Галина Валитова Ресейдің Смоленск қаласында 1944 жылдың қаңтар айында дүниеге келді. Әттең, дүниеге шыр етіп келген сәбидің алдағы өмірі қиын күндерге ұласарын ол кезде кім білген? Әкесі Николай соғыстың қайнаған ортасында жаумен арыстанша арпалысып жүріп қаза тапты. Ал, анасы Марфа аяқ асты ауыр кеселге душар болып, қайтыс болады. Иә, маңдайдағы тағдыр жазуы солай болса, одан кім қашып құтылады, көнесің, шыдайсың. Марқұм Марфаның туған сіңлісі Ольга Антонқызы өте мейірімді, қамқор жан болды. Ілезде ата-анасыз шырқырап қалған Галяны апасымен бірге бауырына басып, өз ұрпағындай етіп тәрбиелеп өсірді.

Аялы алақан жылуын сезіне білген Галина Николайқызы Смоленск қаласынан орта мектепті өте жақсы бағамен бітіріп, бірден қаладағы техник-инженер мамандығын даярлайтын техникумға оқуға түседі. Көрікті, талдырмаш келген орыстың сары қызы Галина құрбыларымен техникумда білімге зеректігімен, білгірлігімен көзге түсті. Сондықтан болар, аталмыш оқу орнын аяқтаған жас мамандарды жан-жаққа бөлгенде Галина мен құрбысы Валентинаға маман тапшы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына арнайы жолдаманың бұйырғаны. Оралға табандарын тіреген қос құрбыға байланыс саласында маманға өте зәру болып отырған Жымпитыға баруға тура келді.
Сөйтіп, 1963 жылы Галина Николайқызы құрбысы Валентина екеуі аудан орталығындағы байланыс орталығына қызметке тұрды. Өзінің етінің тірлігінің, қазақ тілін қалай да үйренемін деген қайсарлығының нәтижесінде орыстың сары қызы Галина қысқа мерзімде қазақша сөйлегенде, өзгелерді шаң қаптыратын деңгейге жетіп, әріптестерін таң- тамаша етті.
Галина Николайқызы 1963 жылы татар жігіті Марат Валитовпен танысты. Екі жылдан кейін екеуі үйлену тойын дүркіретіп өткізді. Тойға қаумалап қызметтестері, достары, ағайындары келді.
Марат полиция саласында ұзақ жыл еңбек етті. Оның еңбек жолындағы іздері Тоғанас, Алғабас, Жымпитыда сайрап жатыр. Әттең, доғарыстағы майор Марат Валитов 2001 жылы өмірден озды.
Отбасында Марат пен Галина тәрбиелеп өсірген, бір-бір шаңырақтың иелері атанып, қызмет атқарып жүрген ұрпақтары бар. Ольга, Лилия, Дамир – бүгінде анасының көз қуаныштары.
Валитовтер әулеті – қазақ, корей, әзірбайжан ұлтымен құдандалы болған, қоғамдық келісім мен татулықты, салт-дәстүрді берік орнықтырған өнелегі отбасының бірі.
– Өзім қасиетті Қазақстанға әбден бауыр басып кеттім, қазақ тілінде еркін сөйлеймін, қазақы дәстүрді, ұлттық тағам, құдалықты өте қастерлеймін. Тіпті жымпитылықтар мені қазақ бауырындай сыйлап, құрметтейді. Көшеде кездескен балаларға дейін маған қазақша сәлемдесіп, қолымдағы затыма көмектеседі, риза болып қаламын. Ұрпақтарымның бәрі де Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептен білім алды. Бүгінде тұңғыш қызым Ольга Шымкент қаласында, күйеу балам Александр корей ұлтынан, екі ұлдары бар, ал Лилия болса Шымкентте, күйеу балам Фархадтың ұлты – әзірбайжан, екі қыздары бар, өзім бүгінде ұлым Дамир, келінім Гүлназ бен төрт немеренің қызықтарына кенеліп отырған жайым бар, – дейді Галина Николайқызы ризашылықпен.
Байланыс саласында 40 жылдай жемісті қызмет атқарған техник-инженер Галина Валитованың еңбегі елеусіз қалмады. Еңбегі ескеріліп, талай марапаттарға ие болды.
Айтқандайын, жолдамамен Жымпитыға қызметке келген құрбысы Валентина да қазақ жігітімен көңіл жарастырды. Бұл күндері Орал қаласында тұрады, ұрпақ қызығын көріп отыр. Қос құрбы анда-санда болса да өткен-кеткен оқиғаларды әңгімелеп, шүйіркелесуге де уақыт табады.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесі аталып өтті, бұл – үлкен жетістік, абырой. Басты айтарым, қасиетті қазақ жерін мекендеген әр ұлт өкілі ел бірлігін сақтау жолында өзіндік үлестерін қосуда. Осы бірлігіміз, татулығымыз ұзағынан болсын, – дейді ардақты әже Галина.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы