Оралдықтар сенбінің таңын бәйгемен атырды. Бортаудағы атшабарға жиылған ағайын 31 шақырымға созылған "Ұлы аламан" жарысын асыға күтті. Әрісі Алматы мен Қарағанды, берісі Атырау мен Ақтөбеден, маңғаз Маңғыстаудан келген жүйріктердің бәйгеге тігілген қомақты қаржыны алып қалуға деген ниеттері де ерекше. Ауыздықпен алысқан сәйгүліктер де жер теуіп, оқыранып бәйгені баста дегендей тыпыршыды.
Басталды. Әп дегеннен бір топ жылқы оқтай ұшты. Олардың ішінде "Атаман", " Секрет", "Қостөбел" мен "Араб" және "Сильвия" болды. Бірнеше айналым бойы қарсыластарымен қапталдасып, өзгені ұзатпай, өздері де сыр білдірмей, көп жылқының ішінде болған бес жүйрік соңғы үш айналым қалғанда көсіле шауып, қарсыластарын бірінен соң бірін шаң қаптыра берді. Соңғы айналымға дейін құйрық тістесіп келген бесеудің ішінен "Сильвия" мен "Қостөбел" суырылып шыға берген оларға "Араб" ілесті. Соңғы 500 метрге бірге кірген үш жылқының ішінен суырылып шыққан теректілік Әли атты шабандоз тізгіндеген "Сильвия" мәре сызығын бірінші болып кесті.(Ат иесі Жаңабаев ШҚ). Бас жүлдеге соңына дейін таласқан "Араб" атты сәйгүлік Тасқала ауданының намысын жықпай, екінші орын иеленсе(иесі Бауыржан Мәмбетов), үшінші орынды Маңғыстаудан келген "Қостөбел" иеленді (Ат иесі: Қалпақбай Қорғанов). Жарыста төртінші орын алған Ақтөбеден келген Қалдыбек Нұрпейісовтің "Секреті" мен маңғыстаулық Мұқаш Үмітбаевтың "Атаманы" да жүлдеге ие болды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz