15.10.2024, 16:00
Оқылды: 37

Шаруалар мұнайшыларды ас-сумен қамтиды

Облыс әкімдігінің «Ақжайық» залында жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелерін қаузаған кездесу өтті.

ҚПО кеңес-1

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Аймұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиынға «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев және осы компанияның ірі мердігерлері, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындардың және «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ-ның, тиісті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Қалияр Аймұхамбетов Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында елімізде атқарылатын жұмыстардың нақты бағыттарына тоқталғанын атап көрсетті.

– Жолдауда «Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» екені айтылды. Мемлекет басшысы еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу міндеттерін алдымызға қойып отыр. Президент өткен жылғы Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын, ауылдарды дамытуға, шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасының қажет екеніне тоқталған болатын. Ал биылғы Жолдауында осы бағдарламаның жүзеге асырылуы республика бойынша жаман емес екендігін айтты. Біздің өңірде де осы Жолдаулардан туындайтын міндеттерді орындау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда, – деді Қалияр Шадиярұлы.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кооперативтерге шоғырландыру, ауыл тұрғындарының әлеуетін жақсарту және жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлікке тарту. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында бірқатар шаруа атқарылуда. Осы жылдың 20 шілдесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың облысқа жұмыс сапары аясында өткен кеңесте ірі мұнай өңдеуші «ҚПО б.в.» компаниясы және облыс әкімдігі арасында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау туралы меморандумға қол қойылды.

Содан бергі уақытта өңірде ет, сүт, егін және құс шаруашылықтары бойынша зәкірлік ынтымақтастық ретінде іріктеліп алынған 5 бағыт бойынша ірі кәсіпорындар басшыларының  қатысуымен басқосу өтті. Бағдарламаға қатысу және мемлекеттік қолдау алу, өнімдерін ірі кәсіпорындар арқылы өткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу қажеттігі тұрғындар арасында кеңінен түсіндірілуде.

Жиында облыс әкімінің орынбасары «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (ҚПО б.в.) басшылығына «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардан өнім сатып алу мәселесінің түйінін шешкені үшін алғыс айтты.

Аталған меморандум аясында өнімді өткізу және сатылған өнім көлемін ұлғайту туралы «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев  әңгімеледі.

«Ауыл шаруашылығы тауар  өндірушілерін қолдау біздің компания үшін өте маңызды.  Бұған басымдық береміз. Бірақ ол біздің негізгі қызметімізге қатысты емес. «ҚПО» – өздеріңіз білетіндей, экономикалық тұрғыдан өңірдегі жетекші компания және біздің әрбір іскер серіктестеріміз бен мердігер компанияларымыз экономикалық қауымдастықтың бір бөлігі болып табылады. Бұл қызметтің қаншалықты табысты дамитыны сіз бен біздің іс-әрекетімізге байланысты болмақ. Баршамыз жұмыс істейтін өңірдің тұрғындары алдында әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінеміз. Сондықтан компания басшыларынан осы процесті өз кезегінде бақылауда ұстауды сұраймыз. «ҚПО» басшылығы атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде қадағалайтынын атап өткім келеді», – деді Мұхтар Наурызғалиұлы. Сондай-ақ  «ҚПО» компаниясы мердігерлерінің тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтерінің ауқымды келісімшарттары бары айтылды.

Ондағы міндеттемелер бойынша 10 мыңнан астам адам күн сайын сапалы тамақпен тұрақты қамтылады. Мұнай өндіруші компания өзінің мердігерлерінің Ақ Жайық өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндіру-шілерімен тікелей әріптестік орнатқанын, осылайша Қарашығанақ жобасына қажетті сапалы өнімдерді жеткізуді қамтамасыз етіп, жергілікті өнім өндірушілердің үлесін арттыруды көздейді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Оның аясында ауыл-аудандарда шағын кәсіпкерлікті құруға және дамытуға қаржы бөлінуде. Бүгінгі таңда мыңға жуық бағдарламаға қатысушы қаржыландырылды. Өткен жылы 6,4 млрд теңге бөлінсе, биыл 7,9 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Өндірушілер өз өнімдерін сатуда қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты әкімдік консорциум  басшылығымен бірлесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұнай өндіруші ірі компания қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсететін және азық-түлік өнімдерін сатып алатын өзінің мердігерлік компанияларын осы жиынға шақырды. Ал зәкірлік кооперация аясында бүгінде жеке шаруа қожалықтарынан өнім жинап, одан әрі «ҚПО»-ның мердігер компаниялары – «Лигабуе Центральная Азия», «ККС Сичим», «Елжас» ЖШС-ларына жеткізуге  «Рубежинский» ауыл шаруашылығы өндірістік, «Батыс сүт», «Шалқар құс» кооперативтері және «Каверина С.В.» ЖК, «Орал құс фабрикасы», «Батыс-НЫК» ЖШС-лары жұмыстанады», – дейді «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов.

Кездесу барысында «ҚПО»-ның ірі бизнес-серіктестері жеткізілетін тамақ өнімдеріне қойылатын стандарттар туралы түсіндіріп, ұзақ мерзімдік әріптестікті қалыптастыру жайын талқылады.

Жиын соңында «ҚПО»-ның мердігер компаниялары «Лигабуе Центральная Азия» ЖШС және «Каверин» ЖК-мен сүт өнімдерін жеткізу бойынша қосымша келісімшарт жасады. Одан басқа «КСС «Сичим» және «Батыс Нық» ЖШС-лары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мұндай келісімшарттар мен өзара ынтымақтастық меморандумдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Қарашығанақ жобасының қажетіне өнім жеткізуге тарта отырып, байланысты нығайтудың жаңа жолдарын ашады. Ал «ҚПО» компаниясы ел Үкіметінің облысты дамыту бастамаларын қолдап, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата бермек.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале