30.11.2021, 10:50
Оқылды: 42

Ширек ғасырлық қызмет

Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Әлия Қарекесовамен сұхбат

WhatsApp Image 2021-11-30 at 09.53.11

– Әлия Рахымқызы, әңгімені кәсіби мамандығыңыз бен өскен ортадан бастасақ...

– 1979 жылы орта мектепті үздік бітірісімен, Алматы қаласындағы сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға түстім. Диплом алғаннан бері мамандығыма сай қызмет атқарып келемін. Енді өскен ортам туралы аз-мұз айтар болсам, әкем Қарекесов Рахым бүгінгі Бөкей ордасы ауданының Бисен совхозында ұзақ жыл директор болса, анам ұстаздық етті. Жанұяда мен үшін жалғыз ағам  Амангелдінің  орны  тіптен бөлекті, өкініштісі, ол 39 жасында бақилық болды.

Ал енді балалық шаққа ойша саяхат жасар болсам... Ой-хой, шіркін, сағынышқа айналған сағым жылдар ғой ол. Еркетотай күн кешкен әке шаңырағында талай жақсылар мен жайсаңдардың жүзін көрдім. Әлі есімде, 1969 жылы мен мек­тепке барар кезде Бисен ауылына танымал ақын ағамыз Сағынғали Сейітов келді.

Ол кісі маған:

«Білім жолын аттаған,

«Әліппені» жаттаған.

Айналайын, адам бол,

Ана сүтін ақтаған!» деп бір шумақ өлең шығарып, өз кітабын тарту етті.

Содан 1979 жылы Алматыда ол кісіні ҚазМУ қалашығы жанынан екінші рет жолықтырып, оқуға түсіп кетуіме сәттілік тілегенін де ұмытқан жоқпын. Жалпы үлкенді сыйлау, қарапайым болу, әдепті сөйлеу – әке-шеше тәрбиесінен алған тәлімдеріміз ғой.

–  Алғашқы қызмет  баспалдағы мен қазіргі міндетіңіз туралы білсек?

– Еңбек жолымды 1984 жылы тамыз айында Орал қаласында әлеуметтік саладан бастадым. Қазіргі күні мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілімім 37 жылдан асып барады. Соның соңғы 25 жылы облыстық Әділет департаменті қабырғасында өтіп жатыр. Бүгінде бөлім басшысымын. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі ешқашан жеңіл болған емес, ең алдымен, бұл сала адалдықты сүйеді. Кәсіби біліктілік талабы өз алдына бөлек әңгіме...

Енді әкімшілік-құқықтық бөлімнің басшысы ретіндегі негізгі міндеттеріме тоқталсам, оған нормативтік-құқықтық актілер жөніндегі мәселелер, мемлекеттік қызметшілерді  жалпы  персоналды басқару, ішкі қауіпсіздік жұмыстарын жүргізу, ұйымдастыру-талдау ісін бақылау,  мемлекеттік тіл аясын дамытуды ұйымдастыру, кеңсе  шаруасын үйлестіру сынды жұмыстар кіреді. Ең басты талап – тәртіп.

Реті келген соң тоқтала кетейін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде (ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген) әдеп сақтаудың стандарттары нақты жазылған. Осы талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметкер әрқашанда  қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтап, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқарып, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдаланып, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын қатаң сақтауы тиіс.

– Тәуелсіздіктің торқалы тойының да төбесі көрініп қалды. Ширек ғасырлық еңбегіңіз қалай бағалануда, яғни қол жет­кен мақтау-марапаттарыңызды айта  кетсеңіз...

– Ешкім марапат үшін, алғыс алу үшін еңбек етпесе керек. Бірінші парыз міндетті қызметті мінсіз атқару ғой. Әрине, азды-көпті еңбек ескеріліп, әріптестер ортасында мерейің өсіп жатса, ол да бір қуаныш екені анық. Әрі сіздің сауалыңызды жауапсыз қалдыру да орынсыз болар. Осы жылдар ішінде «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Астана – 20 жыл» мерейтойлық медальдарын иеленсем, ҚР Әділет министрлігінен алған мақтау грамоталары мен алғысхаттар өз алдына бір төбе. Айтпақшы, «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері»  деген төсбелгім және бар.

Сұхбаттасқан: Назгүл Мұхамбетжанқызы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале