26.07.2022, 9:45
Оқылды: 99

Шөбі көптің – малы тоқ

«Шөбі көптің – малы  тоқ», бұл енді бұлжымас һәм бұзылмас қағида. Ауыл қазағының негізгі күнелтіс көзі де сол алдындағы төрт түлік малы ғой. Әрі олардың ала жаздай ойлайтыны – алдағы қысқа қажетті жем-шөп қорын жасақтап алу. Шүкір, биыл шабындық жерлердің төсегі жақсы, соған сай түсер өнім де жаман болмасы хақ. Қазіргі күннің өзінде орақ түскен 1 млн 169,2 мың гектар жердің орташа өнімділігі 5,7 центнерден айналып, 669,3 мың тонна (34,5%) мал азығы дайындалған. Енді былтырғыдан қалған шөпті қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 811,1 мың тоннаға жетіп, жалпы қажеттіліктің 41,8%-ын  құрауда. Өңірдегі жасыл орақ науқанының қарқыны да барлық жерде шамалас сияқты, ал бір орама (рулон) шөптің құны 2700-6000 теңге аралығында екен.

1 колл

Биылғы меже – қыстаққа кіреді деп жоспарланған 1 млн 022,4 мың шартты мал басы үшін 1 млн 940,3 мың тонна шөп қорын жасақтау. Негізгі азықтық дақылдарға келсек: бұл бағыттағы егіс көлемі 174,7 мың га десек, оның 12,8-19,8 мың гектары тиісінше көпжылдық және біржылдық шөптер, мұның сыртында сүрлемдік дақыл – 1,6 мың га. Сонымен бірге 144,1 мың га алқапта өткен жылдардан қалған көпжылдық  шөп  егісі  бар.

Ал енді аудандардан түскен сұраныстар негізінде Ақжайық ауданында 1 АШӨК (ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі) мен 2 ШҚ-ға (шаруа қожалығы) 800 га, Қаратөбеде арнайы жасақталған шөп шабу бригадасына 1800 га, Шыңғырлауда 29 ШҚ-ға 11 мың га, Жаңақалада 3 ШҚ-ға 2500 га, Сырымда 20 ШҚ-ға 16 мың га, Бәйтеректе 230 жеке тұлғаға 24,8 мың га және Жәнібекте шабындығын киік отаған шаруаларға 2450 га, облыс бойынша барлығы 59 мың 350 га жер мемлекеттік қор есебінен берілді. Осы жерде Бөкей ордасы ауданында 8 шаруа қожалығы әскери сынақ аймағынан берілген жерге (6,5 га) орақ салғанын айта кеткен артық болмас. Жалпы көктемде ылғалдың мол түсуі мен лимандарға шығарылған су көлемінің жылдағыдан артуы өңірдегі шөп өнімділігіне елеулі әсерін тигізіп отыр. Айтпақшы, қазіргі күні шабындықтарға түскен орақ саны 3444 бірлік, – деді бізбен әңгімесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейрамбек Ерақаев.

Иә, аталмыш науқанның маңыздылығын терең түсінген басшының да, қосшының да һәм шаруалардың да мүмкіндіктерді қалт жібермеуге бар күштерін жұмылдырып жатқандары байқалады. Сондай-ақ облыстық табиғи ресурстар басқармасы 29 441 га орман қорлары жерінің  10 мың гектарға жуығын шабындыққа уақытша беру  мүмкіндігі барын жеткізіпті.

Бүгінгі таңда Ақжайық, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандары мен Орал қаласы аумағынан мал азығын дайындауға 2 млн 594,4 мың теңгеге 208 орман билеті (1610,6 га) берілген  көрінеді.

Жасыратыны жоқ, егін орағы мен пішен шабу кезіндегі маңызды мәселенің тағы бірі – жанар-жағармай. Осы ретте жазғы далалық жұмыстарға 14,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылса, соның 5,6 мың тоннасы мал азығын дайындауға бөлініпті. Жеткізуші оператор – «NEFTEK Operating» ЖШС.  1 литр дизель отынын терминалдардан жіберу құны – 188,5 теңге болса, аудандардағы жанар-жағармай құю бекеттеріндегі баға – 191 теңге.

Шаруа баққан адамдардың қай кезде де жаны тыныш­тық тауып, жайбарақат жүруі екіталай-ау?! Әсіресе пішеншілер мен диқаншылар үшін  жаз айлары нағыз мазасыз шақ. Мұның бәрі табиғат-ананың берген ырыздығынан құр қалмау бағытында жасалып жатқан сол баяғы тіршілік  қамы.

Бауыржан Бисенов,

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале