7.03.2025, 16:30
Оқылды: 590

Шуақты мереке тойлануда  

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен «Атамекен» өнер ордасында кездесу өтті.

 

              – Бүгін сіздермен көктемнің шуақты күнінде кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу екендігі белгілі. Халқымызда «Алып анадан туады» деген нақыл бар. Бұл бүтін бір халықтың ананы құрметтейтінін білдіреді. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер зор үлес қосып келесіздер. Бүгін мен сіздерге барлық ер азаматтарды, бүкіл елімізді бақытты ететін еселі еңбектеріңіз, төзімділік пен даналықтарыңыз, сезімталдық пен шексіз махабаттарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын! – деді Нариман Төреғалиұлы.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тұрсын Уразова, «БатысСервисПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кадр бөлімінің инспекторы Құралай Ахметова және жұбайы екеуі мал шаруашылығымен айналысып, инстаграм әлеуметтік желісіндегі kyrdyn_kelini парақшасымен танылған блогер Эльмира Мағзомова ой-пікірлерін ортаға салып, облыс әкіміне алғысын жеткізді.

WhatsApp Image 2025-03-07 at 17.39.41

Содан соң өңір басшысы «Облыстық перинаталдық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Жанна Ділманованы, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының тарих, құқық және экономика пәндерінің мұғалімі Күләш Наурызғалиеваны «Құрмет» орденімен,  Айнагүл Байғалиеваны III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттады. Сонымен қатар өз саласында үздіктер қатарынан табылып жүрген бірқатар әйелге алғыс хат ұсынды.

Жиын «Әлемнің жарығы…» атты мерекелік концертке ұласты. Концертте сөз алған Нариман Төреғалиұлы:

– Киелі Ақ Жайық өңірі батыр қыздарымен, асыл аналары мен дана аруларымен ерекшеленеді. Олардың ерен еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымдары, шығармашылық табыстары, әртүрлі әлеуметтік жобаларды іске асырулары облыс және республика деңгейінде бағаланды десек артық емес. Ақ Жайықтың асыл арулары! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Егеменді еліміздің келешегі кемелденсін. Мереке құтты болсын! – деп ыстық ықыласын жеткізді.

WhatsApp Image 2025-03-07 at 17.39.41 (1)

Концертте әсем әндер шырқалып, театрландырылған қойылым сахналанды. Оған қоса көрермендер кино әлеміне саяхат жасап, сүйікті фильм, телехикаяларының саундтректерін тыңдады.

 

                     Мәрлен Ғилымхан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале