Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық сотының үкімімен жергілікті пабликтердің бірінің әкімгері төтенше жағдай режимінде қоғамдық тәртіпті бұзуға арандатқаны үшін 30 тәулікке қамауға алынды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында экстремистік ұйымның іс-әрекетін насихаттап, митингке шақырған жазба қалдырған.
«Қоғамдық тәртіпті бұзуға шақыратын әрекеттер үшін жауапкершілікті барлығы түсінуі қажет. Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтардан саналылық және жауапкершілік танытуды сұраймыз. Барлық қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде уақытша шектеулер, ең алдымен, халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған», - дейді СҚО коменданты, ПД бастығы Марат Төлебаев.
Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Жалған ақпарат таратқан азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. ҚР заңнамасында қоғамдағы тәртіпті бұзуға әкелетін әлеуметтік және ұлтаралық араздықты қоздыруға ықпал ететін арандатушылықтар үшін де жауапкершілік бар.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбаған жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, СҚО полиция департаментінде төтенше жағдай кезінде шектеу шаралары мәселелері бойынша азаматтар CALL-орталығының 8 7152 61-25-42 телефонына хабарласа алады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті тұлғалар, фактілер, сондай-ақ төтенше жағдай режимін бұзу туралы «102» арнасына хабарлауды сұрайды.