Жақында БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №28 мекемесінде болып, қатаң түрде жазасын өтеп жатқан Саятқа жолығып, әңгімелестік. Саят ҚР Қылмыстық кодекстің діни экстремизм-терроризм бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның қараңғы қапаста отырғанына биыл жетінші жыл.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылғы үкімімен террористік топ сотталған. Сол кезде баспасөз беттерінде жазылған деректерге сүйенсек, деструктивті бағыттағы топтың облыс аумағында да құрылғаны келтіріледі. Ол топқа 2016 жылы маусым айында Ақтөбе қаласында болған террористік актілер кері әсер еткен. «Ахли сунна уаль жамағат» тобының мүшесі болған біздің кейіпкеріміз Саятқа да бұл жағдайлар кері әсерін тигізген.
Атап айтсақ, Саят сол кезде Ақтөбе қаласында болған қылмыстық оқиғаны «жамағат» талқылауына салып, ақтөбелік діндарлардың тарапынан болған қылмыстық әрекеттерді «дұрыс» деп түсініп, кері сипаттағы діни уағыз-насихат жүргізіп: «Дін үшін күрес бар», «Кәпірлерге қарсылық», «Тағуттарға қарсы қылыш жиһады» деп өзге діндар азаматтар арасында қате пікір тудырып, оларды қарулы қақтығыстарға шақырған. Оның үгіт-насихатымен деструктивті бағыттағы топтың құрылғаны құқық қорғау құрылымдары арқылы анықталып, әшкере болған.
Бізбен емін-еркін әңгімелескен Саят (есімі өзгертілді) мақаланы өз атымен жазылғанын қаламайтынын бірден айтты. Өйткені хат танып, кітап оқып өсіп келе жатқан мектеп жасындағы балалары бар болғандықтан олардың болашағына алаңдайтынын жасырмады.
Саят неден сүрінді?
– Мен ауылда, қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Бала кезімде тентектеу болып өстім. Өзімнің мінез-құлқымды дұрыс жағына өзгерткім келді ме, 2007 жылы болуы керек, намаз оқи бастадым. Жастау кезім. Ауылдағы балаларға ілесіп, жұма намазына бара бастадым. Ауылда дұрыс мешіт те жоқ еді, бір мекемені мешітке айналдырған. Жұма намазына біраз адам жиналатын еді. Ол кезде ауылда дұрыс жөн айтатын имамдар да аз болатын. Олардың діни білімі де терең емес еді. Бірде мен ауылдағы мешіттен бір кітапты алып оқыдым. Онда төрт мәзһабтың төртеуі де рұқсат етілген деп жазылған жерін жаттап қалыппын. Бұл да маған әсер етті. 2013 жылы Орал қаласында жұмыс істеп жүріп, мешітке бардым. Сонда қаладағы діндарлардың кейбіреуінің басқаша намаз оқитынын байқадым. Содан «Әбу ханифа» мәзһабымен мүлдем намаз оқымай қалдым. Көкейімдегі көп сұраққа мешіттен жауап ала алмадым, сол кездегі имамдарға деген іштей сенім болмады ма, өзім тоқталып қалдым ба, әйтеуір намаз оқу мәселесін өзім толық түсіне алмаған екенмін. Оңбай адасуым осыдан басталды. Әрі қарай біздің елден тыс жүрген діндарларды тыңдай бастадым. Елден жырақ шығып, діни тұрғыдан адасқан азаматтарды «өзіміздің қазақ бауырларымыз ғой», олардың діни пікірлері «дұрыс» деп қабылдай бастадым, оларға қолдау көрсеткім келді. Олардың халифат құру үшін жасап жатқан қылмыстарын дұрыс деп ойлап, сондай бір теріс діни көзқарастар пайда бола бастады. Осылайша өзімнің қалай сүрінгенімді байқамай қалдым. Мұның бәрі білімсіздіктен болғанын қараңғы қапасқа қамалғасын ғана білдік. Осыны еркіндікте, бостандықта жүрген бауырларым ұғынып, ойланса екен деймін.
Ол түрмеге неге түсті?
Менің түрмеге түсуімнің негізгі себебі – жоғарыда атап кеткенімдей, елдегі тыныштықты менсінбей, Сирия асып, діни адасуға түсіп кеткен азаматтарды – «өзіміздің қазақ бауырларым» деп, олардың қате, теріс діни пікірлерін «дұрыс» деп қабылдағаным болды. Сириядағыларды қолдадым. Өзім де сонда барып, сыртта жүріп, «бауырларыма» көмектескім келді. Бізге телефоннан түрлі бейнежазбалар келетін еді. Онда «Ислам мемлекеті» құрылып жатқаны көрсетілетін, «жақсы өмір» сүріп жатырмыз деген сипатта, бізге қате пікірдегі бейнежазбалар келе бастады. Оларды бұрыннан танушы едік, өзің танитын адам енді хадис, аяттарға сүйеніп сөйлегенде, әрине сенесің кәдімгідей. «Мынадай жерге бару керек қой. Дін жағынан еш мәселе жоқ, жақсы екен» деп ойлап қоямыз. Ал ақиқатында олар бізді толық адастырып жатыр екен, оны қайдан білейік, білімсіздік деп ойламадық. Осыдан кейін іштегі «бір ойлар» мені де мазалай бастады.
2016 жылдың жаз кезінде отбасымызбен, достарымызбен айт мерекесіне орай далаға шықтық. Ана жоғарыда айтылғандай, «теріс діни уағызға тойып алғанбыз», қара ту алып, оған «Лә иллаха иллалах» деп жазып алып, шетелдегілерді қолдап, сол тумен фотоға түстік. Оның алдында Ақтөбеде терракт болған еді. Жалпы намаз оқитын балалар жиналып, кездесіп жүрдік. Ол жерде діни негіздегі уағыз-насихат айтылатын еді, бірақ мен ешкімді ешқайда шақырған жоқпын. Дегенмен «Отбасыммен Сирияға барсам» деген ойым болғаны рас. Сол «Ту» оқиғасынан кейін бізді құқық қорғау құрылымдары ұстап алып, тергеу жүргізу үшін түрмеге жауып тастады. Кейіннен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, сот болып, жазаға үкім шығарылған болатын.
Құтқарушы теолог кім?
Саят алғашында түрмеде не үшін отырғанын түсінбей жүреді. Ол «Адам өлтірген жоқпын, ешкімді ұрып-соғып, зорламадым, еш нәрсе ұрламадым. Мына қылмыскерлердің қасында не істеп жүрмін?» деп, сан түрлі ойға беріліп, өзін түпсіз терең тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінеді. Саят түрмедегі өмір туралы айтқысы келмейді. Қараңғы қапас, сотталғандар... Тек ұзақ ойланасың бұл жерде. Тар қапаста отырып, өмірден түңіліп кеткен кездері де болған. Оның жан дүниесіндегі ішкі арпалысы мен кеудесін кернеген көп сұраққа жауап табылмайтындай, қараңғылықтан енді шыға алмайтындай күйде болады. Бірақ жауап бар екен. Жанын жегідей жеген сұрақтарына жауап алғанда ол қараңғы түннен кейін жарқырап күн шыққандай қуаныпты.
– Алғашында мен Қызылордадағы түрмеде болдым. Ол кездегі халімді айтып жеткізе алмаймын. Көпке дейін түнеріп, күйзелісте жүрдім. Түсінгенім, күйзелістегі адам бәріне дайын болады. Тіпті өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Теолог мамандар, діни қызметкерлер келеді. Ешқайсысымен сөйлескім келмейді. Бірде Мейрамбек деген теолог маманмен сөйлестім. Ливияда жеті жыл оқыған. Дін туралы түсінігі терең, мықты білімді азамат екен. Менің бар сұрағыма кітаптарын ашып жіберіп, арабшадан аударып, сол түсіндірді. Енді Мейрамбекті «Мәке, сөйлесейікші» деп өзім іздейтін болдым. Сол сәтте ғана мен адаспас үшін білім керек екендігін анық түсіндім. Білмейтін нәрсені жасап қажет емес екен. Сұрағына жауап тапқан адамның көңілі орнына түседі, өңі кіреді. Маған да айналамдағылар «Түрің жарқырап жақсы болып қалыпсың ғой» деп айтып жатты. Шынымен де, ойым өзгеріп, қасымдағы сотталушылармен сөйлесетін деңгейге жеттім. Қараңғыдан жарыққа дер кезінде шыққаныма қуанамын. Өмір жолында маған дұрыс бағыт-бағдар берген Мейрамбек деген теологқа дән ризамын, – дейді бізбен бүкпесіз әңгімелескен Саят.
Түрме өмірінен ол не түйді?
«Әр қазақ - менің бауырым» дегендей, қазақ бауырларымды түрмеден көргім келмейді. Олардың білімсіздіктен мен секілді тар қапасқа қамалғанын қаламаймын. Өйткені артында жылап-еңіреп отбасы, бала-шағасы қалады. Оларға не айтасың? Қалай түсіндіресің? Осы сұрақтар санама маза бермейді. Аллаға шүкір, балаларым өсіп келеді. Анам мен жұбайым оларды тәрбиелеп, өсіруде. Қаңтар айының басында тағы бір перзентім өмірге келді. Осындай сәулелі сәттер мені алға жетелейді. Шыны керек, түзелсем, өзім үшін түзелдім. Ақиқатында, теріс ағымдардың зардабын қатты тарттым. Сондықтан діндар бауырларым бас мүфтидің бағыт-бағдарына бағынса екен деймін. Бәрін бұзатын – ютуб, әлеуметтік желілер. Ол жерде тексерілмеген ақпараттар таралады. Шетелдегі, сырттан келген уағызшылардың теріс діни уағыздары қазір әлеуметтік желілерде өршіп тұр. Қаншама бауырларымыз ғаламтордағы сырттағылардың өтірік уағыздарына сеніп қалып жүр. Одан аулақ болу керек. Теолог мамандар келіп, түзету мекемесіндегі сотталғандармен жақсы жұмыс істеуде. Бірақ дінге қатысты заң өте қатал. Жаза өтеу жеріне келіп, бәрін түсінгеніңмен өте кеш болады. Сенің ойың өзгеріп, түзелгеніңді көріп тұрса да, ешкім сен үшін басқа статья шығарып, түрмеден босатып жібере алмайды. Сондықтан жазаңды өтеп, жылыңды күтіп отырасың. Әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой. Кейде ойлаймын, сол адасқан күйі Сирияға кетіп қалсам, қазір бармын ба, жоқпын ба? Оны бір Алла біледі... Отбасым тоз-тоз болып кетер ме еді?.. Аллаға шүкір, тәубеме келдім. Қай жерден қателескенімді түсіндім. Енді бостандыққа шыққаннан кейін де, жан-жақтағы теріс ағымдарға ілеспей, дұрыс жолмен жүруім керек. Ешкім адаспаса екен...
Саяттың әңгімесін жазып алған Гүлжамал Жолдығали,
Фото: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz