17.08.2021, 10:12
Оқылды: 74

Шекара шебін күзеткендер

18 тамыз – құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде, өзен-көлдерде ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шекарашылардың кәсіби мерекесі. Оңтүстік кореялық кинорежиссер Ким Ки Дуктың шекара бұзған тыңшыны қолға түсіруді қатты армандайтын капрал туралы түсірілген «Жағалаудағы қауіпсіздік» фильмін көрсеңіз, бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқаныңызды түсінесіз. Картина екіге бөлінген елдің саяси жағдайынан хабардар етеді. Батыл Кан Сан Бенн жан қалауының қалай жауыздыққа айналып кеткенін байқамай қалады. Нәтижесінде жазықсыз жандар жапа шегеді. Ал Әнуар Матжановтың «Шекара шебінде» сериалы Қазақстан шекарашыларының байыпты, байсалды екенін көрсетеді. 

шекарашы

Келеңсіздіктерге жол бермейтін қырағы жауынгерлер – тасадан тас атқандардан қорғайтын қалқанымыз. Олар құрлықтағы шекарасының жалпы ұзақтығы 13 402 шақырым, су шекарасы 1730 шақырымды құрайтын мемлекет халқының алаңсыз өмір сүруі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей тер төгеді. Бұл қызметтің қызығы мен шыжығы һәм қиындықтары туралы шекара шебін күзеткендер ғана әңгімелей алады.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 1995 жылы 7 шілдеде құрылды. Дәл осы күні ҚР Үкіметінің №1170 қаулысымен «Орал» шекара бақылауының авиациялық бөлімі жұмысын бастады. ҚР ҰҚК төрағасының сол жылғы 10 қазандағы №50 бұйрығымен 2029 әскери бөлімі ашылды. Шекара қызметінің міндеттері бекітіліп, шекара қауіпсіздігін сақтау, есірткі және одан да басқа тыйым салынған заттардың шекарадан өтіп кетпеуін қатаң бақылау алға қойылды.

Қазіргі таңда шекара қызметіне жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Әскери қызметке кәмелеттік жасқа толған, жоғары немесе орта білімі бар, отбасы жағдайы қалыпты, өзі және жақын туыстары бұрын сотталмаған жастар құжаттарын тапсырып, әскери медициналық тексерістен өткен жағдайда жұмысқа қабылданады. Шекара қызметіне шақырылатын жастарға қойылатын талап осындай.

Әскери қызметкерлер тұрғын үймен, орташа есеппен санағанда 31 300 теңге (аймағына байланысты) тұрғын үй төлемімен қамтамасыз етіледі. Жауынгерлік кезекшілікте, нарядта тұрғанда, әскери-медициналық мекемелерде емделу кезінде тегін тамақ және қызмет барысында салтанатты іс-шаралар мен далаға киюге арналған киімдер беріледі. Жұмысын мінсіз орындап, табандылығымен, батылдығымен көзге түскен қызметкерлердің саны аз емес. Олар департамент басшылығы және мемлекет тарапынан «Мадақтама хаттарымен», сыйақымен марапатталады.

Ал Орал қалалық қорғаныс істері басқармасы Отан алдындағы борышын өтеуге құлшынған жастарды жинап, жыл сайын 70-ке жуық сарбазды шекара бөлімшелеріне жібереді. Ағайыннан алыстап,  жыл бойы ел тыныштығын күзеткен біздің өңірдің жігіттерін көргенде іштей разы боласың. Шекараға жіберілген сарбаздар 6 ай борышын өтегеннен кейін келісімшарт бойынша жұмысқа орналаса алады. Шекара күзеткендердің ерекшелігі бірнеше жерде борышын өтейді. Яғни 3 ай Алматы облысында болса, келесіде Шығыс Қазақстанға барды. Қалған уақытта Маңғыстау өңіріне жолдануы мүмкін. Әр жасақтың өз заставасы болады. Қазақстанда 800-ден астам застава бар.

Шекара бөлімшелерінің қызметкерлері Батыс Қазақстан облысынан барған сарбаздарға дән риза. Жастар қырағылығымен көзге түсіп, борышын абыроймен өтеп жүр. Басты жетістіктері де сол. Шекара шебіндегі қызықты оқиғаларды, білген-түйгендерін ұзақ әңгімелейді. Солардың бірі – Казталов ауданы, Жас ауылының тумасы, қазіргі таңда Оралдағы Жастар мәдениет үйінде қызмет атқарып жүрген Сабыр­жан Рысқалиев. Ол Қытай шекарасына жақын аймақта борышын өтеген (Қазақстан Қытаймен 1782 шақырым шамасында шектеседі). Әскердегі алғашқы үш айы Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы шекара жасағының 2086 әскери бөлімінде өткен. Ең бірінші күні киім-кешек беріліп, әскердің не екені түсіндіріліп жатқанда дабыл соғылған. Дабыл үш бірдей Қытай азаматының шекараны бұзып өткенін хабарлау мақсатында соғылған. Сол сәтте қызметкерлердің барлығы жиналып, шекараға қарай аттанған. Шекараны көрген бойда Қазақстан картасын елестетіпті. Өзі Өскемен аймағында. Ата-анасы, үйі, туыстары Орал жақта. Сөйтіп, келе сала әскери қызметке араласып кетеді. Бәрін ой елегінен өткізіп, ненің не екенін дұрыс түсіне алмай, дағдарып, біраз тұрып қалған екен. «Қайда келіп қалдым?» деген сұрақ санасын шырмап алыпты. Жалғыз өзі ғана емес, жанындағы жігіттер де ойға шомып кетіпті. Осы оқиға есінде қалып қойыпты.

Әскердегі әрбір секунд қызық деп есептейді. Себебі мұндай жауапкершілікті талап ете­тін қызметте бір минут, тіпті бір секунд кешігуге болмайды. Сондықтан да олар кез келген нәрсеге дайын жүрген. Қаруды сайлап, рацияны қолынан тастамапты. Күзетілетін аймақты сарбаздарға бөліп береді. 10-15 минут сайын бір-біріне хабарласып, мән-жайды сұрап отырады. Үш айдан соң Бейнеу шекара жасағының 2087 әскери бөліміне келген. Сол маңдағы «Ақжігіт» шекара бөлімшесінде ұмытылмас күндері қалған. «Әскер көп нәрсені үйретеді. Ата-ананың, туыстың, достың, туған жердің қадірін ұғасың. Отан алдындағы борышыңды өтегеннен кейін кеудені мақтаныш кернеп, өз-өзіңе риза боласың. Түсіндіруге келмейтін керемет бір күй кешесің», - дейді шекара шебін күзеткен Сабыржан.

Ал Жаңақала өңірінің тумасы Дамир Бақтыгереев құрлықты да, теңізді де күзеткен. Үш ай Ақтауда болған. Жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, теңізшілерді дайындайтын 2201 «а» бөлімшесінде борышын өтеген. Оралдан екі жігіт барған. Кемеге мінген, теңізді көрген. 111 адамның арасынан таңдалған 4 сарбаздың қатарынан табылып, Алматы облысындағы Шонжы шекара жасағына барған. Іле өзені бойында борышын өтеген. Жасақта бір мыңға жуық сарбаз болған. А. Омовко заставасында жарты жыл уақытын өткізген. Қызықты оқиғалары көп-ақ. Бірде түнгі 2 мен 3-тің арасында қалың ұйқының құшағында жатқан сарбаздар «Застава, тревога!»
деген дауыстан оянып кетіп ұйқылы-ояу жанталасып жүріп киініп, бірқатарға тізіле қалыпты. Кезекші ештеңе түсінбестен: «Неге тұрдыңдар, қазір ұйықтайтын уақыт емес пе?», - депті. Сарбаздар жаңа ғана біреудің айқайлағанын естігенін айтса, «ешқандай дабыл соғылған жоқ, жатыңдар» деп кетіп қалыпты. Сарбаздар аң-таң күйде бөлмеге оралса, бір сарбаз әлі ұйықтап жатыр екен. Бүкіл әскер тәтті ұйқысын бұзып, шапқылап жүргенде жалғыз өзі жайлы төсектен ұзамапты және арасында ұйқысырап, «Застава, тревога!» деп айқайлайтын көрінеді.

Бір күні төбеге шығып, Қытай жаққа қараса, 300-ге жуық қытай сауыт киіп, аттың үстінде қылыштасып жүр екен. Ештеңе түсінбесе де, дереу жауапты адамдарға хабарлауға шешім қабылдапты. Офицерге не көріп тұрғанын баяндапты. Ол жас жігіттің сөзіне күмәнмен қарап, сенімсіздік танытыпты. Сөйтсе, қытайлар қазақ жерінің әсем табиғатын пайдаланып, тарихи фильм түсіріп жатыр екен.

Өте қатал командирдің темекіні тығылып тартқан сарбазға 1 метр жер қаздырып, темекінің тұқылын көмдіргені, оған бүкіл сарбаздың қарап тұрғаны да қызық.

Шонжы бөлімшесінің 2534 жасағындағы сарбаздар түнде кабельдерді ұрлауға бекінген үш жігітті көріп қалыпты. Көп кешікпей үш жігіттің біреуін ұстаған, қалған екеуі өздері келіпті. Табандылығының арқасында Дамир мыңның  ішінен таңдалған 10 сарбаздың арасынан табылып, «Аға матрос» шеніне қол жеткізді. Осындай адамның өз-өзіне деген сенімін күшейтіп, жауапкершілігін арттыратын оқиғаларымен, қуанышты шақтарымен әскер сарбаз санасында мәңгі қалады.

– Адам әскерге психология­лық тұрғыда дайындалып, қан­дай қиындық болса да, төземін деп бару керек. Дұрыс тамақтануды, адам тануды үйренесің. Өзгенің қателіктерінен сабақ аласың. Уақыттың, денсаулықтың қадірін түсінесің. Менің әкем де, атам да Украинада «теңізші» болған. Атам 5 жыл, әкем 3 жыл, мен 1 жыл әскерде жүрдім.Әулетімізбен шекарашы болғанымызды мақтан тұтамын, - дейді Дамир Бақтыгереев.

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале