
Асқар Ақышев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еңбек ардагері
Мен 1990-1994 жылдардағы қалалық кеңестің депутаты, Орал қаласындағы №20 мектептің директоры ретінде өз көзіммен көрген, басымнан кешкен оқиғаларды баяндайын. 1991 жылғы қыркүйекте шаһардағы Ленин даңғылының екі жағында ұлтқа бөлініп, бетпе-бет тұрған қиын сәтте, бауырымыз М.Балмолда аштық жариялап, азаттық қозғалысының ең шиеленіскен тұсында сол қозғалыстың белсенділері Аманжол Зейнуллин және Айсұлу Қадырбаевамен алғаш танысқанымды ерекше құрметпен еске аламын. Сол кезде екеуі маған келіп, қиын жағдайдағы қаламызда алғашқы қазақ сыныптарын ашқанымды атап, ризашылықтарын білдірді. Ертеңіне өтетін сессияда азаттық белсенділеріне қатысып, талаптарын тыңдауға рұқсат беру туралы ұсынысты айтатын депутат табылмай, маған үлкен сенім артып, өтініш жасағандары есімде. Сол сессия үш күн бойы таңнан кешке дейін талас-тартыспен өтті. Сол кезде оларға сөз беру мәселесін 3-4 рет көтерсем де, түрлі себептермен көпшілік қолдай қоймағанын мен әлі ұмытқан жоқпын.
Қалалық депутаттар сессиясында қазақ газетін шығару туралы мәселені күн тәртібіне енгізу жөнінде үш рет жолдаған ұсынысымды өткізе алмадым. Ақыры бір жарым жылдан кейін екі қолдаушы депутат тауып, тұрақты комиссияның шешімімен қазіргі қалалық «Жайық үні» газетін шығаруға шешім қабылдадық. Қазір айтуға оңай болғанымен, «Қазақ мектебі неге керек? Бәрібір дұрыс білім ала алмайды. Қазақ газеті неге керек? Бәрібір ешкім оқымайды» деген керітартпа пікірлерге дәлелді жауап беруден шаршамайтын едім. Дегенмен, сессияда маңызды мәселелерді талдауда сөйлеген сөздерімнің салмақтылығын, әріптес депутаттардың көбінің қолдайтынын сезініп жүрдім. Депутаттық сессия бізде бір күнде біте қоймайтын. Кейбір мәселелердің шешімін консенсуспен табу үшін үш күнге дейін созылатын. Жүз пайыз қолдап қабылданған шешімдер көп болмайтын, басқарушы спикер сөйлеушілерге кедергі келтірмейтін. Бірақ бұл – сол кезеңдегі кішкентай жеңілістер болғанымен, болашақ үлкен жеңістердің бастауы еді. Ол уақыт нағыз кімнің кім екенін айқындаған кезең болды.
1989 жыл. Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық сана-сезімі оянған ата-аналар түрлі жиындарда облыс, қала басшыларынан қалада қазақ мектебінің жоқтығын айтып, балаларын қазақша оқыту туралы талап қоя бастады. Сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Құрманғали Юсипов үш рет қалалық білім бөлі-мінің кеңесін өткізіп, онда барлық қала директорларын жинап, әр мектепте кемінде бір қазақ класын ашу қажеттігін бұйрық райда тапсырды. 1989 жылдың басы еді. Бірақ үш рет айтылса да, еш өзгеріс болмады. Қалада небәрі үш қазақ директоры бар екенбіз: №11 ауылдық қазақ орта мектебінің директоры Е. Сапаров, №9 орыс мектебінің директоры К. Сатаев және мен. Мен басқарған №20 орыс мектебі үш ауысымда оқып жүрді. Құрманғали Қадірәліұлы нәтиженің жоқтығына реніш білдіріп, сылтау естігісі келмеді. Ақырында маған «Сенімімді ақтамадың» деді. Шынында, 1-сыныпқа 13 баланың ата-анасымен келісіп, оларды мектептен тыс ғимаратта оқыту, білікті мұғалім табу, білім сапасын төмендетпеу мәселесімен шұғылданып жүрген едім. Халықтың наразылығын көре тұра, қазақ класын біз ашпағанда кім ашатынын ойлап, балалардың тізімін жасап қойғанмын. Сөйтіп: «Бізде қазақ класы болады» дедім.
Ғимарат табу үшін депутаттығымды пайдаланып, қолдау көрсеткен өндіріс мекемелерімен сөйлестім. Ақырында Аграрлық университеттің ректоры Сергей Жұбаевқа жолығып, «Қазақ класын ашуға біз азаматтық жасамасақ, кім жасайды?» деген сөзімнен кейін ол екі аудитория берді. Сөйтіп, 1990-1991 оқу жылының 1 қыркүйегінде №20 мектептің 13 бірінші класының ішінде 1 «ә» қазақ класы ашылып, салтанатты шарада 2000 оқушы, мыңдаған ата-ана, мұғалімдермен бірге қуанышқа бөлендік. Ал Құрманғали Қадірәліұлының қуанышы бөлек еді. «Рақмет, Аскар Ашуұлы! Мен саған сендім. Процесс пошел!» деп қолымды алғаны әлі есімде.
1991-1992 оқу жылында агрофактың екі аудиториясында тағы бір класс аштым. Мұғалім табу қиын болғандықтан, конкурспен Атыраудың педагогикалық факультетін бітірген Клара Кенжеғалиева мен Дариға Ақболатованы жұмысқа алдым. Оларға әдістемелік көмек көрсету үшін жоғары санатты мұғалімдер Л. Овчинникова мен Л. Сутягинаны бекіттім. 1992-1993 оқу жылы 1, 2, 3-кластар №20 мектептен бөлініп, әуелі балабақша-мектеп, кейін №30 қазақ мектебі болып шықты. Оның директоры болып Мерует Ғабдүкенқызы тағайындалды. Сол екі жылда мен қазақ класын ашқанда, басқа әріптестерім бұл мәселемен шұғылданбады, әсіресе орыстілді қазақтардың қолдамағанын іштей сездім. Бірақ 160 мұғалім түгел қолдап, қазақ класының балалары іс-шараларда мектептің «жұлдыздарына» айналды.
Желтоқсан оқиғасынан кейін «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айып Мұхтар Шахановтың сиездегі жалынды
сөзімен күшін жойғанымен, қаладағы кейбір шенеуніктер бұғып жүрді. Қалалық білім бөлімі алғыс айтудың орнына екі аптадан кейін класты жабуға сылтау іздеп, санитарлық тексеру жіберді. Бірақ бәрі нормаға сай болғандықтан, ол ойлары іске аспады. Халықтың талабы жылдан-жылға өсіп, бізден кейін №27, 36, 44 қазақ мектептері ашыла бастады. Қазір 35 жыл өтсе де, мен ашқан және депутаттық тапсырысыммен салынған 772 орындық №30 Х. Доспанова атындағы мектеп-лицей қазақ мектептерінің ішінен лайықты орнын алды.
Соңғы кезде, тірі куәгерлер бар кезде мектептің ашылу және салыну тарихын өзгертуге тырысушылар көбейіп келеді. Тарих өзгермесін. Директор болған 7 жылда 25 түлек «Алтын», «Күміс» медаль иегері атанып, 1992 жылы 9 түлек «Алтын» медальмен бітіріп, қалада рекорд жасалды. №20 мектеп қаладағы елеулі білім ошақтарының біріне айналды. Оқушылар олимпиадаларда жүлделі орындар алып, штатта екі ғылым кандидаты, бірнеше аспирант болды. Институт ғалымдарын факультативке тарттық, кәсіпорындардың есепшілерін даярладық. Мектеп жылыжайын қалпына келтіріп, гүлдер, көшеттер өсіріп, халыққа төмен бағамен саттық. Ағаш ұстаханасы мен тігін шеберханаларында қала тұрғындарына қажетті бұйымдар жасалып тұрды. ҚР жалауларын да лицензиямен шығарып саттық. Балалар қолөнерді үйреніп, жаңа нарық жағдайында табыс табу тәжірибесін меңгерді.
«Кірпіш» зауыты, «АТП Водстрой», «ПМК-33», «Нефтегаз», «Бургаз» және басқа ірі кәсіпорындармен меморандумға сәйкес жүйелі байланыс орнаттым. Нәтижесінде №20 мектеп қаладағы табысты мектептердің біріне айналды. Бір жылдан кейін мектеп директорларының семинары өтіп, қалалық білім бөлімінің басшысы С. Бисембаева мектепке оң бағасын берді.
Соңғы жылы мектеп 56 тексерушіден тұратын екі-үш апталық фронтальды тексеруден өтті. Нәтижесінде мұғалімдердің категориясын көтеру, тәжірибелерін тарату жөнінде ұсыныстар жасалды. Менің жұмысымды А. Завгородний тексеріп, жеті сабағыма қатысып, жоғары бағасын берді. Сонымен 7 жылда қалыптасқан ұйымшылдық, татулық, сенімділіктің арқасында ұжымымыз қатардан қалмай, жетістіктерге ие болып, қиындықтардан қаймықпай, оны оңтайлы шеше білдік. Осының барлығы өзімнің де қажырлы еңбегімнің нәтижесі деп сезіндім.
Жұмыс барысында әр педагогтің, директордың біліктілігін, басқару әдісін кенеттен сынайтын жағдайлар болып тұрады. № 20 мектепте бір рет келеңсіз жағдай орын алды. 1989 жылы 14 желтоқсанда түнде мектепке облыстық атқару комитетінің жаңа басшысы ескертусіз келіп, мектептің салқындығын, мұз айдынының (каток) құйылмағанын айтып, орынбасарларымның көзінше жұмыстан алатынын айтты. Жылыту қазандығының «Жайықжылуқуат» қарауында екенін, мұз айдынның ауа райынан еріп кеткенін айтсам да, тыңдамады. Мен де: «Жұмыстан алу – сіздің хоббиіңіз ғой» деп айтып салдым. Ертеңіне он шақты комиссия келді. Бір аптадан кейін бес альтернативамен депутат болып сайландым. Бірақ демалыстан кейін басшы тағы келіп, 9-10 сынып оқушыларын жинап, директорды ауыстыру туралы сөз қозғады. Сол кезде белсенді қыз: «Келіспейміз, екі жылда тұрақты директор таптық» деп, балалар шу шығарып, басшының ойы іске аспады. Мұғалімдер де қолдады. Содан кейін ол кабинетіме келіп: «Құттықтаймын! Сіздің абыройыңыз зор екен. Мектепке көмектесемін» деді. Сол жылы 1 наурызда 320 орындық құрылысты аяқтау, күрделі жөндеуге қаржы бөлу туралы жиналыс өткізді және №30 мектептің салынуына қолдаушылардың бірі болды.
Міне, менің білім саласындағы жолым осындай соқтықпалы соқпақсыз болса да, жақсы нәтижемен аяқталып отырды. Кейде бетке айтқан тура сөзімді ұнатпайтындар да болды. Әділдікті өмірлік мұратым деп санадым. Лауазымы жоғары деп ешкімге жалтақтамадым, кәсіби біліктілік пен парасаттылықты жоғары қойдым. Өз білімім мен күш-жігерімді бала тәрбиесіне арнап, түлектердің, ұжымның жетістіктеріне себепкер болу – мен үшін бақыт. 10, 20, 30, 40, 50 жылдан кейін де жүздеген шәкірттің алғысын есту – ең үлкен сый.
Ұлық мереке қарсаңында осынау бастан кешкен оқиғалар есіме түсіп, қолыма қалам алдым. Басымыздан өткен тарих, ұмытуға болмайды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!