21.11.2019, 19:26
Оқылды: 66

Спорт басқармасының басшысы «Есек дауына» қатысты пікір білдірді

Бүгінге дейін ат спорты мектебі базасында тұрған есекке қатысты бірнеше мәрте мәселе көтеріліп, облыстық спорт басқармасына аз сын айтылмады. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте аталған жайтқа байланысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева пікір білдірді. Оның айтуынша, есектерді меценаттар сыйлаған.

rsk (1)

– Бұған қатысты ақпарат біржақты беріліп келеді. Ұлттық спорт түрлеріне баулитын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Жаңағы айтылған үш есектен басқа, басқарма меншігінде 37 ат бар. Есектерді меценаттар сыйлаған. Кейін есектер инвентаризациядан өтіп, жем-шөппен қамтамасыз етілген. Атқа отыруға сескенген балалардың еті үйренуі үшін алдымен есекке отырғызады. Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға толық жағдай жасалып отыр. Басқа аймақтарға қарағанда, аса күшті дамуда деп айта алмаймын. Дегенмен бұл бағытта жетістіктер бар. Біріншіден, жастар арасында аударыспақтан жерлесіміз Нармағамбет Иманғазыұлы алғаш рет Азия чемпионы атанды. Екіншіден, көкпар – өте қиын, күрделі, командалық спорт түрі. Оған атты жақсылап баптау керек. Биыл Ақжайық ауданында спорт фестивалі аясында өткен көкпарға тұңғыш рет 11 аудан командасы қатысты. Бұл да жақсы көрсеткіш. Шыны керек, легионерлер секілді басқа аймақтардан мықты көкпаршыларды алып келіп, ойнатуға болады. Біз ол жолмен жүрмейміз. Есесіне, жергілікті спортшылардың дайындығына көңіл бөлудеміз. Биыл ұлттық спорт түрлерінен жаңадан екі бапкер қызметке тұрды. Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен фестивальда командамыз жақсы қырынан көрінді. Қаңтар айында оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлаудамыз, - деді Әсия Аманбаева.

Айта кетейік, өңірімізде ұлттық спорттың 6 түрін дамыту көзделген. Оның ішінде бес спорт түрі ауыл-аймақта қолға алынған. Әсия Аманбаева аттармен бірге есектердің де есепте тұрғанын айтты. Қазан айында облысымызға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келгенде, спорт басқармасының есек бағып отырғаны туралы ақын Бауыржан Халиолла ашық айтып, наразылық білдірген болатын. Соған байланысты кейін Үкімет тарапынан арнайы комиссия келіп, тексеріс жүргізді.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале