Биылғы оқу жылы мәреге таяғанда Оралдағы №33 мектепте жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллинмен кездесу өтті. Бұл шараға мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Іс-шарада, алдымен, қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде бейнебаян көрсетілді. Мектеп оқушылары қаламгердің балаларға арналған шығармаларынан сахналық көріністер қойды. Жеткіншектерге арналған шығармалары антологияға енген қаламгер өрендерге өзінің балалық шағы мен шығармашылық жолы жайында мазмұнды әңгіме өрбітті.
Ана тілін кемел меңгеру үшін қазақ халқының фольклорынан бастап, балалар әдебиетіне атсалысқан аға буынның, қазіргі қаламгерлердің шығармаларын оқу керек. Кітап оқитын баланың дүниетанымы жанжақты, ойлау көкжиегі кең, сөздік қоры мол болады. Мұндай қадір-қасиетке ие жан адамдарды сөзіне ұйытып, соңынан ертіп, ортақ мүддеге жұмылдыра алады. Сонау XVIII ғасырдың өзінде француз философы Дени Дидроның: «Кітап оқуды қойған адам, ойланудан қалады» деген сөзі күні бүгінге дейін өзекті. Қазіргі кезде кейбір балалар әртүрлі жағымсыз қылықтарға, тіпті қылмыстық әрекеттерге барады. Осының өзі оңдырмай опындыратын ойсыздықтың кесірі. Компью-терлік технологияны түгелдей жоққа шығармаймын. Оның пайдасы да орасан. Бірақ компьютер көбіне-көп қысқа-нұсқа ғана ақпарат беріп, баланың ізденісін тұсаулайды, әрі қарай өреннің ой-өрісін жетілдірмейді. Сондықтан қазірден үлкен өмірге, болашаққа дайындалып, кітапты көп оқып, ойлау көкжиегіңізді кеңейтіңіздер, – деді ол.
Бұдан әрі өрімталдай ұл-қыздар жазушы-журналистке көкейдегі сұрақтарын жаудырды. «Кішкентай кезіңізден кітапқұмар болдыңыз ба? Журналистік жолыңыздың бастауында кімдер тұр? Балалық шағыңыз қалай өтті?» іспетті сауалдар жолдаған Айару Кимеден, Шыңғыс Сабыррахман, Нұрәлі Өмір-ұзақов, Нұрхан Қуанғалиев сынды жасөспірім-көкөрім оқырмандарының сауалдарына қаламгер бала психологиясына лайықтап жауап қайтарды. Ол бала кезінен сол кездегі өзі құралпы жеткіншектер сияқты кітапты көп оқығанын, ауылдағы және мектеп кітапханасындағы қазақ және әлем жазушыларының көркем әдеби шығармаларын оқығанын, тіпті бірге ойнайтын балалардың үйінде тартымды кітаптар болса, соны уақытша оқуға сұрап алатынын тілге тиек етті. Әрі сол кездегі балалардың арасында «Сенің бөпең көп, кітабымды жыртып тастайды» деп кітапты қызғану дағдысы болғанын жазушы балалар ұғымына сай ұғынықты мысалдар келтіре баяндады.
– Алдымен, кітап оқуға ата-анам баулыды. Үйдегілер балалық шағымызда балаларға арналған «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері», «Пионерская правда» газеттерінен бастап, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Орал өңірі» газеттеріне қоса, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарына үзбей жазылатын. Біз құралпы балаларды алғаш кітап оқуға баулыған – ата-анамыз, сосын, мектептегі мұғалімдеріміз. Мектеп оқушысы кезімде Бердібек Соқпақбаев, Аркадий Гайдар, Өтебай Тұрманжанов, Джек Лондон, Машқар Гумеров секілді балаларға арнап әңгіме, хикаят, өлең жазатын ақын-жазушылардың кітаптарын оқып өстік. Табиғат аясында серуендеп, таза ауада көп ойнадық.
Әке-шешемізге көмектесіп, үй шаруасын да істедік, отын жардық, су тасыдық, мал жайладық дегендей. Ойнап та, сабақ оқып та үлгердік. Тағы да айтамын, телефонға бірнеше сағаттап телмірмей, кітап оқыңдар. Кітап оқыған бала қаршадайынан жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренеді, – деді қаламгер.
Кездесуде сондай-ақ мектептің Назгүл Кереева, Ақжан Талғатова, Толқын Қаратаева сияқты жас ұстаздары жазушының шығармалары бала жүрегіне жол тапқанын, шынайылығымен, көркемдігімен үлкендердің де көңіл төрінен орын алғанын тілге тиек етті. Мұғалімдер жазушының «Қысқы орман», «Ортақ ерлік», «Етікші», «Бір түнгі жалғыздық» әңгімелерінен алған әсерін айтып, слайд, түрлі-түсті суреттер арқылы әңгімеледі. Мәселен, «Етікшінің» мазмұны фотогалерея түрінде баяндалды. Мысал
жанрында жазылған «Етікшінің» мазмұнын баяндау барысында оқиға желісі «Подмосковные вечера» әнімен, сондай-ақ кейбір комедиялық фильмдердегі көңілді әуендермен үндесіп, құдды бір кинопанорама көргендей әсер қалдырды.
– Сіз неге етікші туралы жаздыңыз? – деп сұрады бір қоңырқай өңді сүйкімді балақай.
– Балалар, сендер ақын-жазушылардың үнемі ғарышкерлер немесе өнер, спорт жұлдыздары туралы жазғанына үйреніп қалғансыңдар ғой. Қазақта «Адал кәсіптің жаманы жоқ» деген мәтел бар. Етікші өз мойнына алған жұмысты тап-тұйнақтай қылып атқарады. Ұқыпты, еңбекқор, көп сөйлемейді, уәдесінде тұрады. Өзінің қолынан не келіп, не келмейтінін жақсы біледі. Міне, мен «Етікші» мысалында оның, яғни етікшінің осындай қадір-қасиеттерін босбелбеу шенеуніктер мен үйіп-төгіп уәде бергіш көптеген депутатқа үлгі еткім келді, – деп жауап берді жазушы әлгі сұраққа.
Жүздесу соңында осы кездесуді ұйымдастырған мектеп кітапханасының меңгерушісі Бибігүл Есмағұлованы сөзге тартқанымызда, ол бұл іс-шараның «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізілгенін айтты.
– Жасөспірім оқырмандар қаламгердің шығармашылығымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ қойылған сауалдарға жазушының мәнді де мазмұнды жауап бергеніне ұстаздар ұжымы мен оқушылар түгел разы болды, – деді бізбен әңгімесінде кітапхана меңгерушісі.
Нұрымбек Жапақов