Орманы сыңсып, құстары сайрап, иран бақтан аумай қалған ҚазМУ қалашығында бір керемет кездесу өтті. Оған келгендер бір кезде республикалық комсомолдық екпінді құрылыс – ҚазМУ қалашығының құрылысында еңбек еткен комсомол жігіттер еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, жастары 70-ке қарай зымыраған азаматтар мәре-сәре.
Арада жарты ғасыр өткен, екі ұрпақ ауысқан мөлшер. Аз уақыт па? Бірін-бірі жыға танымай қалғандар да бар. Соның ішінде осы жолдардың иесі де бар...
- Оу, сен кімсің?..
- Ілесбекпін ғой...
- Мен де сені шырамытып-ақ, тұрмын, бірақ...
- Өй, мен Сейілханмын ғой... «Мен Бисенбекпін!», «Мен Нағыммын» «Қажымұқан деген мен боламын» «Сен, Әбиірбек емессің бе?..» «Сайынмын, Сақтапбергенмін, Артықбаймын» – деп барып айқара ашылған құшақтар айқасып, жарқын-жарқын шыққан дауыстар жиі-жиі естіліп жатты... Жанарлардан жас көрінген сәттер де болмай қалған жоқ. ҚазМУ ректоры Жансейіт Түймебаев өткізетін ресми кездесуден бір сағат бұрын жиналған біздер осылайша мәре-сәре болдық. ҚазМУ қалашығының алғашқы іргетасы құйылғанына 50 жыл толуына орай, оны әр жылдарда салуға қатысқан азаматтар, Қазақстанның әр қиырынан келгенбіз.
Иә, осыдан тура 50 жыл бұрын қазір иран бақтан аумай қалған жерде алма бағы өсіп тұрды. Біздер қалашықтың алғашқы нысаны биология факультетінің құрылысында жұмысымызды бастағанбыз. Сонда қолымыз қалт еткенде, әлгі алмасы майысып тұрған ағаштардың көлеңкесіне қисая кететінбіз. Ағаштың басына өрмелеудің қажеті жоқ, шыртылдап піскен алма сағасынан өзі үзіліп түсіп, жерде домалап жатады. Алматының атақты апорттары! Жат та, жей бер.
Осыдан 50-49-48 жыл бұрын болашақ ҚазМУ қалашығының ғимараттарынан ең алғаш биология корпусының нысаны бой көтеріп, ректораттың іргетасы құйылатын маңайда айлапат қазан шұңқыр енді-енді қазылып жатқан кез еді. Ал тау жақ бетте бірен-саран жатақханалардың құрылысы басталған. Енді, міне, арада жарты ғасыр өткенде, қалашықта көздің жауын алатын талай сәнді құрылыстар менмұндалайды. Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, Әл-Фараби кітапханасы, жас ғалымдар үйі, журналистика, филология, тарих, заң факультеттерінің ғимараттары, жатақханалары, студенттерге тұрмыстық қызметтердің барлық түрін көрсететін орталық «Керемет» деп аталады, Керемет десе, керемет! Стадион дейсіз бе, бірінен-бірі өтетін сәнді ғимараттар. Бір кездегі 18-20-дағы жігіттер енді бүгін жастары 70-ке қарай кеткен азаматтар, яғни біздер бәрін асықпай айналып жүрміз. Әр ғимаратты көргенде айран-асыр болып, таңғалып келеміз. Барлығы 90 гектар жерге орналасқан шағын қалашықты қапелімде аралап шығу мүмкін емес. Ал әрқайсысының ішіне кіріп, қабаттарына көтеріліп жүрсең, бір күн жетпейді. «Шіркін, біздің КазГУград қандай болған?» - деп таңдайларымызды тақылдатамыз. Көк шүйгіні тізені қаққан маңайды көп айналдық. «Осы жерде қарағайдан салынған 60 орындық барак-жатақханамыз тұрды ғой...» - деймін мен. «Оның қасында бетоннан құйылған би алаңы болып еді ғой...» - дейді Бауыржан Сабырбаев. Иә, Бауыржан дұрыс айтады, сонау бір алыста қалған дариға дәуренде табанымызды қыздырып талай билеген би алаңын жүгіріп келіп іздейік. Қайда, одан бері 50 жыл өтті ғой... Осы Бауыржан «СМУ университетстрой» басқармасының шетімізден кеңірдегіміз қызарғанша сөйлейтін комсомол жиналыстарының бірінде «би алаңын салайық!» деп бастама көтерді (бұл жігіт кейін комсомол, партия органдарында лауазымды қызметтер атқарды. Беріректе Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың көмекшілерінің бірі болды). Ол үшін біздер, комсомолдар сенбіліктерге шығып, қаржы жинадық, құрылыс материалдары мен музыкалық аспаптар алуға. Сөйтіп, бәрін орнына келтірдік. Сенбі сайын би! Университетте оқитын студент арулар ағылды дей-
сің. Құрылысшы комсомолдар оларды қолтықтап, дөңгелене билеп кете барады. Қайран жастық, жасырып қайтеміз, юрфак, истфак, журфактың жігіттері қыздарын қызғанып, арасында шекісіп те қалатынбыз. Бірақ бас жарып, көз шығаруға бармайтынбыз. Анау 60 орындық жатақханада бір жаз, бір қыс тұрғаннан кейін (оған дейін Жандосов пен Жароков көшелерінің қиылысындағы «Дружба» жатақханасында да тұрғанбыз) университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбеков студенттеріне арнап салынған су жаңа жатақханасының бірін бізге, құрылысшыларға тарту етті. Барак-жатақханамыз бен би алаңының ізін іздеп жүрген мені доғарыстағы прокурор Әбиірбек Қонысбаев қағытып жатыр:
- Осы айналада күйек байлаған жас қошқардай, мойнында «ФЭД-3» фотоаппараты салақтап, мына Есенжол шауып жүретін... Комсомол-жастар бригадаларының өмірінен материалдар жинап. Бір күні біз-
дің бригаданың бей-берекет шашылып жатқан құрылыс материалдарының сүгіретін «Комсомольский прожекторға» шығарып қойып, төбемізді ойып еді... Рас айтып тұр. Ол менің республикалық «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі болып, «кемеліме келіп, керторыға мі-
ніп» жүрген шағым ғой өзімше...
* * *
Салтанатты жиын басталғанға дейін келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып жатқан университет қызметкерлері оларға әл-Фараби кітапханасын аралатып көрсетті. Оны аралай жүріп, осы жолдардың авторының есіне сонау бір жылдарда университетке түскенге дейін және одан кейін жиі баратын сол кездегі А. Пушкин атындағы ұлттық кітапхана түсті. Оған бүкіл Алматыда орналасқан оқу орындарының студенттері барады. Кезек деген сұмдық болатын. Енді, міне, ҚазМУ-дың өз алдына кітапханасы бар. Студенттер ешқайда шауып жүрмейді. Бәрі қасында!
Сәлден кейін салтанатты сәт те басталды. Осынау әде-мі қалашықтың қабырғасын қалаған бір кездегі құрылысшыларды Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев өзі келіп құттықтады. Құттықтап тұрып, төгілте сөйлеп, университеттің өмірінен сыр ақтарды:
- Кеңестер одағының кезінде де, бүгінгі заманда да айшықты құрылысымен Орта Азия елдерінде теңдесі жоқ оқу орнына айналған қалашық құрылысында сіздердің еңбектеріңіз зор. Сонау 1972 жылы алғашқы іргетасы құйылып, сол кезде республикалық комсомолдық екпінді құрылыс атанған бұл нысанда сол тұста 18-20 жастағы жалындаған комсомолецтер еңбек етті. Олар сіздер едіңіздер. Бәріңізді ару қала Алматыға армандарыңыз жетектеп келген болатын. Бірің заңгер, бірің журналист, бірің тарихшы, бірің филолог болуды армандап келіпсіздер. Кейін еңбек ете жүріп, көпшілігіңіз өздеріңіз армандаған мамандықтарыңызға оқуға түстіңіздер. Бүгінде университетте жалпы мөлшері 26 мыңға жуық студенттер мен магистранттар оқиды. Оларға 2800-ге жуық білікті оқытушылар дәріс береді. 16 факультет бар. Сегіз ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық, 140-тан астам ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары осы жерде жұмыс істеп тұр. Кітап қоры екі миллион томнан асатын әдеби бірлестіктері мен өз алдына жеке орналасқан кітапхана шәкірттеріміздің сүйікті орны. Университет әлемнің ең ірі деген 418 оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Студентерімізге қызмет көрсетіп жатқан Ыстықкөлде спорттық-сауықтыру лагері бар. Стадионымыз бен 9 спорт залымызда студенттерімізге спортпен айналысуға барлық жағдай туғызылған. Міне, осыдан 50 жыл бұрын алғашқы іргетасын құйған қалашықтарыңыз бүгінде ақарлы-шаһарлы білім ордасына айналды. Жас күндеріңізде маңдай терлеріңіз бен алақан жылуларыңызды арнаған қалашықтарыңызға қош келдіңіздер, сонау 70-жылдардың комсомол-құрылысшылары!
Осылай деп тебірене сөйлеген ректор құрылысқа еңбектері сіңген азаматтарды марапаттауға көшті. Болат Арыстанәлиев, Марат Сейдахметов, Абай Отыншиев, Игорь Гукасов сынды ағаларымыз осы шараға қатысып отыр еді («СМУ университетстрой» құрылыс басқармасын 1974-1977 жылдар аралығында басқарған Манарбек Фазылұлы Дайыров бұл кездесуге денсаулығына байланысты келе алмады). Олар сонау 70-жылдардағы КазГУградты салған комсомол-жастар бригадаларының алғашқы бригадирлері, шеберлері (мастер), учаске басшылары, бас инженерлері. Бүгінде жастары 80-ге қарай маңдай түзесе де әлі тың. Біздерді көргендеріне қуанып, көңілдері аспандап тұрды.
Осындайда айта кеткен жөн. Біз ол жылдарда 18-19-20-дағы жас жігіттер едік. Әрқайсымызды Қазақстанның әр қиырынан арманымыз жетелеп, ару астана Алматыға алып келген. Үйімізден, ата-анамыздан жырақтап, өз еркіміз өзімізде, еркелігіміз кемерінен асып-тасып тұрған шағымыз... Сонда дейміз-ау, бізді осы ағаларымызға Құдай жолықтырғандай! Әрі қарай олар біздің әрі ата-анамыз, әрі тәрбиешіміз болғаны рас. От пен судан, талай пәледен бізді сақтандырып, періштедей қағып қалғандары жасырын емес! Кейін оқуға түсуге жолдамасымен бірге батиқаларын да берген осылар! Осы кездесуде Рысқан (Роман аға дейтінбіз) Бақтығызов ағайдың орны ойсырап-ақ тұрды... Бірер жыл бұрын бақи көшіпті, сол бір тамаша жан... Комсомол штабының бастығы, комсомол ұйымының хатшысы болды. Жастардың көсемі еді. Бірдеңе бүлдіріп қойсақ, қайдан естіп-біліп қоятынын бір Алла біледі. Жанұшырып жетеді, арашаға түседі. Талайымызды талай «пәледен» (өзіміз барып ұрынатын) құтқарып қалғанын жасырып қайтеміз. Жаныңыз жәннатта болсын, Роман аға!
Бұрынғы комсомол-құрылысшылардың бірқатарын марапаттаған ректор Жансейіт Түймебаев, одан әрі қарай осы күнге арнап, өзіміз жазған кітаптың тұсауын кесті. Бүкіл Қазақстанның кітапханаларына таратып жатсақ, аздық ететін кітабымызды тағы да көбейтіп шығарып беруге уәде етті, ректор! Онысына мың да бір рақмет!!! Одан әрі ҚазМУ қалашығының бұрынғы құрылысшы-комсомолдарына арнап, арнайы қонақасы берілді, сол күні. Мәдени шаралар онымен біте қалған жоқ, әрі қарай жалғасты.
Бір-бірімізбен қимай қоштасатын күн де келді. Байтақ Қазақстанның әр түкпіріне,
туған өңірлерімізге аттанып бара жатқан әрқайсымыздың көңілдеріміздің түкпірінде «Шарықтап, шалқып, жайнай бер, КазГУград!» деген періште тілек бірге кетіп бара жатты...
Есенжол Қыстаубаев,
1973-1977 жылдардағы университет қалашығының құрылысына қатысушы,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі