Орал қаласындағы М. Мәметова мемориалдық музей бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Сталинград шайқасындағы кеңес әскері жеңісінің 80 жылдығына байланысты дөңгелек үстел отырысы өтті.
«Соғыс шарпыған Жәнібек, Шоңғай, Сайқын стансалары» атты тақырыпта өткен басқосуда аталған музейдің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов 1942 жылдың күзінде жаудың танк құрамаларының Еділге жетіп, әуе күштерінің Саратов, Астрахан қалаларының аралығындағы стансаларға бомба тастағанын, сөйтіп, соғыс зауалының Сталинградқа көршілес орналасқан Орда, Жәнібек аудандарын шарпығанын архив материалдарына сүйеніп баян етті. Оған еңбек ардагерлері, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті тарих факультетінің студенттері, шақырулы меймандар қатысты. Жау ұшақтарының Жәнібек ауданын бомбалағанын бала кезінде өз көзімен көрген осы ауданның тұрғыны, марқұм Үміт Ибраеваның естелігі оқылды. Бұдан соң дөңгелек үстелде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Әділгерей Ғаббас, Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, еңбек ардагері, Жәнібек ауданының құрметті азаматы Қозыкеш Омаров, еңбек ардагері Люба Ғайсағалиқызы бала кезінде Сталинград шайқасы туралы үлкендердің аузынан естіген естеліктерін ортаға салып, жастарды тарих тағылымынан тәлім алуға, оларды еліміздің отансүйгіш, патриот ұл-қыздары болуға үндеді. Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Жұбан Ғұмаров соңғы жылдары Шоңғай және Сайқын ауылдарының аумағынан табылған соғыс жәдігерлерімен таныстырды.
Сондай-ақ ол өзінің шәкірттерімен іздеу тобы бағытында атқарған жұмысы жайында кеңінен баяндап, Сайқын ауылында жерленген боздақтардың РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен «Память народа» сайты арқылы тапқан құжаттары хақында мәлім етті. Музейде өткен іс-шара барысында Орал қаласы білім беру бөлімі мектептен тыс жұмыс орталығының «Жас дарын» үйірмесінің мүшелері – Іңкәр Наурызғали, Ақнұр Жандосқызы, Айнамкөз Өтеміс «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны», Қасым Аманжоловтың «Үстімде сұр шинелім», Мұқағали Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі» өлеңдерін мәнерлеп, жатқа айтып, жиынға қатысушы меймандардың қошеметіне бөленді.
Нұрым Нұрманов,
Орал қаласы