Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз мәслихатында Германияда жоғалған Қазақстан азаматы туралы пікір білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
«2024 жылғы 5 маусымда Майндағы Франкфурт қаласындағы (Германия) Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан 2024 жылғы 3 маусымында қызы жоғалып кетуіне байланысты арыз түсті. Бас консулдық осы істі өтініш келіп түскен сәттен бастап ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскен сәттен бастап біздің дипломаттар жергілікті полицияға хабарласып, полиция өз кезегінде жедел іздестіру іс-шараларын бастап кетті. Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қылмыстық істің мән-жайы жария етілмейді және оған біздің тікелей араласуға құқығымыз жоқ», - деді ресми өкіл.
Айтуынша, қазақстандық дипломаттар жоғалған қыздың туыстарымен тікелей байланысты.
«Қазіргі таңда Германяиның сыртқы істер министрлігіне бұл істі ерекше бақылауға алу және барлық қолғабыс көрсету туралы арнайы хат жолданды. Жақын арада неміс тарапымен бірлесіп, туыстарына виза алуға жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Айбек Смадияров.