4.04.2023, 11:30
Оқылды: 80

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының бас инженер-гидротехнигі: «Сусыз күнелтіс жоқ»

Мемлекет  басшысының  тапсырмасымен елімізде су ресурстарын  үнемдеу  мақсатында арналарды  цифрландыру  басталды. Ақ  Жайық  өңірінде  де  бұл  бағытта бірқатар шаруа  атқарылуда. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының  негізгі міндеті – республикалық  меншіктегі  су  шаруашылығы нысандарында су  тасқынын апатсыз  өткізу және 2023  жылдың жазғы, күзгі және қысқы  кезеңдерінде облыс халқының  мұқтаждықтары үшін  су  жинау. Бүгінгі  таңда  кәсіпорын  күшейтілген  режімде  жұмыс  атқаруда,  топтық су  құбырлары арқылы елді  мекендерге сапалы ауыз су берілуде. Осы тақырыпта аталмыш филиалдың бас инженер-гидротехнигі Шынболат  Ермағамбетовпен сұхбаттасқанбыз.  Соны  оқырман  назарына  ұсынамыз. 

927b51ef-6b5f-4d84-95b0-559b874454dd

– Облыс аумағындағы Сарыөзеннің, Қараөзеннің және Жәнібек суландыру жүйесінің бойында сандық көрсеткіш құрылғылары орнатылды. Ол құрылғылар Ресей Федерациясының аумағынан ағып келетін судың көлемін секундына, минутына, сағатына аутоматты түрде есептейді. Көрсеткіштерді сол жерге бармай-ақ арнайы бағдарлама бойынша жұмыс бөлмесінде отырып көруге болады. Әрине, цифрландыру жұмысымызды жеңілдетеді, бірақ оның шығыны көп. Өкінішке қарай, кейбір еріккендер құрылғыны орнынан қозғап, істен шығарып тастайды. Орнына жаңасын өзіміз таңдап ала алмаймыз, портал арқылы конкурстық негізде сатып алуға тура келеді.

– Шынболат Бекұлы, су арналарының көктемгі еріген қар суымен толысуы қалай жүруде?

– Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің бойында орналасқан ірі су қоймаларының 42%-ы еріген қар суымен толықты. Жүйеге Көшім каналы арқылы секундына 90 текше метр су түсіп жатыр. Біздің мекеменің теңгерімінде 14, одан бөлек коммуналдық меншіктегі (әр ауылдық округтің теңгерімінде) 25 су қоймасы бар. Бірақ ауылдық округтерде су маманы атымен жоқ. Қазір Жайық өзеніне қар суының құйылуы бәсеңдеді. Гидротехниктер тілімен айтқандай, жергілікті ағын су көлемі азая келді. Ондай ағын суға Шаған, Быковка, Елек, Шыңғырлау секілді өзендер жатады.  «Жайықтың суы – жанды су» демекші, өзен негізінен қардың суымен толысады. Енді Жайыққа жоғарыдан келіп құйылатын суды күтеміз. Ірі су артериясына құятын 200-дің үстінде сала болса, соның ішінде үлкен үлес қосатын өзен  –  Сақмар. Оның климаты басқалау, ондағы сең енді-енді ериді. Ресейлік әріптестеріміздің бізге берген ақпараты бойынша, сәуір айының басында жоғарыдан су келе бастайды. Сақмарда сәуірдің 10-ында сең жүре бастайды деген болжам айтылуда. 2011 жылы Жайық өзеніндегі су сәуірдің 15-інде шарықтау шегіне жете көтерілді. Сол жылы үш өзен – Деркөл, Шаған, Жайық бірдей тасыды. Бүгінде Деркөлде судың көтерілуі тоқтады. Одан кейін Шаған өзенінде су деңгейі көтеріліп, өзен бойындағы азын-аулақ саяжайдың жерін су алды. Шағандағы, Деркөлдегі судың тасуы жергілікті жердегі еріген қардың есебінен болды.

Қарқынды су тасқыны болған жылдары жағалаудағы саяжайлардың аумағын  су басады. Оған қарсы қолданатын шара жоқ. Кезінде су арналары бойында су қорғау белдеуі деген түсінік болған. Кейін оны мүлдем жоғалтып алдық.  Соңғы жылдары Шаған өзені бойында тұрғын үйлер, әлеуметтік ғимараттар көптеп салынды. Түсінікті тілмен айтсақ, Шаған өзенінің арнасын қысып тастадық. «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясы су қорғау аймақтары мен белдеулерінің сақталуын қадағалауы тиіс. Бұдан бұрынырақ  «Орал» бассейндік инспекциясы деген мекеме жұмыс істеді. Оның штатында 50-60 адам қызмет етті. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін  жергілікті өкілетті және атқарушы құрылымдар анықтайды. Жайықтың су қорғау аумағы 500 метрге қаланың ішіне кіріп кеткен.  Саяжайлар өзеннің сағасына орналасқан. Саға дегеніміз – өзеннің арнасы, су мол келген жылдары ағыс сол сағамен өтеді.  Қазіргі мақсатымыз  –  14 су қоймасын суға толтыру.  Бүгінде  айдындардың 50%-ына су толды. Әрине, кей су қоймасының деңгейі ертең төмендеуі кәдік.  Өйткені ондағы суды каналдармен әрі қарай көлдерге, тоғандарға, көбіктерге таратамыз. Қысқы маусымға дейін 30-35% қоры болса, ол жақсы көрсет-кіш болып саналады.  Негізі 35-40%-дан артық су кіргізуге болмайды, өйткені алдағы көктемде судың қалай келетіні белгісіз.  Су көп келсе, қоймалардағы жиналған су кемерінен асып кетеді, тасқын болады. Былтыр қысты 22%  көлемінде су жинап қарсы алдық. Өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда су 1,5 есе көп жиналды. Су жүйелеріне секундына 73-80 текше метр су келуде. Наурыздың 23-індегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі Орал қаласы маңында орналасқан су бекетіндегі су деңгейі нөлдік белгісінен 547 см жоғары болды. Салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, 2022 жылы Жайық өзенінің шарықтау деңгейі 395 сантиметрді құрады. Ресейдің Приволжский гидрометеорологиялық орталығының болжамы бойынша Жайық өзеніндегі Орал қаласының маңында орналасқан су бекетіндегі судың деңгейі 700-ден 800 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін  деп  күтілуде.

– Шынболат Бекұлы, Қараөзен мен Сарыөзеннің тасуы көңіл көншіте ме? Облыстың оңтүстік аудандарындағы лиман, шабындықтарға су шығару жұмыстарының барысы жайында  айтсаңыз.

– Қараөзенде судың тасуы орташа деңгейде. Биылғы көктем басталғалы Қараөзеннен 150 млн текше метр су алынып, лимандарға, табиғи шабындықтарға шығарылды.

Сарышаған, Сакрыл су қоймаларының деңгейін көтеру үшін су шығару жалғасуда.  Ресейдің аумағында Приузенск деген су қойма бар. Бізге жақын орналасқан, суды сол жерден жібереді. Қазіргі таңда сол қоймадан секундына 70-76 текше метр су айдалуда. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, жазда сатып алынатын суды секундына 2-4 текше метрден асырмай жібереді, мына көлем одан 20 есе көп. Көктемгі су тасқыны кезінде Ресеймен арада қалыптасқан бір қағида бар: тасқын судың 50 пайызын олар, сондай көлемді біз аламыз. Қараөзенге судың келуі бір аптаға дейін созылады. Кейде суға талас болып та жатады. Соны реттейтін мамандарымыз Жаңақала, Казталов және басқа да су қоймаларының  басында жүр. Жаңақала жағына Қараөзеннен су беру осы айдың 25-інен басталады.  Жайық өзенінен келетін су өңірдің 5 ауданына таратылады. Суға талас тумас үшін су бөлуге  облыс, аудан әкімдіктері тартылады. Бүгінгі таңда Казталов ауданының Жалпақтал ауылындағы тасқын суды қауіпсіз өткізу мақсатында барлық бөгет ашылып,  жер бөгеттері бекітілуде. Осының нәтижесінде тасқын су ағыны инженерлік көлтабандар мен табиғи шабындықтарды суландыруға бағытталды. Шамамен 15000 га жерге су шығарылды, сонымен қатар су өзен арнасы арқылы Сарышығанақ және Айдархан су қоймаларын толтыруға, сондай-ақ Рыбный Сакрыл су қоймасын толықтыруға берілуде. Бүгінгі таңда Саратов облысынан Қараөзен арқылы облыс аумағына 150 млн текше метр тасқын  су  алынды.

Казталов ауданы бойынша  15 мың гектар шабындық, лимандарға  су шығарылды. Екі-үш жыл бұрын Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты суландару жүйесі «Қазсушар» кәсіпорнының теңгеріміне берілді. Оған да су мол құйылуда. Оның қалпына келтірілген аумағы 6,0 мың гектар шамасында, биыл да соның кем дегенде 5,0 мың гектарына су шығады. Екі-үш жыл бұрын Теректі ауданындағы Тоғанас деген жердегі (бұрынғы «Правда» совхозы)  Шолақаңқаты су қоймасы теңгерімге  алынды. Аталған су қоймасына да шығарылуда. Шығарылған су  жобалық көлемнің 80%-ын құрайды. Ол жердегі су адамдардың демалуына, мал суаруға, балық шаруашылығын дамытуға жұмсалады. Жыл сайын су қоймасын мұндай көлемде толтыру мүмкін емес, өйткені қардың суы жылда бір көлемде болмайтыны белгілі. Былтыр Шолақаңқаты су қоймасы 100% толтырылды. Биыл да соған жақындайды деп отырмыз. Теректі ауданындағы шағын Сулысай қоймасының  да  90%-ы  толды.

Қазіргі уақытта қарауымыздағы су нысандарын тәулігіне үш мәрте тексереміз. Деңгейі аса қауіпті нысандарға, мысалға, Шаған өзеніне тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар мамыр айының 5-іне де-йін жалғасады. Кәсіпорын қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке тұрады. Жайық өзені бойынша кезекшілік мамыр айының 15-іне дейін ұйымдастырылады. Одан кейін күндізгі кезекшілік болады. Айдындардың деңгейі түсіп, суды таратып болмайынша, су ағынын бақылауда ұстаймыз.

– Киров–Шежін каналының құрылысы – бірнеше ауданның тамырына қан жүгіртетін, елді мекендердің, шаруа қожалықтарының мал-жанын суға қарық қылатын ауқымды жоба. Оны толығымен аяқтау  жоспарда  бар  ма?

– Киров-Шежін магистральды каналын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары 4 кезеңмен жүргізілуде. Оның үш кезеңі 2018 жылы аяқталды. Қаржының бөлінуіне байланысты жөндеудің 4-кезеңі былтыр Көшім ауылының тұсында басталды. Ауқымды жұмыстар бітіп, енді қалқымалы су сорғы қондырғысы орнатылмақ. Су сорғыны Оралдағы кеме жасау зауыты 90%-ға дайындап қойды. Көктемгі су тасқыны аяқталысымен сорғы орнатылады. Ондағы мақсат – Жайық өзеніндегі суды сорғының көмегімен көтеріп, Жайық  – Көшім суландыру жүйесіне су жіберу. Бұл су жүйесі  Бәйтерек, Тасқала, Казталов, Жаңақала, Ақжайық аудандарына су береді. 2019, 2020 жылдардағыдай құрғақшылық болғанда суландыру жүйесіне Жайықтан су жіберіледі. Каналдың тағы бір ерекшелігі – бассейнаралық су тарту жүйесі. Су канал арқылы Қараөзен өзеніне түсіріледі. Деңгейі көтеріліп жатса, суды Киров – Шежін каналымен Қараөзенге жібере аламыз.  Бірақ биыл Қараөзенге су мол келуде. Қараөзен суы әрі қарай Сарышығанақ көлін толтырып, Жаңақалаға қарай ағады. Сарыөзенге  Ресейден секундына 20 текше метр су алынуда. Ресейдің Варфоломеев су қоймасы Ресейдікі болғанымен, оң жақ бетіндегі су қашыртқы ғимараттары  – біздің елдікі.  Былтыр  157 млн текше метр су алынды. Ағымдағы жылы да Ресейдің Еділінен былтырғы көлемдегідей су алуға қаржы бөлінді. Көктемгі қар суы оншақты күннен кейін бітеді, жаз айларында басқа келетін су жоқ, сондықтан Еділдің суын аламыз. Екі өзенге суды жеткізу үшін бес рет сорғымен көтереді. Электр қуатының, қызметкерлердің жалақысы деген секілді  шығындарды өтейміз.  Суды сатып аламыз дегеннің ішіне осының бәрі кіреді.

 

– Ақжайық ауданы аумағындағы Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесінің жобасы аяқсыз қалды.  Тайпақ жұрты осы жобаға  көп  үміт  артып  еді..

– Иә, бұл жоба аяқталмай қалды. Жоба бойынша Жайықтың суын Ақжайық ауданы тұсынан сорғымен көтеріп, бұрынғы Жайық – Шалқар каналымен Ащы өзеніне су жеткізу  болатын. Ащы өзенінен су сорғы арқылы Солянка - Азынабай – Тайпақ каналы арқылы Өлеңті өзеніне  түсуі тиіс-тұғын. Өлеңтінің су деңгейін көтеріп, төмендегі Аяқ деген су қоймасынан каналға су беру керек еді. Ол өзен біздің мекеменің теңгерімінде емес. Биыл Өлеңті өзеніне су келді деседі. Осы жоба қаржы бөлінбей тоқтап қалды. Бұл өзі кеңестік заманда болған жоба еді. Бұрынғы кезде 5 000  гектардай тұрақты суармалы жер, 2000 гектар лиман болған. Ең бастысы, мал суаруға жағдай болды. Жоба іске қосылса, 350 000 гектар жер суландырылар еді. Қазір сондай көлемде мал жайылымы болмай отыр. Кенезесі кепкен шөл даланың экожүйесі жақсарар еді. Бұдан 4-5 жыл бұрын Қурайлысайда ірі қара мал түйіліп өлді. Мамандар зерттеп қараса, күні бойы жайылымда шөпке тойып алған мал кешке ауылға шөлдеп келіп, суды қанып ішкен ғой. Жоба аяқсыз қалса, Жайықтың бұқар бетіндегі мал жайылымсыз қала береді. Жыланды, Қырыққұдық деген елді мекендер су жоқ болған соң, иесіз қалды. Кеңсуат, Қарауылтөбе, Қызылжар және басқа да елді мекендердің малы Жайықтан су ішеді. Өзенге орман-тоғай арқылы барады, айналаны отап, құртып жатыр. Су жоқ болса, мал ұстау қиын, атажұртта малсыз күнелтіс жоқ.  Биыл, шүкір, шөп болады, бірақ малға  бәрібір  суат  жоқ.

 

Сұқбаттасқан Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале