21.01.2021, 17:36
Оқылды: 87

Шедевр фильмдер неге аз?..

Көрерменге киноның отансүйгіштік қасиетті дарытып, бойындағы патриотизмді дамытып, рухани серпін беретіні сөзсіз. 1970 жылы көрерменге жол тартқан режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін әлі күнге дейін қайталап көруден жалықпаймыз. Өйткені бұл туынды екі жастың арасындағы ма-хаббатты көрсетумен қатар халқымыздың өмірін, ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бейнелейді.

73A5ADE5-2021-4D3B-8563-9E50511AC5EE

Фильм Жәнібекке  алғаш рет 1971 жылы келгенде 20 шақырым қашықтықтағы біздің ауылдың үлкенді-кішілі тұрғындары «Қыз Жібекті» көру үшін аудан орталығына жаяу-жалпылап сабылғаны әлі есімізде. Осы арада айта кету керек, фильмді Франция елінің жұртшылығы кинотеатрдан көргенде зор әсер алыпты. Тіпті кино біткеннен соң да орындарынан тұрмай, жарты сағат үнсіздікке шомып қалған көрінеді. Кино өнерінің тағылымы деген осы. Сол сияқты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 1963 жылы экранға шыққан «Менің атым Қожа» фильмі де теледидардан аракідік көрсетіле қалса, үлкен де, кіші де қызыға тамашалайды. Себебі туындыда дәл, тура шынайы өмір сипатталған. Экрандағы Қожаны көрермен қазақтың нағыз қарадомалақ баласы ретінде қабылдады. Үлкен де, кіші де жалғандықтан аулақ жатқан оның іс-әрекетіне иланды. Сондай-ақ  қазақ-француз киношеберлері 2005 жылы бірлесіп түсірген «Көшпенділер» фильмі де халқымыздың қиын-қыстау кезеңдерін көрерменге ұсынған тарихи туынды. Фильмде ХVІІ ғасырда қазақ елін бір тудың астына жинап, біріктіріп, әлді, мықты мемлекетке айналуы жөнінде баяндалады. Қазақ хандығының ордасында өмір есігін ашқан кішкентай Мансұр кейін хандықтың іргесін көтеріп, дамытып, Ертіс пен Еділ арасындағы мемлекет құрудың негізін қалады.

Біз атын атап, түсін түстеп, осы үш фильмді айтып отырмыз. Бұлардан басқа 2008-2011 жылдары түсірілген Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала», Сатыбал-ды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильмдерінің де қазақ ки-нематографиясында алатын рөлі зор. Бұл фильмдердің жасқа да, кәріге де берер таным-тағылымы мол. Өзімізбен шамалас көрер-мендермен осындай фильмдердің патриоттық  тәрбие берудегі мән-маңызы, адам өміріндегі алатын орны жайында пікірлесіп, ауызша сауалнама жүргізгенімізде, олардың да басым көпшілігі жоғарыда аталған туындыларды үлгі қылып айтты. Мысалы, Жәнібек ауданының тұрғыны Нұрлан Кәрімғалиев бұдан біраз жыл бұрын теледидарда түрік, корей, қытай сериалдары көрсетілгенде, жастар сол туындылардағы кейіпкерлерді құрметтеп, өз еліміздегі атақты батырлар тыс қалып, өзгенің беймәлім тұлғаларын дәріптеп шыға келгенін сөзіне сүйеніш қылды.

– Осы сериалдар шыққаннан соң, кино саласын басқаратындар мұның идеологиялық қару екенін түсінсе керек, артынша «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» сияқты тарихи туындылар жарық көрді. Рас, «Менің атым Қожа», сондай-ақ 1966 жылы түсірілген Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште», 1984 жылы экранға жол тартқан режиссер Серік Жармұхамедовтың «Өтелмеген парыз» фильмдерін де аға ұрпақ қайталап көруден жалықпайды. Десек те, көрермен тарихи туындыларды көргісі келеді. Дүйім қазақтың тынысы, ата-бабаның бояуы сезілетін фильмдерді іздейді. Бұл арада айтпағымыз, кино арқылы жастарды елжандылыққа баулып, патриоттық рухын көтеріп, ұлттық менталитетін арттыру керек. Мәселен, жастардың көпшілігі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» трилогиясын оқыған болар.

Осы туындыны үгіт-насихаттың пәрменді құралы ретінде толыққанды сериал  етіп түсірсе, нұр үстіне болар еді. Халқымыздың өткен тарихын кино арқылы баяндағанда жоңғарлармен арадағы шайқаспен шектеліп қалмай, кешегі Алаш қайраткерлерінің де ерлігін көрсеткен дұрыс. Мысалы, 2008 жылы түсірілген Саты-балды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» фильмінде Алашорданың белсенді мүшелерінің, соның ішінде Әлихан Бөкейхановтың бейнесі көп дегенде 2-3 минуттық  шағын көріністе ғана қылаң береді. Мұны режиссердің фильм тақырыбынан ауытқымау, оның үстіне М.Шоқай туралы түсірілген туынды болғасын, уақыт үнемдеуді қажет қылған ниетінен туындаған болар деп түсіндік. Сондықтан алдағы уақытта тарихи киноларды кем дегенде алты  бөлімнен тұратын сериал қылып түсірсе деген пікір-ұсынысым бар, – дейді ол.

Айтса айтқандай, қазақ тарихында экрандауға лайық, соғыста ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде еңбектің ерен үлгісін танытқан тұлғалар толып жатыр емес пе?!

Мысалы, алысқа бармай-ақ Жәні-бек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген, шекарашы-комиссар, 1937 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші шақырылымының депутаты, фашистер-мен қиян-кескі шайқаста ерлікпен қаза тапқан Хаби Халиуллинді алайық. Оның балалық, жастық шағы, шекарадағы қызметі, Ұлы Отан соғысындағы батырлығы киноға түсіруге сұранып-ақ тұр. Тек режиссерлер тарапынан ынта-ықылас қажет.

FF75F0A2-1FCD-404F-BCAB-934E9CBC5538

Ресейде отаншылдықты насихаттайтын фильмдерге бюджеттен арнайы қаржы бөлінсе, Францияда шетелдік фильмдерге салынған үстеме салық ұлттық кинематографияның дамуына жұмсалады екен. Ал Киев қаласында әлемдік кинопрокаттағы шетелдік фильмдер тек украин тіліне аударылып көрсетілсе, Өзбекстанда өздерінің тіліндегі фильм-дердің қатары өскен. Олардың кинотетрларында да фильмдер өзбек тілінде қойылады. Қазақ киносының өркендеуіне осындай хал-ахуал, жағдай жасалса, жас жеткіншектер елжандылық, отаншылдық рухта тәрбиеленіп, жігерленбес пе еді?! Алыс шетелдердің мүлдем басқа менталитетін бойына сіңіріп, еліктемес еді. Соңымыздан ерген жастар  Ван Дамм, Стивен Сигал, Арнольд Шварцнеггер, Сильвестер Сталлоне және тағы да басқа айдаладағы «супермендерге» емес, өзіміздің Қобыландыға, Алпамысқа, Ер Тарғынға ұқсағысы келер еді. Өз басым 1990 жылы жазушы Морис Симашконың хикаятының желісімен түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» фильмінің көлемін ұлғайтып, аз дегенде 10 сериялы фильм түсіруге болады деп ойлаймын. Ұлтымыздың  ұлыларын кино тілінде ұлықтай отырып, жастарға отаншылдық рухта тәлім-тәрбие беру мәселесін шешумен бірге «Қыз Жібек» фильміндегі сияқты қазақ даласының таңғажайып табиғатын, ықылым заманнан келе жатқан мәдениетін де танымал етуге мүмкіндік болады.

Кинотеатр демекші, ай сайын қандай фильмдер көрсетіліп жатқанынан хабардар болу мақсатымен кино сайттарды ашып қарағанымызда, ондағы ақпараттардың дені орыс тілінде жазылатынын көрдік. Еліміздегі кинотеатрлардың барлығында да жағдай осы іспеттес. «Қазақфильм» киностудиясы туындыларының көрсетілуі тым сирек. Көбіне шетелдердің фильмдері орыс тілінде қойылады. Мұның өзі кинотеатрлардан қазақ тіліндегі фильмдерді іздесең де таба алмайсың дегенге салды. Бүгінде Орал қаласындағы кинотеатрлардың бәрі де жекешеленіп кеткен, қала берді ойын-сауық орталығына айналған. Сондықтан мұнда  көрсетілетін фильмдерді тамашалаушылардың басым көпшілігі жастар екендігі түсінікті. «Сонда олар қандай киноларды көріп жүр, бұрынғы жауһар және қазіргі озық туындыларымызды тамашалай ма екен?» деген оймен кино-сайттардағы жарнамаларға көз жүгірттік. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары блокбастер атанған режиссер Сергей Герасимовтың «Любит человека», Владимир Мотыльдің «Белое солнце пустыни», Василий Шукшиннің «Калина красная», Владимир Роговойдың «Офицеры», Станислав Ростоцкийдің «А зори здесь тихие», Эмиль Лотянудың «Мой ласковый и нежный зверь» және тағы да басқа толып жатқан аты да, заты да ұнамды кеңестік шедевр туындыларын көріп өстік. Осындай фильмдерді тамашалап үйренген үлкендерге «Паранормальное явление: Метка Дьявола», «Мой парень псих», «Риддик» тәрізді атауы кісі үркітерлік фильмдерді көрудің өзі үрей тудыратындай. Мысалы, алғашқы фильмде Джесси атты жас қыз адамдармен сөйлесудің орнына жындармен ортақ әңгімеге келіп, көздеген мақсатыма жетемін деген  қиялға беріледі. Ал соңғы кинода бас кейіпкер біздің өңіміз түгілі, түсімізге де енбеген атыс-шабыс, қантөгіске толы жерде өмір сүреді. Ешқандай мән-мағынасы жоқ осындай фильмдерді қандай мақсатпен түсіргенін басқаны қайдам, жасымыз 60-тан асқан біз түсіне алмадық. Не істерсің енді, осындай фильмдерді жастар  көріп  жүр.

– Орал қаласында Гагарин атындағы кинотеатрдан басқа жұртшылыққа кино көрсететін орын жоқ. Қаладағы бұрындары болған кинотеатрлардың барлығы да жекенің қолында. Жеке кино қоятын орындар фильмдердің тәрбиелік, танымдық жағына көңіл бөлмейді. Оларға қалайда ақша түсіретін кассалық фильмдер керек. Тыйым салуға құқымыз жоқ, бізге бағынбайды. Кинопрокатты  бақылайтын орган керек.

Осылардың бәрін реттеп отыру үшін заң керек. Гагарин кинотеатрында бұрынғы және қазіргі шыққан «Қазақфильмнің» туындылары, мультфильмдер мен деректі фильмдер көрсетіледі. «Қазақфильм» киностудиясымен арада меморандум болғандықтан, аталған кинотеатрда көрсетілетін тәрбиелік мәні бар отандық шедевр туындыларды солардан аламыз. Алдағы уақытта кино түсірумен айналысатын қаладағы әуесқой жастардың басын қосып, кино клуб ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Жайықфильмфест» деген атаумен кинофестиваль өткізгіміз келеді. Онда қысқа метражды фильмдер көрсетілмек. Мұндағы көздеген мақсат – кино түсіру өнерін дамыту. Өңірімізде кино, клип түсірумен айналысып жүрген жастар бар.

Облысымызда бұл өнер түрлері дамымаған. Мультфильм жанрын да дамытқымыз келеді. Балалар мен жасөспірімдерді өзіңіз айтқан өзінен де, атауынан да адам қорқатын шетелдік фильмдерден аулақтату мақсатында Гагарин атындағы кинотеатрдың жанынан үйірме ашпақ ойымыз бар. Кино туралы заңға сай кинотеатрларда орыс немесе ағылшын тілдерінде қойылатын фильмдердің астында қазақша титр болу керек. Былтыр «Қыз Жібек» фильмінің экранға жол тартқанына 50 жыл толуына байланысты «Қазақ махаббатының адал үлгісі» атты конкурс ұйымдастырдық. Алдағы жаз айларында ашық аспан астында жастарға арналған мазмұнды, рухани және мәдени тәрбие беретін фильмдерді көрсету қолға алынбақ. Басты мақсат – ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Жастардың патриоттық рухын арт-тырып, ана тілін, салт-дәстүрін, ділін қадірлеп, қастерлеуге  ық-пал ету, – дейді Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайыр-лиев бізбен әңгімесінде.

Кино – мәдениеттің  маңызды салаларының бірі. Шедевр фильм дүниеге келіп жатса, экранға шыққан бойда миллиондаған адамдар көріп, сүйсінеді. Мұның өзі соншама көрерменге ой салып, өмірдегі өзекті мәселелерді талдатады, содан белгілі қорытынды жасатады деген сөз. Киноның тәрбиелік-танымдық рөлі деген осы емес пе?!

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Гүлсім Қадешева,

мәдениет саласының ардагері  (Орал қаласы):

– Жастармен бірге отырып кино көруден қалып барамыз. Анайы көрініс көп. Бұған үзілді-кесілді қарсымын. Америкада тұрпайылыққа, атыс-шабысқа, қантөгіске толы фильмдер көптеп түсіріледі, бірақ ондай туындылар өздерінің телеарналарынан көрсетілмейтін көрінеді. Мұндай фильмдерді олар тек басқа елдерге сатып, кіріс келтіру үшін түсіреді. Сөйтіп, олар өзгелерді жат идеологиямен улағанмен, өз жұртының бөтен, дағдыдан тыс әрекеттерден аулақ болуына күш-жігерін салады екен. Өз басым өзбек фильмдеріне сүйсінемін, өйткені олардан ұлттық құндылық еседі. Жүріс-тұрыстары мен киген киімдерінде үйлесімділік бар, отбасында бір-бірімен «сіз» деп сөйлескендері көңілге жылылық тудырады. Сол сияқты кәрістің фильмдерін көргенде сол елдің тарихына, шежіресіне қанық боласың. Біздің елімізде де тарихи киноға желі болатын тұлғалар көп. Солар туралы көркемфильмдер түсіріп, өзімізді таныстырмасақ, өзгелер қандай халық екенімізді, ұлттық ерекшелігімізді білмейді ғой.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале