Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде (БҚАТУ) «Ғылым, зерттеулер, білім: даму тенденциялары» атты ХХV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылым айлығы аясында жүзеге асқан алқалы жиынға аталмыш университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, зерттеушілер, ғалымдар, профессор-оқытушылар қатысты. Сондай-ақ Ресей, Қытай, Татарстан, Египет, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік ғалымдар да баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын алдында Асқар Мырзахметұлы шетелдік қонақтарға алғысын білдіріп, тараптардың әріптестік қарым-қатынасы нығая беретінін жеткізді. Айтулы іс-шарада мал шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын дамыту, төрт түліктің өсіп-жетілуіне пайдалы жем-шөп әзірлеу, сүтті, етті бағыттағы ірі қаралардың тұқымдарын сақтау жолдары баян етілді.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, әлемде қой тұқымының 1129 түрі бар екен.
Олардың жалпы саны 1 млрд 200 мыңнан асады. Азияда 576 миллионға жуық қой бар. Осы шаруашылық бағыты бойынша ол көш бастап тұр. АШМ Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік Аграрлық университетінің оқытушысы, профессор Юсупжан Юлдашбаев Қазақстанның кең байтақ жері мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы екенін айтады.
– Жаһандық деректер базасының мәліметтері бойынша, 1990 жылдан 1997 жылға дейін әлемде қой саны күрт азайған.
2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығы ілгерілеп, қой саны 6,6%-ға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Қазақстандағы қой шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды бір бөлігі десек болады. Жер аумағы кең, климаты қолайлы. Қой етін көптеп өндіріп, жүнін кәдеге жарату жолында да жұмыстанып жатыр.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ зерттеушілері ауыл шаруашылығы бағытында зерттеулер жүзеге асырып, жаңа жобалар ұсынады деген ойдамын, – деді Ю. Юлдашбаев.
Қытайдың Тарим университетінен келген профессор Ғұнымгүл Мұхатай Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен тығыз байланыста екенін жеткізді.
– Мен 2004 жылдан бері жылқы шаруашылығын зерттеумен айналысамын. Әр мемлекеттің ауа райына, жылқы малының жергілікті шығу тегіне байланысты әртүрлілік бар. Мәселен, Қытай халық республикасындағы Шыңжаң Ұйғыр ауданында жылқының алты түрі мекен етеді. Ал Қазақстанның ұлан-ғайыр атырабында жылқы тұқымдасының түрі көп. Қазақтың жылқысы негізінен ет пен сүт өнімдерін мол береді. Осы тұқымның ататегін сақтап қалуға күш салу қажет. Сондай-ақ жануарға берілетін витаминдерді саралап, жаңасын жасауды да қолға алған жөн. Жем-шөп пен шабындық аумағындағы жерлерге құнарлы қоспалар қосу керек. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да тәжірибелі зерттеушілер бар. Аталмыш оқу орнымен байланыс орнатқанымызға ширек ғасырға жақындап келеді. Осы жылдардың ішінде университеттегі тың зерттеу жұмыстарына куә болдық. Алдағы уақытта да байланысымыз одан әрмен нығая түсіп, жаңа жобаларды қолға аламыз деген ниеттемін, – деді ол өз сөзінде.
Жәңгір хан атындағы университеттің негізгі бағыты – аграрлық сала. Ауыл шаруашылығы бағытындағы өзекті тақырыптар ғалымдар назарынан тыс қалмай, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өз шешімін табуда.
Университеттің ғылым жөнінде-гі проректоры Әлжан Шәмшідін шетелдік әріптестердің басқосуда айтқан ұсыныстары, ой-пікірлері ескеріліп, үлкен ғылыми сараптамадан өтетінін айтты. Сондай-ақ ол аталмыш оқу орны әлемге танымал университеттер мен ғылыми орталықтардан тағылымдамадан өткен жас ғалымдармен толығып жатқанын тілге тиек етті.
Түстен кейін конференция жұмысы «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Техникалық ғылымдар», «Экономикалық ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар» бағыттары бойынша секциялық отырыстармен жалғасын тапты. Сәуір айы – университеттегі ғылым айлығы аясындағы іс-шаралар легіне толы.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»