1941 жылы басталған соғыстың алғашқы айларында Ресейдің орталық аймақтарынан Қазақстанға ірі кәсіпорындарды көшіру туралы шұғыл шешім қабылданады.
1941-1942 жылдары Қазақстанға 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінеді. Алматының бір өзінде 34 заводтың цех жабдықтары орналастырылады.
Айталық, Луганск паровоз жасау заводының бір бөлігі (АЗТМ), Карачар механикалық заводы, Харьков вагон жөндеу заводы, Воронеж машина жасау заводының бір бөлігі, Подольск цемент жасау заводының жабдықтары тағы басқасы көшіріліп әкелінеді.
Сондай-ақ 26 жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнын жабдықтары Херсон аяқкиім фабрикасы, Харьков былғары заводы, Киев аяк киім фабрикасы, Азов былғары заводы, Клинцов жұқа шұға комбинаты, Карело-Фин шұға фабрикасының жабдықтары шұғыл түрде Қазақстанның қалаларына аттандырылады.
Қазақстанның Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Семей, Петропавл қалаларында аталған кәсіпорындар мен фабрикалар жедел түрде орналастырылып, майдан қажетін өтеуге дайын болады.
Эвакуациямен келген кәсіпорын және фабрика жабдықтары республикада өнеркәсіп және трикотаж өндірісін құруға зор мүмкіндіктер берді.
Әкелінген кәсіпорын және фабрикалар негізінде жаңа салалар пайда болады, мұның өзі републикада халық шаруашылығының жекелеген салаларында мамандар даярлауды және белгілі бір мамандықты игерген жұмысшы табын қалыптастырады.
Зұлқожа Шарафутдинов
zhaikpress.kz