Әр ата-ана баласының болашағы үшін алаңдайды. Өмірде өз орнын тапсын, сүйікті ісімен айналыссын деген ниетпен перзентін түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстырады.
Әсіресе, баласының спортшы болғанын қалайтын ата-ана көп. Қазіргі уақытта тегін үйірме аз. Осы күні біраз спорт түрі бойынша федерациялар құрылып, олар шама-шарқынша жұмыстанып келеді. Федерация жеке болғандықтан, баласының ол жерде жаттығуына ата-ананың ақша төлеуі – заңдылық. Қазіргі таңда ұл-қызыңның күнделікті жүріп-тұруы мен ішіп-жеуі, тіпті киім-кешегіне ақша табудың өзі қиын. Ал ақылы үйірмелерге қатысса, шығын еселене түсетіні анық.
Шыны керек, біраз ата-ана ұлының футболшы болғанын қалайды. Сондықтан футбол үйірмелері мен жеке аяқдоп мектептері көптеп ашылуда. Өзінің білгенін балаға үйретіп, ел футболының дамуына өз үлесімді қосамын деп жүрген азаматтың бірі – «Ақжайық» командасының бұрынғы ойыншысы Алексей Мальцев. Оралдық даңқты шабуылшы былтыр «Жайық жастары» атты футбол мектебін ашты. Баласы Мальцевтің шәкірті болуы үшін ата-анасы ай сайын 12 000 теңге төлеуі керек.
– Менің мектебімде 25 балғын спортшы бар. Бес жастан 12 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймын. Оларды екі топқа бөліп, сенбі-жексенбі күндері жаттықтыратын. Жаттығуды айына сегіз мәрте ғана өткіземіз. Өйткені спортзалдың жалға алу құнын ата-аналар берген ақшадан төлейміз, – дейді Алексей Мальцев.
Жаттығуға арналған төлемнен бөлек, спортшы балаға жөнді аяқ киім мен жайлы форма да керек. Осы күні балаларға арналған жақсы спорттық аяқ киімнің ең арзаны 9000 теңге болса, қымбаты 12-15 мыңға дейін барады. Ал базарда толып тұрған бағасы арзан кедылар бірнеше жаттығудан соң созылып не жыртылып қалып жатады. Сондықтан бұқаралық маңызға ие деген футболдың өзі ата-анаға арзанға шықпайды.
Ата-аналардың ақшасын қалтаға салып алып, бапкерлер бос жүр деуге тағы болмайды. Спортзалды жалға алудан бөлек, жаттығуға қажет құрал-жабдықты да футбол мектебінің иелері сатып алады.
– Балаларға арналған доптың өзі 5000 теңге тұрады. Бізге жоқ дегенде 20 доп қажет. Форма да сол бағада. Бұл істен пайда жоқ деп айта алмаймын. Бірақ өзіндік шығыны да жетерлік, – дейді клуб жетекшісі Алексей Мальцев.
Ел ішінде жекпе-жек өне-ріне де ерекше сұраныс бар. Орал қаласының тұрғыны Ләззат Шағатайдың қызы Аяжан бірнеше жылдан бері каратэмен айналысады. Әлеуметтік желіде Ләззат сырткөзге айына белгіленген соманы төлеп қойып, каратэші қызының жетістігіне сүйсініп ғана отырғандай көрінеді. Бірақ Батыс Қазақстан киокушинкай-кан каратэ федерациясы баланың қауіпсіздігі мен жарысқа киетін киіміне ерекше мән береді. Сол себепті жаттығу жасағаны үшін төленетін 15000 теңгеден бөлек аяқ пен тізе, бас пен кеудені қорғап тұратын арнайы пластикалық сауыт-сайман тағы алу керек болады. Осы күні жарысқа қатысу жарнасы деген бар. Сондықтан баласы спортшы болғанын қалайтын ата-ана шығындануға әзір болғаны абзал.
Жарыстан тыс оқу-жаттығу жиыны деген тағы бар. Облыстық спорт басқармасы барлық спортшылардың дайындығына қаражат бөле бермейді. Сондықтан арнайы жиындар шығыны да ата-ана қалтасына түседі.
– Жазда қызымның командасы Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оған қатысуға қомақты қаржы жұмсадық. Күнделікті тамақ ішуіне және жүріп-тұруына тағы ақша керек. Балаң спортшы болған соң, оның үйде ішетін асына да ерекше назар аударған жөн. Сол себепті ылғи да табиғи таза өнімдерді тұтынамыз. Олардың да бағасы арзан емес, – дейді Ләззат Шағатай.
Қызының спортпен шұғылданғанын, денінің сау, жаман әдеттерден ада болғанын қалайтын Ләззат спортқа кеткен шығынды балаға құйылған инвестиция деп қарайды. Ол ондай шығын бәрібір өтеледі деп есептейді. Өйткені жасөспірім шаққа келгенше Аяжан мықты нәтиже көрсететін болса, әрі қарайғы спорттық жолы жеңілдей түседі. Яғни сол кезде қызының жарысқа шығуы мен оқу-жаттығуы кезіндегі барлық шығыны федерация тарапынан өтеле-ді. Оның үстіне арнайы жалақы да алады спортшы.
Кейінгі кезде балаларын жүзу спортына баулитын ата-ана да көбейді. Бұл жерде де жаттығу тегін емес. Орал қаласының тұрғыны Динара Сисенова бассейнде жаттығатын баласы Ерсін үшін айына 9000 теңге төлейді.
– Жүзуге балам өзі сұранды. Қаланы аралап жүріп, Оқушылар сарайында жақсы бассейн бар екенін білдік. Суы уақытында тазартылып тұрады. Бапкерлері де шәкірт көңілін таба біледі. Айына төлейтін ақша аса қымбат емес. Тек қаланың о шеті мен бұ шетіне жету қиын. Бірақ балам аутобуспен, таксимен баруды үйренді, – дейді Динара Сисенова.
Болашақ жүзгіштің анасы жаттығудан бөлек арнайы көзілдірік, бас киім және жүзіп үйренуге қажет тақтайша сияқты заттарға қосымша 20000 теңге кеткенін айтты.
– Әзірге балам суда жүзудің қыр-сырын үйреніп жүр. Алдағы уақытта жарыстарға шықса, қосымша қаражат табамыз. Әкесі де ұлының спортқа қызыққанына қуанып жүр. Қажет дегеннің барлығын алып берді. Баламыз үшін шығындануға әзірміз, – дейді қала тұрғыны.
Балаңыз қай спорт түрімен шұғылданса да, оның алаңсыз жаттығуына бәрібір ақша шығарасыз. Тегін өтетін дзюдо, қазақ күресі сияқты спортпен айналысам деген ұл-қыздардың арнайы киімдері 7500 теңгеден 20000-ға дейін барады. Ал тенниске бет бұрса, ракетканың бағасы да шарықтап тұр. Хоккей туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Сонда да шамасын айта кетейік. Жас хоккейші киетін бір ғана кеуде қорғанышының бағасы – 25000 теңге. Оған коньки мен клюшка, шлемді қоссаңыз әжептәуір ақша жұмсайсыз. Әлемге әйгілі ресейлік жекпе-жек шебері Федор Емельяненко бір сөзінде: «Бір шиша арақ гантельден арзан тұратын елде өмір сүретінім күйіндіреді», – деген еді. Бізде де жағдай сондай. Бірақ ұл-қызы қалап тұрса, ата-ана ұрпағының болашағы үшін ештеңе аямасы анық. Сондықтан анау қымбат, мынаған қажет құрал жоқ деп баланы сүйікті ісінен айырмайық. Өйткені спорт бүлдіршінді жаман әдеттен ада болуға, тәртіпке үйретеді. Түйіндей айтсақ, баланың дамуына арналған инвестицияның қайтарымы болады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz