Ел тыныштығын кірпік қақпай күзететін шекарашылардың сенімді серігі қызметтік иттер екені даусыз. Шекарашылар күні қарсаңында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі БҚО бойынша департаментінің түрлі бөлімшесінде қызмет ететін кинолог мамандармен кездесудің сәті түсті. Осылайша, олардың төрт аяқты серіктерімен де таныстық.
Жаттығу алаңында түрлі кедергіден өтіп, доппен ойнап жүрген иттердің қылығы қызық. Иелері қандай бұйрық айтса, қалт жібермей орындайды. Тілалғыш. Қастарына келген бөтен адамға назар да аудармайды. Себебі кинологтың ымишарасынсыз оғаш әрекет жасамайды. Олардың тұқымы мен тұрқы бөлек болса да, міндеті бір – қауіпсіздікті сақтау. Иттердің осындай мемлекеттік маңызды қызметте жүргенін көргенде, құрметің де арта түседі.

Болатбек Қайдаров (суретте) – ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша департаменті Шыңғырлау бақылау-өткізу бекетінде аға нұсқаушы, кинолог. Ал сенімді серігі – «Файрух» жүк және жолаушылар пойызында есірткі және өзге де тыйым салынған заттарды іздейді.

– Алматыдағы кинология орталығында оқып келдім. Орталықта кинологтарға 4-6 айға толған күшіктерді береді. Сол жерде итпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Сәйкесінше, ит те бізге үйреніседі. «Файрух» тамыздың 10-ында үш жасқа толды. Өзіме қызметім ұнайды. Кинолог – қызық та қиын мамандық. Себебі иттің қылықтары қызық болғанмен, кейде ауырып қалады, жұмысқа зауқы соқпауы мүмкін. Сондай кезде «тілін» таба білу керек. Бұлар да кішкентай бала секілді. Әрдайым ойнағысы келеді. Кинолог болу үшін итті жақсы көру қажет. Себебі олардың жан-дүниесін, табиғатын түсінбесе, бірге жұмыс істеу қиын, – деді Болатбек Базарбайұлы. «Файрух» жуырда ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша департаментінде өткен қызметтік иттердің жарысына қатысқан. Есірткі заттарды іздеу, кедергілерден өту секілді жарыста бірінші орын алыпты.

БҚО бойынша департаменттің Ақсай шекара бекетінің аға нұсқаушысы, кіші сержант Ерген Болатовтың (суретте) лақап аты «Тимбо» деген қызметтік иті былтыр шекара белдеуінен заңсыз кесіп өтпек болған адамдарды ұстаған. Ерген Ерғалиұлының айтуынша, «Бельгия овчаркасының» қызмет етіп жүргеніне 4 жыл болған.
– Бөлімшедегі кинологтардың жұмысын көргенде қызығушылығым оянып, осы мамандыққа бет бұрдым. Кинология орталығында оқып, 2022 жылы осы итті өзіммен бірге алып келдім. Итті үйрету, қызметке баулу сәбиді тәрбиелегенмен бірдей десем, артық айтқаным емес. Себебі итті де алдап, еркелетеміз. Күтіп-баптап, тамағын береміз. Мұндай кезде ынта-ықылас, сабыр мен шыдамдылық та аса қажет. «Тимбо» шапшаң әрі айтқан тапсырманы тез ұғады. Иісті өте жақсы сезеді. Шекара қызметінде иттің рөлі орасан зор. Иіс сезу қасиеті өте жоғары болғандықтан, адам таба алмаған заттарды табады. Олар 500 мың түрлі иісті ажырата алады, – деді кинолог.

Ал Жайық шекара бақылау бөлімшесінің кіші сержанты, аға нұсқаушы Мержан Тілестің (суретте) төрт аяқты досының лақап аты – «Тира». Ол жүк және жолаушы пойыздарында жарылғыш заттарды, қару-жарақтарды іздейді.
– Мен кинолог боламын деп ойлаған жоқпын. Бөлімшедегі қызметтік иттердің тыныс-тіршілігін күнделікті көріп жүріп, еріксіз осы салаға бет бұрдым. Басшылықтан қызметтік иттердің нұсқаушысы болуға өзім сұрандым. Кинология орталығында мемлекеттік шекараны күзететін кинолог мамандарға қызметтік жануарларды қолдану тәсілдерінің қыр-сырын үйретеді. Сол жерде қасымдағы жігіттердің көбі күшіктерді таңдаса, мен бір жастағы «Тираны» алдым. Ол өзінің ойыншылдығымен, «тентектігімен» ұнады. Ит – сырлас дос. Айтқан сөзіңді түсінген кісіше тыңдап отырады. Ешқашан сатқындық жасамайды. «Тира» – ұрғашы ит. Ұрғашы иттің есте сақтау қабілеті өте жақсы болады. Жұмыс арасында «Тираны» үйге апарып тұрамын. Кішкентай қызым оны қызық көреді. Жұбайым да жақсы көріп кетті. Ит қасындағы адамның мінезін қабылдайды. Мысалы, оған менің көңіл-күйім жетектеп жүрген қарғыбау арқылы әсер етеді. Мен ашулы болсам, ол мұңайып қалады. Көңілді болсам, ол да көңілді жүреді, – деді Мержан Әділбекұлы. «Тира» 2023 жылы Алматыда қызметтік иттердің арасында өткен республикалық жарыста жарылғыш заттар іздеуден 2-орын алған.

Кинологтардың қай-қайсысының да төрт аяқты серіктерін ерекше құрметтейтіндері байқалады. Олардың айтуынша, бұл иттер 8 жыл 3 ай шекарада қызмет етеді. Одан кейін қызметтік демалысқа шығады. Қызметтен босаған итті кинолог өзімен бірге үйіне алып кете алады. Асырауға мүмкіндігі болмаса, жануарларға арналған панажайларға (приют) өткізеді.

– БҚО бойынша департамент қызметкерлері шекара қызметіне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындап жүр. Мұндағы иттің саны мен олардың дайындығы тиісті талаптарға сай. Шекара қызметінде иттердің алатын орны ерекше. Бүгінде неше түрлі заманауи технология жасалып жатыр. Бірақ иттің иіс сезу қасиетін ешбір құрылғы әлі алмастырған жоқ.
Яғни адамды, дериваттарды, есірткіні, жарылғыш заттарды, қару-жарақ пен валютаны иісімен тек иттің көмегімен табуға болады. Сондықтан қызметтік иттер әрдайым қажет, – деді ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша департаментінің қызметтік жануарларды пайдалану бойынша шекараны қорғау басқармасының аға офицері, майор Максим Дынник.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»