4.12.2020, 10:50
Оқылды: 112

«Шипагерлік баянға» қазақ  медицинасынан орын берсек...

«Барлық жаңалар ұмытылған  ескілер» деген мақалдың  негізінде бұдан 500 жыл бұрын шығыс-тибет медицинасының негізін қалаған ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Жәнібек ханның бұйрығымен өзінің  «Шипагерлік баян» еңбегін жазып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Сол  бабаның 31-ші ұрпағы Қытай елінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары баспадан шығарып, адамзатқа жария етті.

44F58E82-8EDC-4070-B8D9-5839DC6BFF70

Қытай еліндегі емші-дәрігер қандастарымыз зерттеп, қазақ медицинасын әлемге таратып, Шыңжаң медицина университетінде осы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыздың «Шипагерлік баян» еңбегінің негізінде қазақ медицинасы бөлімін ашып, мамандар әзірлеп, Қытайда ғалымдарымыз шығыс медицинасының негізін қалаған біздің Өтейбойдақ атамыздың еңбегі негізінде емдеу, аурудың алдын алу туралы үлкен жұмыстар жасалуда.

Ал біз Еуропа медицинасымен білім алдық. Оқу бағдарламасында болмағандықтан, біз шығыс медицинасын оқымадық. Дейтұрғанмен де  қазақ елі шипагерсіз болмағаны белгілі. Бірақ нақты деректер қолымызда болған емес. Сондықтан қазақ жерінде емдеу ісімен негізінен бақсы-балгерлер айналысты деп түсіндік. Тек соңғы ғасыр шамасында еуропалық медицина арқасында жетілдік деп түсіндік. Оған таласымыз да болған емес. Ал бүгінгідей қиын уақытта «Өтейбойдақ атамыз болса, алғаш рет 500 жыл бұрын өз қолымен шешекке қарсы екпе жасағаны сияқты бір амалын табар ма еді» деген ой туады. Атамыз шешекке қарсы вакцинаны қалай алып, бұл дертке қарсы пайдаланғаны туралы өз еңбегінде жазады. «Шешек ел басына торғай қаққан тарыдай қырғын салған бір жылы» ел қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған шипагер жар құлағы жастыққа тимей, тәжірибеден тәжірибені жасап жүріп, ақыры шешек суын табады. Табу жолы аса қарапайым: «Баланың шешек іріңін алып тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, жұдырықтай  болып томпияды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны» дейді шипагер.

Қазіргі медицина бұл ғылымның атасы ағылшын шипагері Эдуард Женнер 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек бір шыққан адамға шықпайтынын дәлелдеді. Бізді таңдандырған нәрсе – қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының шешекке қарсы бұл вакцинаны Эдуард Женнерден 350 жыл бұрын табуы. Осы кезге дейін  медицина ғылымында да, оқулықтарда да, бабамыздың бірде-бір еңбегі жазылмай, өткен іс деп есептеп, ескерілмей келді. Енді бабамыздың «Шипагерлік баян» еңбегіне медицинадан орын беріп, қалпына келтіру, медицина тарихы ғылымына Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атын енгізіп, бабамыздың «Шипагерлік баян» еңбегі бұдан 500 жыл бұрын жазылғанын насихаттау – парыз. Медицина ғылымында баба еңбегін жер жүзіне паш ету – атамыздың рухын құрметтеу, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған және айтып кеткен аманатын орындау деп білемін. «Шипагерлік баянда»: «Пәруардігер Алла, өзің жаратқан құлың – мен өз құдіретіңді  көрсету үшін күнәһар пенделеріңе жіберген су апаты, от апаты, қуаңшылық апаты, боран апаты, жер сілкіну апаты мен сырқаттық апаттан саналған, алты алапаттың бірі болған сырқаттық апатқа қарсы әуелі пенделеріңнің мұң-зары мен  аяныш халі, онан соң өзімнің және өзің берген бала-шағамның күнкөріс игілігі «Сақтансаң сақтаймын» деп «Құран Кәрімде» айтқаның үшін ата-бабамнан мұра болып келе жатқан шипагерлікті кәсіп еттім. Бұл да мен жаралғанда маған берген (жазған) несібең болар. Әгәр күнә десең, кешіргейсің. Енді өлер шағыма таядым. Өз атыңмен бастап уәсиатнамамды және ата-бабамнан қалған мұраны ұрпағым Нұртайға қалдырмақшымын. Ол – «Шипагерлік баян»-дүр. Кейінгі әулеттерім де оны жалғастырып, игілігін көрсін. Жаратқан жаппар Ием, осы уәсиатнамамды орындаған баламның және оның ұрпағының талап меселдесін қолдап, жар бола көр! Әсте күнәға батыра көрме, құдіретті ием! Қарашығым, Нұртай! Балаларымның ішіндегі ұғымталы, зерек және осы мұраға иелік етіп, мұрагер боларлық бейімің болғандығы үшін атыңды атап, әтей тапсырдым. Сен тұрғанда мұраның да, мұра иесінің де, мұрагердің де аты өшпей жалғаса беретініне сенімім кәміл. Шырағым, Нұртайым! Сен Алла Тағала, дін исламға адал болып, күллі мұсылман шаһитлары үшін, күллі аруақтарға және ата-бабаң мен әкең маған арнап, Құдай үшін, дұғаһи  сауап үшін өле-өлгеніңше Құран оқып тұр. Әгәр осы өсиетімді орындай алмасаң, ұрпағым болмай-ақ кет! Кептер жұмыртқалағанда жұмыртқасы үшеу болады. Бірін шірітеді, екеуін балапан шығарып мәпелейді, есейтіп ұшырады. Әне, сондай менен шіріген бір жұмыртқа боларсың, онда саған  беретін теріс  батам:

Айырмасаң оң-солдың екі шетін,

Қос әлемде жарық болмасын екі бетің.

Күнәңа орындамай кеткен бейбақ,

Тартарсың екі дүние қасіретін, Аллаһу әкбар!

Бұл бұл ма? Қасиет маһшарда қос қолым сенің алқымыңнан алынбайды. Бұл – ақтық уәсиатнамам. Бұл мұра атадан балаға, баладан балаға жалғасқан, бірі-бірінен асып, толықтап отырған. Бірінші рет Райымбет, екінші рет Шыбыл, үшінші рет Қоңырбөрік, төртінші рет Тама, бесінші рет Бұршақ би  аталарымыз бұрынғы жалғыз нұсқасын көзбе-көз көріп отырып көшіртіп, теңестіріп болған соң, ашжаз сайын бірден өртеп отырған. Соңғысы әжрияның 1170 жылы екен» делінген.

Біз, дәрігерлер, барша медицина маманы, шығыс медицинасы мамандары, керек болса, халық емшілерімен  (олар  атадан келе жатқан ұрпақтан  ұрпаққа берілген қасиет) бірігіп, ұлт медицинасын (қазақ медицинасын), халқымыздың арасында  еленбей қалған тарихымызды рухани жандандырып, ел амандығы мен саулығы үшін ұлттық медицинамызды  дамытуға атсалысуға шақырамыз.

Орынбасар Тажкенов,

Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің дәрігер-оқытушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале