РФ Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Никитин бастаған делегация Орал қаласына келді. Делегация құрамында көрші елдің сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелері, жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері мен ЖОО ректорлары болды. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен келешегін талқылады.
Шекаралас елден келген қонақтармен кездесуге облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық етті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел өңірлерінің арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстың маңыздылығына ерекше назар аударғанын атап өтті.
– Қазақстан үшін Ресей – маңызды қызмет салаларындағы стратегиялық серіктес. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік пен өзара сыйластық қағидаттарына негізделген тарихи достық байланыстырады. Бұған біздің мемлекеттің басшылары жоғары деңгейдегі кездесулерінде баса назар аударып келеді. Батыс Қазақстан облысы елдің «батыс қақпасы» саналады. Осыған байланысты биыл өңірде мемлекет басшыларының қатысуымен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған Ресей-Қазақстан форумын өткізу туралы шешім қабылданды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 700 млн АҚШ долларынан асты, оның ішінде 37,1 млн АҚШ доллары Саратов облысына тиесілі. Екіжақты ынтымақтастық машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа салаларда тұрақты дамып келеді. Тек соңғы үш жылда облыста бөлшек және көтерме саудамен айналысатын ресейлік капиталдың қатысуымен 740-тан астам бірлескен кәсіпорын тіркелді. Агроөнеркәсіптік кешен белсенді дамып келеді. Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 114 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөлінді. Тек 2025 жылдың алғашқы екі айында бұл салаға шамамен 400 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Батысқазақстандық ғалымдар ресейлік әріптестерімен ауыл шаруашылығы және ғылым саласы бойынша жобалар арқылы тығыз ынтымақтастық орнатты. Мысалы,Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының ғалымдары Н. Тулайков атындағы Самара ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және П. Константинов атындағы Поволжье селекция және тұқым шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істейді, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы. Әкім шекаралас облыспен білім мен медицина бағытына қатысты қарым-қатынас жайы туралы баяндады. Н. Төреғалиев жоғары білікті мамандар даярлауда Саратов облысының жетекші университеттерімен әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді. Ол халықаралық ынтымақтастық аясында батысқазақстандық ғалымдардың Саратов облысының жоғары оқу орындарымен бірлесіп ауыл шаруашылығы, халықаралық құқық, медицина салаларында жобаларды жүзеге асырып, магистранттар мен аспиранттарды тағылымдамадан өткізіп, оқытатынын атап өтті. Мәселен, кардиохирургия, көз микрохирургиясы, травматология және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында Самара мемлекеттік медицина университеті оқытушыларының қатысуымен семинарлар өткізілуде. Сондай-ақ Ресейдің жетекші медициналық университеттерімен арада ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Өңір басшысы сонымен қатар екі ел арасында тығыз мәдени байланыс орнағанын да атап өтті. Бұдан соң келген қонақтарға сөз берілді.
РФ Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Никитин екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты. Қазақстанның сауда-экономикалық және өнеркәсіп секторында алар орны ерекше деп атап өтті. «Соңғы бір жылда облысымыздың Қазақстан Республикасымен сыртқы сауда айналымы 6%-ға өсті. Қазақстан облысымыздағы сыртқы сауданың жалпы көлемі бойынша бесінші орында тұр. Облыста 26 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Кәсіпорындар құрылыс материалдарын өндірумен және саудамен айналысады. Батыс Қазақстан облысы біз үшін жақсы көрші ғана емес, сонымен қатар маңызды серіктес», – деді Алексей Иванович. Сонымен бірге облыс әкімін Саратовқа шақырған ол сол өңірдегі ірі агроөнеркәсіптік көтерме-логистикалық кешеннің алаңында агропарк және батысқазақстандық тауар өндірушілерінің көрмесі мен саудасын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл үшін саратовтықтар 100-ден астам жаңа павильон, 150-ге жуық жүк көлігіне арналған коммерциялық тұрақ, сондай-ақ өнімдерді сақтайтын қоймалар мен ангарларды уақытша пайдалануға тегін беруге дайын деді.
Кездесуде Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев айтып өткендей, қос елдің жоғары оқу орындары ынтымақтастығының тарихы терең. Бүгінде өзара әріптестік заман талабына сай нығайып келеді.
– Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ Еуропа, Азия, Америка және ТМД елдеріндегі TOP-500 QS құрамына кіретін шетелдік серіктес университеттермен 100-ден астам келісім негізінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады. Олардың ішінде Рединг университеті (Лондон, Ұлыбритания), Йоханнес Гутенберг университеті (Германия), Шығыс университеті (Неаполь, Италия), Джордж Вашингтон университеті мен Ратгерс университетін (АҚШ) айта кеткен жөн. Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының қатарында М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік психологиялық-педагогикалық университеті, П. Лесгафт атындағы ұлттық мемлекеттік университет және басқалары бар.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Ресейдің студенттері мен оқытушыларына серіктес университеттерде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін алмасу бағдарламаларының саны артты. Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ресейдің Білім министрлігі арасындағы келісімдер аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар ғылыми байланысты нығайтуға және кадрларды даярлау деңгейін арттыруға ықпал етеді. Осылайша, соңғы үш жылда БҚУ-дың 100-ден астам студенті мен аспиранты, сондай-ақ 30-дан астам оқытушысы академиялық бағдарламалар бойынша ресейлік серіктес ЖОО-да тағылымдамадан өтті. БҚУ магистранттарына арналған шетелдік ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов, Астрахан, Орынбор, Самара және басқа қалалардағы ресейлік серіктес оқу орындарында дамып келеді. 2023 жылдан бастап Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетімен бірге «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша екінші қос дипломдық магистратурада оқытылуда. Биылғы маусым айында алғашқы магистранттар оқу бітіреді. Айта кету керек, бұл университетте қос дипломдық бағдарлама бойынша Қазақстан азаматтарымен қоса, Ресей азаматтары да оқиды, – деді ректор Нұрлан Хабибуллаұлы.
Кездесу барысында сондай-ақ «СНАБГАЗКОМ» ЖШС бас директоры Владимир Пашкев, «Столыпин индустриалды паркінің» директоры Алексей Лихачев, Н. Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университетінің ректоры Дмитрий Соловьев сөйледі. Шекаралас аймақтардың өкілдері Қазақстан мен Ресейдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастығының әлеуеті зор екеніне екпін түсірді. Олар ғылым, білім және инновация саласындағы серіктестік екі елдің еңбек нарығына жоғары білікті кадрларды даярлауға ғана емес, жалпы екіжақты қарым-қатынасты нығайта түсуге де мүмкіндік береді деді. Кездесуді қорытындылаған Нариман Төреғалиұлы: «Батыс Қазақстан облысы үшін Саратов – негізгі серіктестің бірі. Бүгін біз ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын жанжақты талқылап, оны тереңдету мәселелері бойынша пікір алмастық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, саратовтық әріптестерді биыл күзде Батыс Қазақстан облысында өтетін Қазақстан-Ресей форумына шақырамын», – деді. Ресейлік тарап та екі жақты байланыстарды белсенді дамытуға және нығайтуға дайын екенін білдірді. Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен В. Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университеті арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»