7.08.2024, 10:00
Оқылды: 155

Шыңғырлауда аурухана ғимараты күрделі жөнделеді

Шыңғырлау орталық аудандық ауруханасы 1978 жылы салынып, пайдалануға берілді. 2007 жылдан бері жөндеу көрмеген нысан науқастардың сапалы ем алуына біршама қолайсыздық тудырып отырғаны жасырын емес. Биыл медициналық мекеме ғимараты жаңартылып, жөнделеді деген ақжолтай хабар аудан-ауыл жұртшылығын қуантты.

3F9E4418-D9C0-4F22-9832-1E5381874BEB
Өңір басшылығы және денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы есебінен 1 млрд 300 млн теңгеге аурухана ғимараты күрделі жөнделеді. Былтыр құрылыстың жоба құжаттамасы жасақталып, мемлекет сараптамасынан өтті. Тозығы жетіп, ілдебайлап келе жатқан кәріз, жылу және басқа да коммуникация  жаңғыртылады. Енді жөндеу жұмыстары жыл аяғында немесе алдағы жылдың басында басталуы тиіс. Басты түйткілді мәселе шешімін тапты деп қуанып отырмыз, – деді аталмыш аурухананың директоры Қылыш Жазықбаев.

Денсаулық сақтау нысанына акушер-гинеколог, хирург мамандар қажет. Бірақ аурухана асшысының айтуынша, акушер-гинеколог жетіспеушілігі мәселесі шешілген, мамыр айында Астанадан жас маман отбасымен қызметке келді. Аудан әкімшілігі отбасылы дәрігерге үй берді.

Эпидемиолог дәрігер де қызметке келуге ниетті. Әлі келіссөздер жүргізілуде.

– Осылайша кадрлар сапы жаңа мамандармен толығуда. Қазіргі кезде шалғай Шыңғырлауға еңбек етуге келген ақ халаттыларға 5 млн теңге көтермеақы беріледі. Ауылға мамандардың маңдай түзеуіне мемлекеттің беретін қолдау-көмегінің әсері зор. Бұл бағытта да өңір басшысының да қолдауы сезіледі, – деді Қылыш Жолдыбайұлы.

Директордың өзінің мамандығы – хирург, көбіне ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Әрине, ауыр жағдайда түскен науқастарға ота жасаудан тартынып қалған емес. Ауылдарда орта буын медицина қызметкерлері, фельдшерлер, медбикелер тапшы. Аурухана өкілдері Оралдағы медициналық колледжінің биылғы түлектеріне «құда түсуге» барды.

Шыңғырлаудың бай тарихы туралы әңгімелеп, ауыл-аудандардағы игі істерді көрсететін бейнеролик ұсынды. Әзірге бір маман (медаға Ақтау ауылына), екі акушер (Ақшат, Қараағаш ауылдарына) босаған орындарға қызметке бармақшы.

Дәрігерлерді, орта буын қызметкерлерді жұмысқа тарту тұрақты, жыл бойы жүргізіледі. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдарға қызметке келген мамандарға жеңілдетілген несиеге үй беріледі. Осы жобаны пайдаланып, үй алып, елді мекендердегі ата-анасын орталыққа көшіріп алып жатқан жастар баршылық.

Аурухананың медициналық қондырғы, жабдықтармен жабдықталуы 79-80% шамасында. Флюроаппарат ескіргендіктен, сол жабдыққа және 3D-УЗИ аппаратына тапсырыс берілді. Одан басқа
17 жабдықты жаңарту жоспарланып отыр.

Меджабдықтардың «тілін» білетін мамандар бар. Зертханада гематологиялық, биохимиялық, жалпы сараптамалар жасалады. Басқа маркер гепатит, АҚТҚ (СПИД) секілді күрделілеу ауру түрлері мемлекеттік және жеке зертханаларда сарапталады. Аудандық аурухана құрамындағы емхана 150 адамды, стационарда  40 кереует орын науқасты қабылдайды. Ауруханада хирургия, терапия, акушерлік-гинекология, инфекция, балалар бөлімдері жұмыс істейді.

– Статистикалық дерек бойынша ауданда 12 900 тұрғын бар. Соның 11 900-і жергілікті медициналық ұйымға тіркеулі. Жұмыс істемейтін не өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша кейбір қиындыққа тап болатыны жасырын емес. Олар жас шамасына қарай скринингтен өтеді. Кейін анықталған ауруына байланысты ем алу кезеңінде оларға дәрігерлік қызмет көрсетілмейді. Осы түйткілді мәселеге байланысты аудандық штаб құрылды. Штабқа осындай МӘМС жүйесі бойынша ем-дом ала алмайтын азаматтардың тізімін береміз. Әрі қарай ондай адамдарды мансап орталықтары және басқа да құрылымдар арқылы жұмысқа тартады. Жеке кәсіпкерліктер салық есептерін тапсырады, олардың аударымдары бар. Ал таксиші-
лердің, малмен күнелтетіндердің, жөндеу жұмыстарымен айналысатындардың, вахтамен жұмыс істейтіндердің медициналық сақтандыру жарнасы уақтылы төленбейді. Осындай мыңға тарта адам бар. Көмек көрсету пакеті бойынша оларға қатты ауырған жағдайда жедел түрде медициналық көмек көрсетіледі. Қосымша зерттеу, жоспарлы түрде ауруханаға жолдайын десеңіз, ақпараттық жүйеден сақтандырылмаған деп шығып, қолыңыз кесіледі. Әлеуметтік маңызы бар ауруларды, мысалға, туберкулез, обыр ауруларын ертерек анықтауда кедергіге тап боламыз. Ондайда кей азамат ақылы қаралады, кей жанның ақылы қаралуға мүмкіндігі болмайтынын көріп жүрміз, – деп түсіндірді Қылыш Жолдыбайұлы.

Аудан тұрғындары арасында жүрек қан тамырлары аурулары көп кездеседі. Сол аурумен есепте тұрғандар баршылық. Сондықтан дәрігерлер халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жүргізуде.  

Аурухана жаңарып, жаңа қалыпқа енгеннен кейін науқастарға сапалы ем алудағы кей қолайсыздықтар жойылады деп күтілуде.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале