30.05.2024, 11:30
Оқылды: 94

«Сөз сүлейі» кітабының таныстырылымы өтті

 

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада ақын, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Аманкелді Шахиннің «Сөз сүлейі» атты  кітабының  таныстырылымы өтті.

63e57db9-c341-4996-9afc-4bae88d2dd3a

Жаңа кітапқа Ақ Жайық атырабына аса танымал әдебиетші-ғалым, белгілі сөз зергері Серікқали Шарабасовтың айтқан шешендік сөз саптаулары, кейбір жазбалары енгізілген. Кітаптың таныстырылымына ғалымның жұбайы Әспет Жолдығұлова және әріптестері, шәкірттері, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ кітапхана оқырмандары қатысты. Игі іс-шараны филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы Азамат Мамыров жүргізді.

Кітаптың тұсауын Әспет Өтеғалиқызы және ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Зейнолла Мүтиев және доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Дәрішева қиды. Олар салтанатты рәсімнен соң қаламгерді жаңа кітабымен құттықтап, ақ тілектерін ақтарып, ғалым жайлы естеліктер айтты. Ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Рухани жаңғыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев аутордың С. Шарабасовтың қызықты оқиғаларын, астарлы, әдемі ой-орамдарын шұрайлы тілмен жеткізе білгенін тілге тиек етті.

724bc452-801a-4008-a52c-8f01e27e2a2b

– Серікқали Шарабасов туралы естелік өте көп. Ол сөзге шешен, қашанда тауып сөйлейтін дарынды, жан-жақтыжан болатын. Дүлдүл әдебиетші 2016 жылы 28 ақпанда өмірден өтті. Ғылыми атағы кандидат болғанымен, ағамыз ойы мен сойы кез келген ғылым докторлары мен академиктерге татитын кесек тұлға еді, – деді Зейнолла Жақсылықұлы.

Өз кезегінде М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің студенттері Темірхан Әзербаев пен Нұрдана Темір Ғайса-Ғали Сейтақ, Мира Шүйіншәлиева сынды қаламгерлердің С. Шарабасовқа арналған өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Салтанатты іс-шараның басқа да қонақтары және Серікқали Ғабдешұлының шәкірттері ақ тілектерін ақтарып, «Сөз сүлейінің» авторына алғыс жаудырды.

– Бұл туынды – Серікқали Ғабдешұлының өзгеше тәсілмен кестеленген кескін-келбеті, түр-тұлғасы, тұтастай кемеңгер кейпі десе де болады. Шағын әңгімелер түрінде жалғасып отыратын әзіл-сықақ шығармалар еріксіз езу тартқызып, қызықтыра, еліктіре түседі. Бұл кітаптан оқырман ғалымның ғибратты өміріне қанығып, оның болмыс-бітімін тани түседі. Кітап Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрді, – деді Аманкелді Шахин.

Марлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале