Қарашаның үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов сала ардагерлерін құттықтап, марапаттар табыстады.

Жиын алдында БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымының жетекшісі Лавр Хайретдинов сөз сөйлеп, салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлерге құрмет білдірді. Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің ел экономикасына қосқан үлесінің зор екенін атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңірдің аграрлық әлеуеті туралы баяндама жасап, саладағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, Ақжайық өңіріндегі ауыл шаруашылығы тұрақты дамып келеді.
Облыста мал басының өсімі байқалып, 1993 жылмен салыстырғанда ірі қара 15 пайызға, жылқы саны 235 пайызға артқан. Алайда жердің құнарсыздануы мен тапталуы мәселесі әлі де өзекті. 1990 жылдары 2,47 млн гектарға жеткен егіс алқаптары 2011 жылы 437 мың гектарға дейін азайған. Биыл бұл көрсеткіш 638 мың гектарды құрады, оның 12,8 пайызы – дәнді дақылдар.
Өңірде су тапшылығын азайту мақсатында суармалы егістікті 2028 жылға дейін 38 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Қазірдің өзінде 12 мың гектар алқап тамшылатып суару технологиясымен қамтылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жалпы өнімін 2028 жылға дейін екі есеге арттыру міндеті тұр. Осыған байланысты шалғай елді мекендерді дамыту, ветеринариялық қызметтерді күшейту және арнайы ғимараттар салу көзделуде. Қазіргі таңда өңірдегі барлық ветеринариялық мекемелер қызметтік көлікпен қамтамасыз етілген.
Жиында сала еңбеккерлері бірқатар марапатқа ие болды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі белгілі ғалым, қоғам қайраткері Ақсерік Әйтімовке және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Марат Тұрашевқа табыс етілді.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының II дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен ардагерлер Мынатаубиік Әнесов пен Ибат Қайсенов марапатталды.
Сонымен қатар еңбек ардагерлеріне облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хаты, «Құрметті ардагер» төсбелгісі және мерейтойлық медальдар табысталды.
Жиында марапат алғандардың бірі, 40 жылға жуық мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан бөкейордалық Ибат Қайсарұлы, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдаулардың қолжетімді екенін атап өтті. Ол жастарды батыл қадам жасап, шаруашылықпен айналысуға шақырды.
Бекзат Қанәділ,
фото автордікі
zhaikpress.kz
