10.11.2022, 12:47
Оқылды: 55

«Шуақты шақтардан, сәулелі сәттерден жаным нұрланады»

«Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда. Қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы – елге еткен еңбегінің зор, яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында». Ақын Мағжан Жұмабаевтың осы қанатты сөзі есім-сойы көзіқарақты оқырмандарымызға таныс  Бақтыбай Далабаевқа қарата айтылғандай көрінеді.  Облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясын 11 жыл басқарып, кейін облыстық журналистер ұйымын құрған, халық қалаулысы болып, аманат арқалаған ардақты жан қарақан басының қамын ойламай,   ұжым мүшелерінің жағдайын жасады. Өңірлік басылымдағы  18 қызметкер баспаналы болып, жастар жағы жатақханамен қамтылды. Өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттерге Оралдағы оқу орындарының жатақханаларынан орын сұрап әперетіні, тәжірибеден өткізіп қоймай, қызметіне жалақы төлейтін дарқандығы да әлі күнге жыр болып айтылады. Рақымжан Отарбаев, Есенжол Қыстаубаев сынды жалынды жастарды редакцияға жинағаны өз алдына бөлек әңгіме.  Газеттің бас редакторы қызметінен бас тартып, нарық қатынастары үстем бола бастаған тұста жеке газет шығаруға жүрексінбеді. Жасаған жақсылығы, істеген істері аңызға бергісіз ағамызды көргіміз келетін, тілдескіміз келетін. Тілекті Құдай қабыл ғып,  84 жастағы ағамызбен жүздесудің сәті түсті. Бақтыбай Далабайұлы әлі тың, бұрынғылардың сүйегі асыл деп тегін айтпаған ғой. Төменде сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

11

 – Биыл облыстық «Орал өңірі» газетінен Ақжайық ауданындағы «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл кеңшарын ұзақ жыл басқарған соғыс және еңбек ардагері, марқұм Жақия Исатаев туралы мақала оқыдым. Кезінде «Қазақстандықтар Сталинград шайқасында» атты кітап жазғанмын. Басында атауын «Қазақтар Сталинград шайқасында» деп  қойғанмын. Қазақстан орталық партия комитетіндегілер қолжазбамды аудармашы арқылы аударып, Мәскеуге апарып оқытыпты. Содан кейін мәтінді қысқартуды, қазақтардың аты-жөндерін азайтуды тапсырды. Цензура ғой. Сталинград шай-қасына Қаратөбеден¸ Тайпақтан, Жәнібектен және басқа да аудан-ауылдардан көп адам қатысты. Солардың баршасының есім-сойын сол қолжазбама енгізгенмін. Алматыдағы, Мәскеудегі және аудан-ауылдардағы музейлерге, мұрағаттарға барып мәлімет жинадым. Ұлы Отан соғысында Мәскеуді де, Сталинградты да қорғап қалған қазақтар деген идеяны мәшһүр еткім келді.  Жаудың бір офицері қолға түседі де, оны кеңестің майоры тергеп-тексереді. Сонда ол: «Бізге қарсы соғысып жүрген кімдер?» деп сұрайды. «Әрине, орыстар», – дейді майор. «Жоқ, олар қару-жарақпен жүрді. Ал мыналар айыр, күрек, басы домалақтау келген ағаштармен жүрді? (Сойыл ғой). (Ағамыз рақаттана күліп алды). «Иә, олар қазақтар ғой. Біз бәріміз бірге Сталинградты қорғаудамыз»,  – деп жауап береді тергеуші. Мұрағаттан   осы деректі оқып, көшіріп алдым.  Сол кітапта осы деректі де келтіргенмін. Орталық комитеттен: «Тыныш жүр, қазақтар қорғады дегенің не? Сотталып кетейін деп жүрсің бе?», – деп жаны ашитындар қоңырау шалумен болды.  Алматыдағы  «Қазақстан» баспасынан пышақтың қырындай болып кітабым шықты да, жылдам өтіп кетті.  Қаратөбе жағындағы туыстардың үйінде қалмаса, менде бір данасы да қалмапты. Күрекпен жауға қарсы шығып жүрген аталарымыздың есімдері елеусіз қалды, сол тақырыпты зерттеп, жазу керек. Соны газеттегі жастарға аманаттағым келеді. Өзім жазар едім, бойдан қайрат, өмірден мән кетіретін кәрілік деген итің ырық бермейді, айналайын...

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №133 (10 қараша 2022 жыл) нөмірінен оқи аласыздар!

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале