27.02.2025, 12:00
Оқылды: 572

Сөзге ұста, көпке тұтқа, танымал тұлға

«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы дос, жақсы ұстаздан болады», – дейді ұлы Абай. Ұстаз – шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беретін, өзінің салиқалы, өнегелі іс-әрекетімен үлгі болатын білікті маман. Бұл қағида – білім жүйесінің қай сатысында болса да, бұлжымай орындалу міндет. Солай болған жағдайда ғана біз қоғамға пайдасы тиетін, хәкім Абай айтқан толық адамды даярлай аламыз. Қоғамдық тәжірибені жаңа ұрпаққа беру және ол ұрпақты өмірге, еңбекке даярлау қажеттігі сапалы білім мен саналы тәрбиені өз алдына дербес қоғамдық қызметіне айналдырды. Атам қазақтың далалық философиясында ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара қатынас мәселесіне арналған мақал-мәтелдер жеткілікті: «Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады», «Шәкірті зейінді келеді, ұстазы бейімді болса», болмаса «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» осылайша жалғаса береді.

WhatsApp Image 2025-02-27 at 13.23.41

Қолыма қалам алып, шәкірттер мәселесін қозғауыма себеп болған жағдай – бүгінгі таңда қоғамда өзіндік орны бар, ғылым жолындағы айшықты ізін салған, адами биік парасатқа ие болған, тұлғалық мінез-құлқы, қабілеті қалыптасқан шәкіртім жайлы. Ғылым жолында 2 ғылым докторын, 20 ғылым кандидаты мен 70-тен астам ғылым магистрін даярлаған екенмін. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, осы шәкірттерімнің әрқайсысы бір төбе, ал бүгінгі өзінің жартығасырлық мерейлі туған күнін атап өткелі отырған Жаңабек Жаңабайұлы Жақсығалиевтің орны бір төбе.

Жастайынан өзінің төңірегіндегі жағдайлар мен құбылыстарды танып білудегі сезімталдығы, ақыл-ойының ұшқырлығы, ойлау қабілеті-нің ауқымдылығымен ерекшелене білген Жаңабек «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегеннің шындыққа жанасатынын көрсете білді. Кешегі Күнбатыс Алаш орданың тарихи ізі сайрап жатқан, ағын суы тоқтамай тіршілігі жалғасып жатқан Нарынқұм – Аққұм  шағылдарынан тұратын, өнер ордаларының бірі, белгілі тарихи тұлғаларымен аты шыққан Қаратөбе ауданының Ақбақай көлінің маңында жарық дүниеге көрінген Жаңабектің әкесі Жаңабай мен анасы Ырысханым барлық перзенттеріне жоғары білім алуға жағдай жасап, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, жиен сүйді. Жаңабек әкесі мен анасы жөнінде, тебірене сөйлеп, былай деді:

«Марқұм әкеміз АЗВИ-дің студенті, анамыз Орал пединституты физика-математика факультетінде оқып жүргенде той-томалақта танысып, сөздері жарасып, анамыз үлкен әулетке келін болып түскен. Өзі орысқолды ауданнан (Теректіден-аутор), өзі кіндіктен жалғыз қыз бола тұра, «қазақылықтың қаймағы бұзылмаған топыраққа», тамыры тереңге кеткен әулетке келін болу оңай шаруа емес екенін кез келген жан түсінері хақ. Сол уақыттан бастап бар ғұмырын Қарабура әулетіне арналған жан ретінде анамызды мақтанышпен айта аламын... Әкем марқұм өмірінің соңғы жылдарында қос жанарынан айырылып, зағип болып қалды. Міне, сол қиын кезде барлық қонақтығын, шақырған жерін ысырып қойып, әкеміздің жанынан табылды.  Бүгіндері анам шөберенің қолынан май жалап отыр». «Әкемнен алған тәрбием бойынша өзім де кейін отбасылық тату-тәттілік қағидасын бұзбадым... Әкем қарапайымдылықты жаны қалайтын, «сұлуынан жылуы» деген қағиданы берік ұстанатын, іштей өте мейірімді жан еді. Ол өз саласы бойынша өте сауатты һәм білгір маман болды. Болашақта жақсы маман болғыларың келсе, осы бастан тиянақты білім алыңдар, ізденіңдер» деп жиі айтып отырушы еді.

Адам баласының өмір жолы оның тағдырын өзгертетін әртүрлі жағдай оқиғаларға толы болады. Өмір жолы – адамның тұлға ретінде жетілу, қалыптасу тарихы. Өмір жолының әр адамда өзіндік ерекшілігі болғанымен, олардың бәріне ортақ – тарихи оқиғалар мен бүтіндей әлеуметтік ахуалдарды бастан кешіреді. Сондықтан да әрбір адам өмір жолында көпшілікке ортақ бірнеше жас кезеңдерінен өтеді: балалық (тәрбие, оқу және даму), жастық шақ (оқу, білім және даму), жетілу (тұлғаның кәсіби және әлеуметтік өз тағдырын шешуі, жанұя құру және қоғамдық пайдалы қызметтерді жүзеге асыруы), қарттық (жанұясындағы белсенділігін сақтай отырып, қоғамдық пайдалы және кәсіби қызметтен өз еркімен шеттеуі). Жаңабек те күні бүгінге дейін осы кезеңдердің біразынан өтті. Б. Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінде білім алуы, спорттық жарыстар, «Дружба» лагеріндегі демалыстар, Ленинград, Мәскеу сықылды ірі қалаларға туристік сапарлар... Мұның барлығы өткен күннен естелік. Ал ұстаздарының қамқорлығы өмір бойы жадыңда жатталатын, есінде сақталатын шуақты сәттер. Жаңабек өзінің ұстаздары жөнінде жылы лебізбен еске алады: Тамара Алмағамбетова мен Дидар Нұрғалиева (1-сыныптағы апайлары), Темірбай Рақышев (еңбек сабағы), Валя Ғаббасова, Әндіжан Хасанғалиев (сынып жетекшілері), Дәмеш, Райса, Рысқаным, Заида, Нұрлы, Сағида, Ұлболсын, Жаңылсын апайлары, Гарифолла, Құсайын, Зәреден ағайлары. Міне, осындай ұстаздарын бүгінгі біздің кейіпкер Ұлықпан хәкімдей  қадір  тұтады.

1993 жылы Орал пединститутының жанынан педагогикалық лицей аштым. Осы кезде республика бойынша гимназия, лицейлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, бірінен соң бірі ашыла бастады. Олардың көпшілігі материалдық-техникалық әлеует пен мұғалімдердің сапалық деңгейіне жеткілікті мән бермей, тек сыртқы маңдайшадағы жазуларды ғана өзгертті. Менің лицей ашудағы мақсатым – ауыл балаларын жоғары оқу орнына, соның ішінде Орал пединститутына түсуге даярлау еді. Ол үшін арнайы оқу ғимараттарын қарастырып, директор ретінде педагогика саласының майталманы Нәсіпқали Дәулетовті тағайындап,  ұстаздар құрамына институттың білікті, ғылыми атағы бар мамандарды қостым. Бұл бастама өзінің ерекше нәтижесін берді. Сол лицейде жас мұғалім ретінде Жаңабек те сабақ берді. Жанұясымен баспана мәселесіне алаңдамау үшін жатақханадан бөлме бердік.  Жаңабек шәкіртім республикалық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы болғаннан кейін облыс әкімі пәтер берді. Оған дейін ол 9 жыл бойы (4 жыл студенттік, 5 жыл ұстаздық кезең) институт  жатақханасында  тұрды.

Лицей мұғалімдігінен өзінің зеректігі, ғылымға деген талпынысы, лицейдегі ғалым ұстаздарының ықпалы әсер еткен болар, Ж. Жақсығалиев аспирантураға түсіп (1998-2001 ж.ж.), «Әбілқайыр ханның саяси-мәмлегерлік қызметі» деген тақырыпта диссертация жазуға кірісті. Бұл кезеңге Жаңабек өз қатарластарынан озық, ғылымға пейілді, өз айтары бар маман ретінде қалыптаса бастаған еді. Ғылым – адам өміріндегі әдемі, әрі қызықты, ең қажетті нәрсе дегенімізбен, ғылымның ішкі әлеміне бойлағандар ғылымның қызығын да, шыжығын  да  жақсы  біледі.

Ғылым жолының «соқтықпалы, соқпақты кезеңі» Жаңабектің де алдынан шықты. 2003 жылдың маусым айында диссертациялық кеңесте сәтті қорғаған ғылыми жұмысының бекуі кешеуілдеді. Ол жұмыстың шикілігінен болмаса, кемшілігінен емес еді. Президент Н. Назарбаевтың Абылай мен Әбілқайырдың қазақ тарихында алатын орны жөніндегі «бағасы» жоғары аттестациялық комиссия құрамындағы ғалымдардың жадында, сірә, «жақсы сақталса» керек, жұмысты қайта қорғауға жіберді. Шәкіртіме: «Есіңде болсын, қарастырылатын мәселені зерттеушіден артық ешкім білмейді, сондықтан қайта қорғау кезінде ешнәрсеге алаңдама, абдырама» дедім. Бәрі ойдағыдай  өтті.

Жаңабекке тән жақсы қасиеттерінің бірі – парасаттылығы. Абай он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өз қабілет-қарымдары жөнінде айтысып, таласып келіп ғылымға жүгінгенін айтқан. Хәкім бұл еңбегінде ақылды жеке субстанция ретінде қарастырған. Сонда ақылдың «кім» екеніне төреші болған – ғылым. Демек, ғылым ақыл емес, ақыл ғылымға бастайтын жол. Ғылым – ақылдың  кемелденген түрі, сондықтан да ол таза акылға төреші. Ақылды саралап, анықтаушы – жүрек. Ақылдың жүрекке билеткенде көрінетін ерекше бір сипаты – парасат. «Парасат» парсы сөзі болғанымен, ойлау мәдениетімізге әбден сіңген, біржола бауыр басқан  ұғым-түсінік.

Парасаттылық дегеніміз не? Ол көбінесе кісілік, елдік, мемлекеттік істерге қатысты көрінетін ақыл сипаты. Қазақ парасаттылыққа «үй танымай ел танитын» азаматтар ісін жатқызады. Халқымыздың дәстүрлі тұрмысында парасатты хан, би, жырау, ақындар, шүкір,  болған. Парасаттылық тек оқумен, таза біліммен санаға сіңетін ақыл емес, ол – табиғи  тән болмысын қажет ететін ерекше құбылыс, феномен. Парасатты адам табиғатынан келбетті әрі келісті келеді. Парасаттылық – ізгілік  болмысы. Ізгілік болса, ол адам қасиетін қадір тұтудан бастау алмақ.

Қазақтың дәстүрлі тұрмысында парасаттылық әдеп, дәстүрді сақтаудан бастау алған. Жаңабектің екінші көзге көрінетін қасиеті – танымы мен талғамының жоғарылығы. Таным – ақиқат дүниені, өмірді танып білу жөніндегі қабілет-қарым, ілім-білім. Адам танымы сыртқы дүние заттары, құбылыстары түйсіктен басталады. Аристотель танымның негізі – сезім  деп  түсінген.

Таным мен ұят тығыз байланыста. Ұят жоқ жерде таным жоқ. Ұятты сезіну – танымның, білімнің басы. Талғам – эстетикалық сананың саласы. Ол эстетикалық сезім мен эстетикалық талап арқылы пайда болады, өз тарапынан эстетикалық мұрат қалыптасуына нәр береді. Талғам табиғат заттары мен көріністерінің қоғам өмірінде еңбек пен әлеуметтік қатынастардағы, кісі бойындағы және тұрмыс саласындағы эстетикалық жетістіктерді  бейнелейді.

Жаңабектің және бір қасиеті – шешендігі. Шешендік көп сөйлеу емес. Шешендік – өте сұлу және сендіре сөйлеп, тыңдаушыларды өзіне баурап алу. Шешен болуға психологиялық білім өте қажет, өйткені ол тыңдаушыға дұрыс әсер ету және олардың қажетті эмоцияларын қалыптастыруға жағдай жасайды. Шешен болу дауысты қырнап, орынды-орынсыз құбылтып, шұбырта сөйлеу емес, айтатын ойларыңыздың мақсаттылығы, арнайы монологтық техникасы, тиімділігі, сауаттылығы, пайдаланған фактілердің  шынайылығы, шектен шықпайтындай эмоциялық, қысқа да нұсқа жинақылығы, әрі әр аудиторияның өзіндік ерекшелігін ескеру. Жаңабектің сөйлеген сөздері мен жазған ой-пікірлері  осы ұстанымдарға негізделген. Сондықтан да оның сөзін, пікірін оқырман  қауым, тыңдаушы аудитория зор ынта қойып оқиды және тыңдайды. Шешендердің тұлғалық сапасына мыналар жатады: дербестік, өзіне ғана тән ойлау ерекшелігі, ашықтық, өзіне сенімділік, игі ниеттілік, сүйкімділік, шеберлік, күшті ерік-жігер және әрине, міндетті түрде еңбекқорлық: Жаңабектің шешендік қырында бұл айтылғандар әлбетте, баршылық.

Жаңабектің тағы да бір қасиеті – рухының биіктігі дер едім. Дүниеде бар шындық – адам, ендеше, дүниенің өлшемі де – адам. Рух – адамдар үшін нақты зат емес, ол адам болмысында бар болғанымен, физикалық дене, яғни нақты нәрсе зат ретінде сезілмейтін, көрінбейтін, бірақ бар нәрсе деп қабылданатын абстрактілі феномен. Рух туралы сөз, әдетте бір ерекше жағдайларда айтыла бастайды. Әсіресе, ол Отан, елді қорғау, ұлттық мүдде үшін нақты іс-әрекетті қажетсінетін   жағдайларда еске түседі, ойға оралады.

Рухтың асқақ болуы жеке тұлғаның қоғамдық маңызды салаларын (Отанға деген сүйіспеншілік, өз елін, жерін құрметтеу, қорғау т. б.) жетілдіру, биік ұстау деген сөз. Заманға сай өз Отанының патриотын, абыройлы азаматын тәрбиелеуде әлгіндей қадір-қасиеттерге жас ұрпақтың ынта-ықыласын арттыру шарт. Кез келген кісі тұлға болып қалыптаспайды. Адам тұлға болып тумайды, ол анық нәрсе. Олай болса тұлға – бұл адамның қоғамдық қатынастарда қалыптасатын және оның қоғамдық маңызды қызметі мен мінез-құлқына себепші болатын ерекше қоғамдық сапасы мен қасиетін белгілейтін тиянақты әлеуметтік сипаттама. Тұлғаның қалыптасуы, оның әлеуметтенуінің, сол қоғамның тәжірибесі мен құндылық бағдарларын игеру барысында көрініс  табады.

Тұлға болу үшін басшы болу міндет емес. Гуманист Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Адамдық борышың, Халыққа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл. Талаптан да, білім мен өнер үйрен. Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл» дегендей, біздің кейіпкеріміз жан дүниесіне жинаған жақсы қасиеттері мен білімділігінің арқасында тұлғалық деңгейге  көтерілді.

Жаңабек Жаңабайұлын мерейлі 50 жасымен құттықтай отырып, адалдық, тектілік, парасаттылық, шешендік, патриоттық сезім, намыс пен рухты ата-ананың өнегелі тәлім-тәрбиесімен ойсанасына, жан сарайына жинақтаған тұлға деп қорытындылап, Жүсіп Баласағұнның «Ақ ниетті, ақ жүректі тектілер, жұртын қолдап, елді ұшпаққа жеткізер» дегеніндей, қазақстандық қоғам біздің бүгінгі кейіпкеріміз сияқты тұлғаларға сенім артқаны абзал деп, ерекше  екпін түсіре   айтқымыз  келеді.

Тұяқбай Рысбеков,

 тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, 

«Парасат» орденінің иегері, 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  қайраткері

Тарланбоз

Ұстазым Жаңабек Жаңабайұлына

Келген күн мен кетер күннің арасы,

Әл-Мисақтан басталатын сағасы,

Ғасырлардың шаңын сүртіп-сілкілеп,

Келеді әне,

Саралжынның баласы.

 

Өткен  жыл  мен  келер  жылдың  арасы,

Неткен  жылдам  қас-қағымдай  шамасы.

Толағайдай  тау  көтерген  ұлына,

Құшақ  жаяр  Қазақия  даласы!

 

Шаңға  бөккен  алтын  зерлі  шапаны,

Белуарға  түскен  селеу  сақалы,

Тарих  атты  өлмес  ғұмыр  Абыздың,

Тарланбозы  елу  жасқа  тақады.

 

Жалған  дүние  жарқылдаған  елестің,

Дәл  дерегін  ақтарам  деп  егестің,

Өр  қазақтың  ұланысың  бетке  ұстар!

Жаңабайдың  ұлы  ғана  емессің.

 

Жақпар-жақпар  жартастардан сыр  аулап,

Жүрген  кезде  жылдар  ұшар  тыраулап,

Зеңгір  көкте  шарықтайтын  қырансың,

Әл-әзірге  ұстап  жүрміз  бұғаулап!

 

Алда  әлі,  шүйлігуің,  төнуің!

Ақтұмадай  жарқырауың,  өнуің!

Еңсегей  бой,  жаны  дархан,  бауырым!

Құт  әкелсін  еңгезер  жас  ЕЛУІҢ!!!

Қуаныш  Амандықов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале