12.03.2020, 12:36
Оқылды: 86

Сотталғандарды жұмыспен қамту маңызды

Кеше ҚР ІММ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов жұмыс сапарымен өңірімізде болды.

sottalgan (1)

Ішкі істер министрінің арнайы тапсырмасымен облысымызға келген делегация құрамында Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қоғамов, халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілі Жанна Назарова және адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері болды.

Олар шаһардағы қылмыстық-атқару мекемелерінде болып, ондағы сотталғандар мен тергеу-қамауындағылар ұсталатын жасақтарды және камераларды аралап, сотталғандардың тұрмыстық жағдайымен, медициналық көмек көрсету, олардың тамақтануы мен еңбегін ұйымдастыру мәселелерімен танысты. Сонымен қатар аталған комитеттің төрағасы қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірге мекемелерде жазасын өтеп жатқан азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.

sottalgan (3)

Айта кетейік, қазіргі таңда біздің облыс көлемінде үш қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі орналасқан. Орал қаласындағы РУ-170/1 тергеу изоляторы, РУ-170/2 орташа қауіпсіз және РУ-170/3 қауіпсіздігі барынша жоғары орындарында мыңнан аса сотталғандар жазасын өтеуде. Аталған мекемелерде тоғыз шағын және орта кәсіп өкілдері 300-ге жуық сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Олар жиһаз, пластикалық есік және терезе, тігін өнімдерін шығарумен айналысады.

Аталған сала өкілдері, облыстық денсаулық сақтау, еңбекпен қамту салаларының мамандары бас қосқан жиында Жанат Ешмағамбетов Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қылмыстық-атқару жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдіру бойынша нақты міндеттер қойып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ комитет төрағасы сотталғандарға тиісті жағдай жасау, тәртіп жағдайларын қатаң бақылауда ұстау, оларды барынша жұмыспен қамту, медициналық жағынан қамтамасыз ету және жазасын өтеушілердің құқықтарын мүлтіксіз сақтау сынды басты бағыттар анықталғандығын айтты. Бұл бойынша заңды шаралар да қабылданып үлгерген.

Жиында ақпараттық технологиялардың көмегімен түрлі қызмет көрсетулер жетілдіріліп, қылмыстық-атқару мекемелерінде отырған адамдардың туыстарымен байланыс орнату мақсатында «бейнесөйлесулер» жүйесі енгізіліп, сотталғандардың өтініштерін электронды түрде тіркеу үшін терминалдар орнату мәселелері пысықталып жатқандығы айтылды.

– Түзету мекемелері қызметкерлерінің және сотталғандардың тарапынан заңбұзушылықтарды болдырмау үшін бейнекамералардың саны кезең-кезеңмен арттырылуда. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтейтін адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта қылмыстық-атқару мекемелерінде өндіріс орындарын ашу үшін кәсіпкерлерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ пенитенциарлық жүйе үшін негізгі бағыттардың бірі сотталған азаматтарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру болып табылады. Әрине, бұл бағытта шешімін таппай отырған бірқатар мәселелер бар. Бүгінгі таңда кәсіби медициниа мамандарының жоқтығы, тозығы жеткен құрал-жабдықтар мен ғимараттар бірқатар қиындықтар туғызуда. Жұртшылық тарапынан да түзету орындарындағы медицина қызметі мекеме әкімшілігіне тәуелсіз болу керек деген ұсыныстар жиі айтылуда. Біздің ойымызша, ҚАЖ мекемелеріндегі медицинамен қамтамасыз ету қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне берілетін болса, сотталғандар заман талабына сай, жаңа медицина қызметтерін алатын болады, – деді Жанат Ешмағамбетов.

Тоқтала кетейік, өткен жылғы сәуір айынан бастап Алматы және Қарағанды облыстарында сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді Денсаулық сақтау министрлігіне беру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Осы жобаның аясында медициналық қызмет көрсету азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарымен іске асырылып, ол оң нәтиже беруде.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале