10.08.2023, 10:45
Оқылды: 60

Әке жолын қуған ұл

13 тамыз – Құрылысшылар күні

Құрылысшылар – ауыл мен қаланың көркеюіне, өркендеуіне айрықша үлес қосатын мамандық иелері. Олар түрлі  ғимараттар салып, тарихта өз қолтаңбасын қалдыруда. Осындай игі істің басы-қасында жүрген азаматтың бірі – Нұрлан Қуанғалиев.

e14c18d9-c4f4-4bbe-b41b-3e0b987f4003

Елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Нұрлан Ақылбекұлы (суретте) осындай маңызды салада отыз жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол 1967 жылы Жаңақала ауданының «Красногор» (қазіргі Қызылоба) совхозында дүние есігін ашқан. Онжылдық мектепті тәмамдаған соң Шымкент қаласындағы  Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдайды. Нұрлан Ақылбекұлы алғашқы еңбек жолын 1993 жылы Оралдағы «Землячка» зауытында бастайды. Онда өндірістік-техникалық бөлімде инженер, құрылыс цехының басшысы болып бес жылдай еңбек етеді. Одан соң «Росфонд»  компаниясында банк ісі бойынша қызмет атқарған. Ал 2002 жылы өңірдегі ірі құрылыс компанияларының бірі – «Альтаир» ЖШС-на жұмысқа орналасады.

– Менің құрылысшы болмауым мүмкін де емес еді. Себебі әкем Ақылбек Қуанғалиұлы өмір бойы осы салада еңбек етті. Красногор, Пятимар ауылдарында құрылысшы, прораб болды. Әлі есімде, кеңестік кезеңде социалис-тік жарыс жеңімпаздарына ауыспалы Қызыл ту тігілетін. Сол кезде әкем аудан, облыс көлемінде үздік еңбегімен ерекшеленіп, осы марапатқа ие болып жүретін. Үйде «Архитектура ССР» деген журнал, құрылысқа қатысты басқа да басылымдар көп болды. Бұлар да менің осы салаға деген қызығушылығымды арттырған болса керек. Бір жылдары мен құрылысқа қатысы жоқ қызметке орналастым. Алайда әкем ол жұмысымды құптай қоймаған еді. 2002-2003 жылдары өңірдегі құрылыстың қарқыны төмендеді. Талай білікті маман базарда арба сүйреп, сауда-саттықпен айналысып кетті. Сол кезде әкемнің: «Құрылыс саласының осылай тоқтап қалуы мүмкін емес. Алдағы уақытта тұрғын үйлер, мектеп пен балабақшалар салынып, құрылыс қанат жаяды», – дегені есімде. Айтқандай-ақ, 2004-2005 жылдары қалада ипотекалық үйлердің, кейін мектептердің құрылысы басталды. Өзінің салып берген сара жолына түскен ұлын көріп, әкем қатты қуанған еді, – деп өткен шақты жылы жымиып есіне алды «Альтаир» ЖШС-ның директоры Нұрлан Ақылбекұлы.

Құрылысшының жары Гүлнұр Оразқызы мәдениет саласында қызмет етеді. Қазақ халық аспаптар оркестрінің жетекшісі. Олар Шымкентте институтта оқып жүргенде танысып, шаңырақ көтерген. Бүгінде – бақытты әке-ана, сүйікті ата-әже. Бір-бір үйдің келіні атанған қос қызынан екі жиен сүйіп отыр. Ал ұлы Әли 15 жаста. «Ұлым мен сияқты әке жолын қуа ма, жоқ па, білмеймін. Қазір физика-математика бағытында оқып жүр. «Қандай мамандықты таңдасаң да, ең бастысы, адам бол, ешкімге қиянат жасама, алдама» деймін. Ерінбей еңбек ету керектігін үнемі айтамын. Себебі еңбекқор адам көштен қалмайды», – деді Нұрлан ағай.

Облыста Нұрлан Ақылбекұлының жауапкершілігімен салынған алғашқы үлкен ғимарат – Казталов ауданына қарасты Әжібай ауылындағы 2004 жылы іргетасы қаланған 300 орындық мектеп.

Сондай-ақ 2007 жылы Жаңақаладағы 300 орындық мектептің, 2008-2009 жылдары Жаңақала ауданындағы сауықтыру орталығының, 2009-2010 жылдары Қаратөбедегі 100 орындық интернаты бар 300 балаға арналған мектеп-гимназияның құрылысына тікелей жауапты болған.

Ал  2010 жылдан бастап Орал қаласында Нұрлан Қуанғалиевтің қадағалауымен әдемі ғимараттар бой көтерген. Олардың қатарында сәні келіскен Салтанат сарайы, Оқушылар және жастар сарайы, «Атамекен» өнер ордасы және бірнеше мектеп бар (осы құрылыс жобаларының мердігері – «Альтаир» ЖШС). Өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беріп, құрылыс индустриясын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген жан бұл саладағы мәселелермен жіті таныс.

курылысшылар күні

– Қазір, шыны керек, жаңадан салынған құрылыс нысандарына қатысты сын көп. Соңғы жылдары жобалау-сметалық құжаттар (ЖСҚ) сапасының төмендеп кеткені өзекті мәселе болып отыр. Бұрын 5 қабатқа дейінгі нысандардың ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өтетін еді. Қазір мұндай ғимараттардың жобасын жеке компаниялар сараптамадан өткізетін болды. Мұндай нысандардың қатарында шағын спорт мектептері, жылу қазандықтары, 100 орындық мектептер бар. Жалпы ЖСҚ-ны сараптамадан өткізетін жеке мекемелер көбейді. Жаңадан құрылған осындай   компаниялардағы мамандардың тәжірибесі аз болуы мүмкін. Сондықтан бұның да  құрылыстың сапасына кері әсер етуі ғажап емес. Себебі ЖСҚ – салынатын құрылыстың жоспары. Яғни жоспар нақты әрі сапалы болса, алдағы жұмыс та сәтті аяқталады. Десе де нарықта бәсекелестіктің де болғаны жөн. Әрине, ірі компаниялардың жұмысында да кемшіліктердің кездесетіні жасырын емес, – дейді құрылысшы.

Нұрлан Ақылбекұлының айтуынша, соңғы 3-4 жылда құрылыс материалдарының бағасы күрт қымбаттап кеткен.  Алайда құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттағы (смета) баға айтарлықтай көтерілмеген. Мәселен, сметада бір құрылыс материалының бағасы 10 000 теңге болса, нарықтағы құны – 20 000 теңге. Сауда орындарында құны 12 000-15 000 теңге, бірақ сапасы төмендеу материалдар да бар. Осындай кезде компанияларға қалтасы көтеретін арзандау жабдықтарды алуға тура келеді. «Сметада бір текше метр тас қалаудың құны – әлі күнге шейін шамамен 7-8 мың теңге. Қазір «Альтаир» ЖШС мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік оңалту орталығын салып жатыр. Біз бір текше метрді 17 000 теңгеден бағаладық. Себебі сметадағы бағаға келісетін құрылыс бригадасын табу қиын. Сондай-ақ сметада бір есікті орнату 500-600 теңге тұрады. Ал қазір бұл қызметке мамандар 5000-10 000 теңге сұрайды. Өзге облыстарда да осындай жағдай. Айта кететін тағы бір өзекті мәселе бар. Оралдағы Зашаған кентінде орналасқан «Алтын Алма Строй» қызыл кірпіш зауытының жабылайын деп жатқанын естідік. Шыны керек, бұл біздің компанияға теріс әсер етпек. Себебі соңғы бір-екі жылдан бері қызыл кірпішті сол зауыттан алып келеміз. Кірпіштің сапасы жоғары әрі бағасы да тиімді еді. Осындай аз болса да, саз  компанияларға үкімет тарапынан қолдау көрсетілу керек деп ойлаймын. Егер сапалы әрі бағасы арзан материалдар Оралда шығатын болса, құрылысшылар керек тауарды өзге өңірден, басқа елден әкелмес еді. Мәселен, линолеум, есіктер, есіктің құлыптары, лифті біздің шаһарда ғана емес, Қазақстанда шығарылмайды», – дейді Нұрлан Қуанғалиев.

 Кейде өңірдегі кейбір нысандардың құрылысы аяқталмай, тұралап қалатыны жасырын емес. «Альтаир» ЖШС директорының айтуынша, оларды салатын мердігерлердің көпшілігі – басқа облыстардан келген компаниялар. Жобалаушы және техникалық бақылаушы компаниялардың да көбі өзге өңірдікі. Мысалы, шымкенттік кәсіпкер басқа облыстардағы тендерге қатыса береді. Жергілікті мамандарды, техникаларды жалдайды, бірақ салықты өзінің облысына төлейді. Осылайша тәжірибе жинайды. Құрылыстың қыр-сырына қанық Нұрлан Ақылбекұлы кадр тапшылығын да тілге тиек етті. Қазір экскаватор, кран секілді арнайы техникаларды жүргізетіндердің жалақысы кем дегенде 300 000 теңге болуы керек. Одан басқа олардың жұмысқа орналасқысы келмейді. Соңғы жылдары тас қалаушылар мүлде тапшы. Тіпті жай жұмысшылардың өзін табу қиын. Смета жасайтын мамандар жоқ.

– «Альтаир» ЖШС-ын құрып, компанияны басқарған Александр Потиченко менің қарым-қабілетімді бағалап, еңбек сатысымен жоғарылатып отырды. Білікті басшының тәжірибесін үйреніп, кәсіби шеберлігінен үлгі алдым. Құрылыста қандай да бір жетістікке жетсем, сол кісінің үлесі зор деп білемін. Бүгінде «Альтаир» өңірдегі санаулы ірі құрылыс компанияларының сапында тұр. Заман көшіне ілесіп, дамып келеді. Халықтың біздің компанияға деген сенімі зор. Ал біз, құрылысшылар, олардың сенімін ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді құрылысшы Нұрлан Ақылбекұлы.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале