30.10.2023, 11:30
Оқылды: 113

«Шахтаға барма» дегенімізде «балаларды жеткізу оңай дейсің бе?» деп еді. Костенкода қаза болған кенші жайлы естелік

Қарағандының Костенко шахтасында болған жарылыс 46 кеншінің өмірін қиып кетті. Соның бірі – Бұқар жырау ауданы Петровка ауылының тұрғыны, 45 жастағы Берденбек Силамұлы. Ауысым шебері қызметін атқарған оның артында бес баласы, әке-шешесі қалды. Ulysmedia.kz тілшісіне Берденбек Силамұлы жайлы естелікті сыныптасы Олжас Керейхан айтып берді.

Three mine helmets on a shelf. Main focus on center helmet.

 Фото: istockphoto
«Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 20 жыл болған кезде Көкшетауда кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп едік. «Қайтадан Қарағандыдағы шахтаға ауысып жатырмын» деген. Шахтадан жұмыстан кетіп қалса да, «адам жоқ» деп қайта-қайта шақырып алады екен. Бәріміз «шахта деген қауіпті ғой, не қыласың» дегенімізде күліп «балаларды оқытып, жеткізу оңай дейсің бе!? Ауылдағы әке-шешеме көмектесуім керек, інімді жеткізуім керек, шахтаға мәжбүрліктен барып отырмын» деген. «Байқашы» дегенімізде «жоқ, мен шахтаға түспеймін, менің мамандығым инженер ғой, телефонға жауап беріп отырам» деп еді. Ауысым шебері болған», - дейді Олжас Керейхан.

Берденбек Силамұлының отбасы 1992 жылы Моңғолиядан Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Петровка ауылына көшіп келген. Өзі Қарағандыдағы мемлекеттік университетте металлургия факультетін бітірген. Оқуын аяқтай сала шахтаға жұмысқа барған. Жұмысын шахташы болып бастап, соңғы жылдары шахтаның техникалық қауіпсіздік саласына жауапты мамандардың бірі болған.

Марқұмның артында бес баласы, әке-шешесі қалды. Балаларының ең кішісі бір жасқа енді ғана толды. Үлкені он жаста.

«Біздің естуімізше, төрт шақырым жерде жарылыс болған. Берденбектер өлшем жасау үшін шахтаға түскен. Содан жарылыс толқыны қайтадан қайтқанда алдын ала болжам бойынша, желкесінен соққы тиген. Ортақ досымыз денені тануға барған екен. Әке-шешесі есін жия алмай отыр. Ең кіші баласы бір жасқа енді толды. Үлкенінің жасы онға келген», - дейді Олжас Керейхан.

Сыныптас досы Олжас Керейхан Берденбек Силамұлы ермінезді жігіт болғанын еске алады.

«Денелі, нағыз шахташы болатын. Бой десе бой, түр десе түр бар. Еркөңілді, қалтасындағы соңғы тиынына дейтін бере салатын керемет ақкөңіл адам болатын. Отбасының негізгі асыраушысы еді», - дейді досы Олжас Керейхан. Берденбек Силамұлының денесі ертең, 31 қазанда жер қойнына тапсырылады.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні күні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды. Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарды. Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале