Жыл ортасына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов іссапармен Шыңғырлау ауданында болды.

Сапар барысында аудан спортшыларымен және салаға жауапты мамандармен кездескен басқарма басшысы жергілікті атлеттерді мазалаған мәселелерге де қанықты.
Ауданның былғары қолғап шеберлері басқарма басшысына толыққанды жаттығу өткізіп, жарыстар ұйымдастырған кезде ринг таппай қиналатынын жеткізді. Басқарма басшысымен кездескен уақытта боксшылардың жанайқайын аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев те айтты.
Бұрыннан бокс мектебі қалыптасқан аудан спортшыларын мазалаған мәселені шешуге күш біріктіре кіріскен әкімі мен басқарма басшысы ауыл боксшыларына арналған рингті алдырды.

Алматыдан арнайы алынған шаршы алаң аудан орталығына орнатылды. Бюоксшыларды қуанышқа бөлеген шараға арнайы келіп, рингті орнатуға қол ұшын берген танымал бапкер Александр Пятин көптен шешілмей келген мәселені реттеп берген басқарма басшысы мен аудан әкіміне ризашылығын білдірді.

Енді былғары қолғап шеберлері алаңсыз жаттыға алады. Ал жарыс ұйымдастырушылар бұрынғыдай көрші аудандар мен облыс орталығынан ринг тасымайды.

Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»