғұбашев осындай іс-шараларды көптеп өткізу керектігін алға тартты.
– Бұл байқауға бақ сынауға ниетті әріптестердің саны жылма-жыл көбейіп келеді. Әсіресе қатысушылар қатарындағы жас журналистерді көріп, көңіліміз бір марқайып қалды. Аға буын мен өкше басар інілеріміздің арасында алтын көпір қалыптасып, жастардың шығармашылығы шыңдала түседі деген ойдамын. Сондай-ақ Ақ Жайық журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Болат Есқалиев те турнирге қатысуда. Ағалық ақыл-кеңесін аямайтын ардагерлер мен ізгі ниетті інілердің сыйластығы үзілмесін, – деді Асыланбек Зиннатұлы.
Шаршы тақтадағы сайыс швейцар жүйесі бойынша жүзеге асты. Қарсыластар компьютердегі арнайы бот арқылы жұпталып, үстелдерге жайғасты. Жеті турдан тұрған турнир нәтижесінде алты ұпайды еншілеген журналистика ардагері Болат Есқалиев жеңімпаз атанды. «AQJAIYQ» арнасының редакторы Біржан Кухаев екінші орынға тұрақтаса, аталмыш арнаның бейне-операторы Рүстем Ищанов үшінші орынды місе тұтты. Жүлдегерлер мен барлық қатысушыға алғысхаттар мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»