Жасанды интеллект (ЖИ) пен IT-технологиялар – заманауи ғылымның басты қозғаушы күштері. Кейінгі жылдары бұл бағыттардағы ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше артып келеді. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушылары да осы үдеріске белсене қатысып, шетелдік тәжірибе мен заманауи технологияларды отандық ғылымға енгізуге үлес қосуда.
Техника ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Анаргүл Бекенова мен техника және технология ғылымдарының магистрі Жанаргүл Абуова – IT-технологиялар мен ғылымды дамытуға атсалысып жүрген мамандар. Олар 2023 жылы «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Словакия елінде тағылымдамадан өтіп, өз салаларына қатысты тың тәжірибелер мен инновациялық әдістерді меңгерген. Анаргүл Бекенова жасанды интеллект бағытында зерттеулер жүргізіп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, IT және цифрлық мәдениет, жасанды интеллект жүйелері, нейрондық желілерді бағдарламалау бағытында дәріс оқиды. Ал Жанаргүл Абуова геоинформатикалық жүйелер саласына маманданған. Ол бүгіндері БҚАТУ студенттеріне нейрондық желілерді бағдарламалау, ақпаратты коммуникациялық технологиялар, жоғары деңгейде бағдарламалау тілі сынды өзге де пәндерді оқытады. Қос ғалым шетелден алған білімдерін ғылым мен білім беру саласына енгізіп, жаңа технологиялар арқылы ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайту жолында еңбек етуде. Бұл олардың халықаралық тәжірибе мен заманауи зерттеу әдістерін ел игілігі үшін пайдалануына мүмкіндік беруде.
– Мен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегімін. 2023 жылдың күзінде үш ай бойы әріптесім екеуміз аталмыш бағдарламаның «500 ғалым» жобасы аясында Словакияның Жилина қаласындағы Жилин университетінде ғылыми тағылымдамадан өттік. Менің зерттеу бағытым – жасанды интеллект. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан IT саласының маңызды бір бөлігі. Тағылымдама барысында «Суреттерді тану үшін СNN (Convolutional Nеural Network – деректерден ерекше белгілерді аутоматты түрде анықтап, оларды талдауға арналған жасанды нейрондық желі түрі, әсіресе, бейнелерді өңдеуде қолданылады) моделін әзірлеу» жобасында жұмыс істедім. Классификация және кластерлеуге арналған түрлі әдістер мен алгоритмдерді тереңірек меңгердім. Менің тәжірибелерім елімізде IT саласының дамуына, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған білім беру бағдарламаларын жетілдіруге ықпал етеді деген сенім мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген болатын. Осы мақсатта елге оралғаннан кейін мен өз білімімді университеттің профессор-оқытушылар құрамымен бөлісіп келемін. Екі жыл бойы «Білім берудегі цифрлық трансформация» тақырыбында курс өткізіп, оқытушыларға ЖИ элементтерін сабақтарында қалай тиімді қолдануға болатынын және оқу үдерісін жаңартудың жаңа тәсілдерін үйреттім. Сонымен қатар студенттерге ЖИ пәнін жүргізіп, Python (Python – жоғары деңгейлі, жеңіл оқылатын және көп мақсатта қолданылатын бағдарламалау тілі) бағдарламалау тілінің әртүрлі кітапханаларын қолданып, шағын модельдер құру бойынша жобаларға қатыстырдым. Университетімізде ақпараттық коммуникациялық технологиялар білім беру тобы бар. Соның ішінде өзім жетекшілік ететін «Ақпараттық жүйелер және технологиялар» білім беру бағдарламасында 168 студент оқиды. Олар соңғы курстарында шығармашылық жұмыстарын тапсырады. Бұл жұмыстардың қатарында «Жасанды интеллектіні қолдана отырып, адамның бет-бейнесін тану», «ЖИ-ды ауа райын болжауда қолдану» және «ЖИ арқылы модельдер жасау» секілді инновациялық жобалар бар. Осындай күрделі жұмыстарды орындау арқылы студенттерім өздерін жан-жақты дамытады. Болашақта көру және табиғи тілдерді өңдеу салаларында зерттеулер жүргізіп, пайдалы өнімдер жасап шығарғым келеді. Менің мақсатым – ЖИ саласындағы тәжірибемді, білімімді еліміздің білім беру жүйесіне енгізіп, жас ғалымдар мен студенттерге бағыт-бағдар беру, сондай-ақ Қазақстанда IT саласының ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосу, – дейді аға оқытушы Анаргүл Сағындыққызы.
Кейіпкерлеріміздің сөзінше, шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер озық технологияларға, әдістемелер мен жабдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл білім алмасуға, халықаралық ғылыми желілерді қалыптастыруға және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жобаларды іс-
ке асыруға ықпал етпек. Техника және технология ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Жанаргүл Абуова Қазақстанның деректерді өңдеу, машиналық оқыту және бағдарламалық қамтамасыз ету саласында технологияларды әзірлеуде үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.
– Жилина қаласына сапарым барысында ғылым мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерге назар аударып, көптеген ғалыммен кездесіп, тәжірибе жинадым. Бұған қоса Словакияда ғылымға ерекше жағдай жасалғанын көрдік. Мәселен, онда адам қатысуынсыз аутоматты түрде жұмыс істейтін жүйелер мен технологиялар кеңінен қолданылуда. Біз «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасына қатысу үшін бірнеше кезеңнен өттік. Алдымен, құжаттарымызды жинап, сұхбаттасу кезеңіне қатыстық. Кейін емтихан тапсырдық. Осылайша халықаралық стипендия иегері атандық. Жалпы, университетіміздің оқытушылары жыл сайын жүйелі түрде шетелде білімдерін жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасады. Олар алған білімдерін еліміздің ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеп, білім беру саласының дамуына үлес қосуда. Мұндай мүмкіндік тек оқытушыларға ғана емес, студенттерге де қарастырылған. Білім алушылар 2-курста «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында Польша мен Венгрия қалаларындағы университеттерде өз мамандықтары бойынша білім ала алады. Өзім Словакия елінде геоинформатикалық жүйелер бағытында тағылымдамадан өттім. Геоинформатика – ақпараттық технологиялар саласының маңызды бөлігі. Геоинформатиканың зерттеу әдістері мен құралдары деректерді өңдеу, талдау және визуализациялауда кеңінен қолданылады. Осы үдерістерді тиімді және жылдам жүзеге асыру үшін қазіргі таңда нейрондық желілер мен жасанды интеллектіні қолдану маңызды болып тұр. Шетелде алған білімім мен тәжірибем осы бағыттағы жаңашыл әдіс-тәсілдерді біздің оқу үдерісімізге енгізуге ықпал етті. Сонымен қатар тәжірибе алмасу барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жоғары деңгейдегі бағдарламалау тілдерінің геоинформатика саласында қолданылуын тереңірек үйрендім. Бұл пәндер студенттерге күрделі деректерді талдау мен өңдеуде жаңашыл әдістерді үйретуге мүмкіндік береді. Нейрондық желілерді бағдарламалаудың көмегімен біз үлкен деректердің ішінен қажетті ақпаратты тиімді түрде іздеп табу әдістерін қолдана аламыз. Бүгінде студенттерге геоинформациялық деректерді талдаудың және өңдеудің жаңа тәсілдерін үйретудемін, – дейді Жанаргүл Мұхамбетжанқызы.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»