11.11.2022, 17:03
Оқылды: 3

Соңына дейін айқасуға дайынбыз

Ел кубогі финалының алдында «Ақжайық» футбол клубының бапкері Игорь Пикущак пен команда капитаны Бауыржан Омаров БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатына қатысты.

IMG-20221111-WA0043

Алдымен журналистер сауалына Бауыржан Омаров жауап берді.

- Бұл финал – Орал үшін тарихи ойын. Өкінішке орай, жоғары топтан шығып қалдық. Десе де, осы финалдық матчта барымызды салып, жеңіске жеткіміз келеді. Ол үшін ешкім аянып қалмайды,- деді Бауыржан Омаров баспасөз мәслихатында.

- «Ақжайық» маусым соңын жасанды алаңда ойнады. «Астана Арена» төсеніші сіздің команда үшін басымдық бола ма?

- Меніңше, ол ешкімге қиындық туғызбайды. Өйткені еліміздегі кез келген команда елордаға келгенде осы төсеніште жаттығу жасайды. Жасанды алаң бізге басымдық беріп, қарсыласқа қиындық туғызады дей алмаймын.

- Оралдан жанкүйерлер келе жатыр ма? Команда қолдаусыз қалмай ма?

- Әлеуметтік желіде көптеген таныстарым жазып жатыр. Біраз жанкүйер келе жатқанын айтты. Ертең келетін жігіттер де бар. Астанада тұратын оралдықтар да команданы қолдауға әзір екенін білемін. Команда қолдаусыз қалмайды. Ол үшін тілеулестерімізге алғыс айтамын.

- Биылғы маусымда «Ордабасымен» екі рет ойнап, екеуінде де ұтылып қалдыңыз. Ертеңгі ойын алдында қорқыныш не болмаса қобалжу жоқ па?

- Қорқыныш сезімі жоқ. Ал қобалжу қашан да болады. Неге десеңіз, матчтың жауапкершілігі үлкен. Бірақ оны оңай жеңе аламыз. Сондықтан жай ғана қобалжу ойынымызға кедергі бола алмайды.

- Сіз тәжірибелі ойыншысыз. Командада біраз жас футболшы бар. Ертең болатын финал алдында жас жігіттерді жігерлендіріп, олардың ішкі қобалжуын басуға қалай көмектесесіз?

- Біраз жыл жасыл алаңда жүрсем де, ертеңгі ойын – менің мансабымдағы алғашқы финал. Мұндай жауапты матч алдында тек жас ойыншылар ғана емес, барлық команда бір-бірін қолдау керек. Ал ондай бірлік бізде бар.

Сондықтан Бекзат Иманғазеев, Батыр Мұқашев сынды құрамдағы жас ойыншыларға қашан да көмек көрсетуге әзірміз. Меніңше, ол жігіттер де жеңіске жетуге дайын.

- Премьер лигадан шығып қалған соң команда финалдық ойынға психологиялық тұрғыда дайын ба?

- Дұрыс айтасыз, чемпионаттың соңғы ойынында «Тобылдан» жеңілген сәтте ешкімнің көңіл күйі болмады. Бірақ алдымызда финал бар. Орал үшін, жалпы Батыс Қазақстан облысы үшін бұл матчтың маңызы зор. Сондықтан өткен ойын өтті. Бізді жаңа белес, жаңа шың күтіп тұр.  Соңына дейін айқасып, жеңіске жеткіміз келеді.

Кейін тілшілер сауалына команда бапкері Игорь Пикущак жауап берді. Ол өз сөзінде команда жарыс басынан кубоктік ойындарда барын салуға келіскенін айтты. Осы кезге дейін құрамдағы жігіттермен осы ойын туралы біраз сөйлесіп, жоғары топтағы жеңілістерді жуып-шаю үшін кубоктік бәсекеде барынша тырысу керек екенін де ескерткенін бапкер атап өтті.

IMG-20221111-WA0040

- Маусым соңындағы сәтсіздік ойыншылардың моральды-психологиялық жағдайына ауыр тиді. Десе де, ертең біз үшін не бел, не белбеу кететін күн. Сол себепті ешкім аянып қалмайды. Өзіміздің мықты, қарсыластың осал тұсын саралап шықтық. Ойынға толықтай дайынбыз.

Бір ғана матч, бір мүмкіндік, бір жеңімпаз болады. Осы кезге дейін кубоктік ойындарда өзіміздің барлық жақсы қырымызды көрсете алдық. Ертең ешкім аянып қалмайды,-деді «Ақжайық» бапкері Игорь Пикущак.

Одан соң баспасөз мәслихатына «Ордабасы» командасының бас бапкері Александр Седнев пен шымкенттік команда ойыншысы Самат Шәмші келді.

Алдымен журналистер сауалына жауап қатқан Самат Шәмші «Ордабасы» командасының аға буын ойыншылары осыдан он жыл бұрын ел кубогін жеңіп алғанын еске алып, өздері де алдыңғы буын ойыншыларының ерлігін қайталағысы келетінін айтты.

Ал бас бапкер Александр Седнев болса, командасы ойынға тастүйін дайын екенін жеткізді.

- Ертеңгі матчта шымкенттік футболшылардың ешқайсысы аянып қалмайды. Қарсылас биыл Премьер лигадан түсіп қалды. Бірақ ол оның әлсіз клуб екенін көрсетпейді. Сондықтан ешкім «Ақжайықты» қалпақпен ұрып алуға болады дегенге сенбейді. Ондай ой болған жоқ, болмауы керек. Біз дайынбыз, шеберлігіміз бен үздік ойынымызды ертең көрсететін боламыз,- деді «Ордабасы» командасының бас бапкері Александр Седнев.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале