16.02.2023, 9:45
Оқылды: 64

«Сот жүйесіндегі реформалар судьялар тәуелсіздігін нығайтуы керек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сот төрелігін әділ атқару үшін сот жүйесіндегі реформаларды тиімді жолмен ұйымдастыруды тапсырған еді. Осындай ауқымды міндет ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің негізінде қайта құрылған «Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі» мемлекеттік мекемесіне жүктелді.

Сот әкімшілігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мәлік Сәбитұлы Кенжәлиевтен алдағы жұмыс жоспары, сот жүйесіндегі өзгерістер мен өзекті мәселелердің шешілу жайы туралы сұрадық.

IMG_0631

– Былтыр Президент Жарлығымен ҚР Сот әкімшілігі деген жаңа мемлекеттік құзырлы құрылым құрылды. Жаңа мекеменің облыстағы аймақтық департаментін басқарғаныңызға алты айдан асты. Мәлік Сәбитұлы, реформа аясында жаңғырып шыға келген осы мекеменің бағыт-бағдары, басты міндеті туралы айтсаңыз?

– Былтыр шілде айының 7-сінен бастап БҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Айта кетейін, Сот әкімшілігінің мақсат-міндеті – сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және жетілдіру, сот төрелігін толық және тәуелсіз іске асыру үшін судьяларға жағдай жасау, сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі реформаларды әзірлеу. Жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету де басты міндет. Яғни судьялар корпусының материалдық жағдайын жақсартудан бастап, құқықтық тұрғыда сот төрелігін дербес жүзеге асыру үшін іргелі жұмыстар атқаруымыз керек.

– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірден сот ғимараттарын жаңартып-жаңғыртуға кіріскеніңізден хабардармыз. Бұл бағытта жұмыс жалғасын тапты ма?

– Соттар әкімшісі қызметіне тағайындалған соң, бірден облыстық сот төрағасымен және судьялармен кездесіп, біраз мәселені талқыладық. Одан кейін көп ұзамай облыс орталығынан қашық орналасқан аудандарға аттанып кеттім. Аудандық соттардың ғимараттары мен олардың жабдықталуы, тіпті жиһаздарына дейін сын көтермейтін жағдайда екеніне көз жеткіздім. Басты себептің бірі – облыс орталығындағы аппараттың шалғайдағы аудандарда орналасқан сот кеңселерімен қарым-қатынасы төмен деңгейде екені, тіпті мүлдем көңіл бөлмейтіні анықталды.

ҚР Жоғарғы соты департаментінің ықпал етуімен алыс аудандардағы 14 сот ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Кейбір түйткілді шешу үшін шұғыл шаралар қабылдауға тура келді. Мәселен, 2022 жылдың 19 тамызында табиғаттың тосын құбылысы – күшті жел салдарынан Жәнібек аудандық соты ғимаратының шатыры ұшып, мекемеге қажет құрал-жабдықтың бірқатары пайдасыз болып қалды. Осыған байланысты жедел түрде төтенше жағдай талабына сай облыс және аудан әкімдіктерінен қолдау-көмек сұрадық. Облыс әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбековпен телефон арқылы сөйлескенімізде, ол ғимараттың төбесін жөндеуге респубикалық бюджеттен ғана қаржы бөлінетінін алға тартып, көмек беруден бас тартты. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін сол кездегі облыс басшысы Ғали Есқалиевтің қабылдауында болып, одан кейін ресми хат жолдасақ та, қолданыстағы бюджеттік заң талаптарына сілтеме жасап, сырғытпа жауап берумен шектелді.

Содан көкейде бір ғана сұрақ туындайды. Облыс аумағында табиғи құбылыс салдарынан зардап шеккен мекемелерге республикалық, болмаса жергілікті бюджет аясында қолдау көрсетіледі деп шектеу, облыс әкімдігінен ешқандай көмек болмай, қағазбастылыққа салыну қаншалықты дұрыс? Аталған мән-жайды ескере келе, мәселені тез арада шешу мақсатында ҚР Жоғарғы сотынан көмек сұрадық. Жоғарғы соттың өз қаражаты есебінен жауын-шашын басталмай тұрып, ғимарат шатырын ауыстырып, жөндеу жұмысын уақтылы аяқтап үлгердік.

– Жергілікті әкімдік пен сот билігі арасында өзара түсініспеушілік бар секілді?

– Иә, жергілікті әкімдік сот құрылымдарын өгейсітпеуі, өзектен теппеуі тиіс. Облыс аумағында орналасқан барлық мемлекеттік құрылымдарға ортақ міндет – халқымызға адал қызмет ету. Одан да зор мақсат болуға тиіс емес. Оқыс жағдай орын алғанда, «қарағайға қарсы біткен бұтақ» секілді қасарыспай, өзара ымыраға келуіміз керек еді. Қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың материалдық-техникалық жағдайына байланысты мәселе шаш-етектен. Мысалы, облыс орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан Бәйтерек аудандық сотының кеңсесі еңселі екі қатарлы ғимаратта. Ал ғимарат ішіне бас сұқсаңыз, бөлмелерінің әбден тозығы жеткенін көресіз. Жертөлесіне су кірген, жағымсыз иіс мүңкіп тұр.

Былтыр Бәйтерек аудандық сотына Президент Жарлығымен сот төрайымы болып тағайындалған судья А. Мәженованы жұмыс сапарым барысында аудан әкімдігіне, судьяларға және сот қызметкерлеріне таныстырдым. Жаңадан тағайындалған сот төрайымымен алда атқаратын істің мән-жайын талқыладық. Сот ғимаратын аралап, кездесулер өткізіп, жұмыс жоспарын белгіледік. Сол кезде аудан әкімі Марат Тоқжановтан сот ғимаратын жөндеуге көмектесуін сұрап, өңірде атқарушы және сот билігімен қоян-қолтық жұмыс істеп, бірге атқаратын шаруа жеткілікті екенін алға тартып, бір тоқтамға келгендей болдық.

– Билік өкілдеріне ғана емес, бұқараға да оңтайлы болуы керек қой.

– Әлбетте, сот үдерісін өткізу халық үшін тиімді болуы тиіс. Мысалы, Казталов аудандық сотының ғимараты ескі, бөлмелері тар, сотқа келген тұрғындарға ыңғайсыз. Үш-төрт сағат алақандай жерде иін тіресіп тұруға мәжбүр. Сот ғимаратында заман-талабына сай белгіленген құрылғылар жоқтың қасы. Халықаралық стандартқа сай сот ғимаратының кіреберісінен-ақ адамдардың отыруына жағдай жасалуы тиіс. Сот процесінің қашан болатыны немесе кейінге шегерілген уақыты, оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттық хабарландырулар көзге түсетін жерде жазылып тұруы керек. Өкінішке қарай, аудандық соттарда осы қарапайым стандарттар сақтала бермейді. Аудан әкімдерімен жүздесіп, сот үдерісін өткізуге арналған нысандарды жаңартып-жаңғырту жұмысын жандандыру керек екенін айтудайын айтып жатырмын.

– Ой төркінін түсіндік, былтыр облыс әкімі ауысты ғой. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлымен жоба-жоспарды пысықтап үлгердіңіздер ме?

– Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы өз өңіріміздің азаматы ғой. Екеуара сөйлескенімізде де бұл бағытта облыс басшысы қолдау білдіретінін айтты. Бөкей ордасы аудандық сотының ғимаратын салу үшін 2020 жылдың 14 желтоқсанында облыстық бюджеттен 182 миллион теңге бөлу туралы әкімдік қаулысы шыққанымен, осы уақытқа дейін сот ғимараты салынбады. Себебі елімізде қымбатшылық белең алып, жағдай күрт өзгергесін бұдан екі жыл бұрын жасақталған жобалық-сметалық құжаттама пайдаға аспай қалды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы сөзімізді құп алып, жауапты мекемелерге 2023 жылдың талабына сай құрылыстың сметалық құнын қайтадан нақтылауды тапсырды. Қазіргі кезде аталған жұмыстар іске асуда. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов та жер актісін жасап, құрылыс жобасына қажет барлық құжатты пысықтағандарын, аудан прокуратурасының жанынан үлкен жер телімін бөлгенін айтты. Сот жүйесіндегі стандартқа сәйкес ғимарат қалай салынуы керектігіне байланысты ақыл-кеңесімді, ұсынысымды ортаға салдым. Осы аудан орталығында мамыр айының аяғында ғимарат құрылысы басталады деген үміттеміз. Одан бөлек Казталов аудандық сотына арналған жаңа ғимарат салу жоспары да бар, оған құрылыс жобасына қажет құжаттамалар дайындалуда. Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев жер учаскесі белгіленген орынды көрсетіп, сот тарапынан қолдау тапты.

– Мәлік Сәбитұлы, қазіргі уақытта Казталов ауданының Жалпақтал ауылындағы №2 сот пен Ақжайық ауданының Тайпақ ауылындағы №2 соттың жабылатыны туралы мәселе көтеріліп жатқанын білеміз. Алыстағы ауыл-аймақ тұрғындары енді аудан орталығына сабылуға мәжбүр бола ма?

– Казталов ауданының №2 соты мен Ақжайық ауданының №2 сотының жабылатыны туралы Жоғарғы соттан нұсқау келгені рас. Алайда облыстық соттың төрағасы 2022 жылдың ақпан айында, мен, Сот әкімшісінің басшысы ретінде, 2022 жылдың шілде, қазан айларында ҚР Жоғарғы сот кеңесінің төрағасына, ҚР Жоғарғы сот департаментінің басшысына, сонымен қатар 2023 жылдың 7 ақпаны күні ҚР Сот әкімшілігінің басшысына бұл соттардың жергілікті халық үшін маңызы зор екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ресми түрде хат жолдап өз ойларымызды білдіргенбіз. Сондықтан сот саласындағы басшы құзырлы құрылымдар, халықаралық сот әкімшілігінің талабына сүйене бермей, жергілікті халықтың жағдайын, тұрмыстық-әлеуметтік түйткілдерін есепке алып, сараптауы қажет деп ойлаймын. Тағы да айта кетейін, облыс әкімі Ғали Есқалиевке шұғылдануын сұрағанда, әкімдік тарапынан ешқандай қолдау болмады.

Қазіргі уақытта жаңадан тағайындалған облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының қолдауымен бұл мәселе қайтадан қаралуда, алайда қандай жағдайда шешілетіні бізге беймәлім.

– Мәлік Сәбитұлы, сонда барлық қам-қарекет зая кетті ме? Түсінгенім, аталған мекемелердің тағдыры әлі де қыл үстінде тұр ғой?

– 2023 жылдың 14 қаңтарында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауына жазылып, өңір басшысына Жалпақтал мен Тайпақ ауылдарындағы сот мекемелерін сақтап қалуға ықпал етуін сұрадым. Нариман Төреғалиұлы мені мұқият тыңдаған соң, 16 қаңтар күні Астанаға жұмыс сапарымен барып, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевпен тікелей жүздесіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Жаңадан тағайындалған Жоғарғы соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев – Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған білікті басшы, аудандық, қалалық, облыстық соттың судьясы қызметін атқарып, осы үлкен дәрежеге жетіп, барлық мән-жайды жан-жақты толық білетін азамат. Өңірлердегі жұртшылықтың жай-күйімен жақсы таныс.

Алдағы уақытта нақты шешімі белгілі болады. Әзірше бұл мәселе басы ашық күйінде тұр, сондықтан бұған қатысты сауалыңызға дәл осылай болады деп үзілді-кесілді жауап беру мүмкін емес.

– Әңгіме басына оралсақ, департамент басшысын судьялардың әділ сот төрелігін жүзеге асыруына ықпал етіп, сот билігінің буындарындағы күрмеулі түйткіл-түйіндерді саралап отыруы тиіс лауазымды тұлға деп танимыз ба? Негізгі міндет-миссиясын тағы бір пысықтап алайық.

– Алдымен жыл қорытындысы бойынша деректерді қысқаша баяндап өтейін. 2022 жылы облыс соттары 13 381 азаматтық іс аяқтады. Оның ішінде 7 333 азаматтық іс бойынша сот шешімі шықты. Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен 2787 шешім шығарылды. Облыс соттары 2022 жылы 1 355 қылмыстық істі аяқтады. 1163 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Есепті кезеңде 1297 адам сотталды. 527 адамға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Қылмыстың аса ауыр түрлері бойынша – 42, ауыр түрлері бойынша 684 адам сотталды. Оның ішінде 291 адам жазасын түрмеде өтейді. Сот үдерісін мұқият қадағалап, ақпараттық-талдау жұмысын жүргіземіз. Сот актілерінің уақтылы салынбауы, процессуалдық мерзімдердің бұзылуы, арыздардың уақтылы тіркелмеуі мен бөлінбеуі, атқарушылық құжаттардың орындау мерзімінің бұзылуы және сот отырысының дәл уақытында басталмауына қатысты мәселені қадағалап, ұдайы сын-ескертпе жасауға құзыретіміз бар. Бір сөзбен айтқанда, сот төрелігін судьялар жүзеге асырса, ұйымдастыру шараларын біздің мекеме атқарады.

– Көпті толғандыратын көкейтесті сұрақтардың бірі деп есептеймін. Судьялар мәртебесі туралы айтсаңыз. Іс жүзінде олар дербес шешім шығара ала ма?

– Судьялардың тәуелсіздігі заң жүзінде бекітілген. Заң бойынша сотқа жолданған өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай құзырлы құрылымдардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына, бақылауға алуына тыйым салынған және заңмен жауапкершілік белгіленген. Алайда судьялар халық арасында дау туғызған кейбір нақты істерді қараған кезде, тараптар әлі шешім қабылданбаған істерді ақпарат құралдары арқылы интернет желісінде талқыға салады. Өз ойларын алдын ала білдіріп, мәліметтерін ортаға салып, айқай-шу туғызып, өздерінің пайымдауы бойынша істің «ақ-қарасын ажыратып», судьяның заңды шешім қабылдауына кедергі жасайды. Судьяға қысым көрсетіп, өз пікірлерін дұрыс және әділ деп санап, ақпарат құралдары арқылы ықпал еткісі келетін жағдай кездесіп тұрады.

Сондықтан қазіргі уақыттағы сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар соттың тәуелсіздігін қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік береді деген ойдамын. Істі қараған судьяның жұмысына араласуға, ықпал етуге тыйым салынатынын және заңмен жауапкершілікке тартылатынын естен шығармаған абзал. Яғни тараптар сот ісіне қатысты заң талабына сәйкес шағымдануға құқылы. Заң бәріне бірдей!

Сұхбаттасқан Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале