Шетелдік танымал мультфильм арналары қазақшалануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты.
«Ал, енді тіл мәселесі - бұл руханияттың өзегі. Бұл ретте де қазіргі таңда Ақпарат және қоғамдық даму министрінің тапсырмасымен қарастырылып жатқан бастамалар бар. Мәселен - еліміздің кабельдік операторлары арқылы тарайтын шетелдік телеарналарды қазақ тіліне аудару. Әрине, кез келген елдің ертеңі - бала тілінде. Сондықтан бұл жұмысты шетелдік танымал мультфильм арналарынан бастау керек деген ұсыныс бар. Сөз жоқ, бұл бастамалар әлі қоғамдық талқылаудан өтіп, тиісті мамандардың, сарапшылардың, зиялы қауымның, ата-аналардың қолдауымен болатын дүниелер», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Вице-министрдің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үшін ең бірінші міндет - бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тиімділігі.
«Бұл бағытта министрліктің барлық мүмкіндігі және ең бастысы, толық түсінігі бар. Руханият мәселесі бұл - жалғыз мемлекеттікі емес, ортақ мәселе. Сондықтан да оған қол жеткізу үшін бір ғана мемлекеттің жұмысы аз. Әрбір азамат атсалысуы керек деп ойлаймыз. Сонда ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда жаңа серпін көретін боламыз»,- деді Болат Тілепов.
zhaikpress.kz