3.02.2025, 17:00
Оқылды: 200

Ат спортын дамыту жайы қаралды

Өткен апта соңында өңір атбегілері мен шабандоздары және ұлттық спорт соның ішінде бәйгенің жанашырлары «Достық» үйінде бас қосты. Алда жаңа бәйге маусымы келе жатыр. Көп ұзамай аттың бабын келтіруді қолға алу керек. Десе де ондай жауапты істі бастамас бұрын өткенге бір көз жүгіртіп, осы кезге дейін қандай жұмыс атқарылды, алға қандай мақсат қоятынын да адам саралап алады. Облыс атбегілерінің басы қосылған жиын дәл осы мақсатты көздеді.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.36 (3)

Ат спортын дамыту, былтыр өткен бәйгелер мен елішілік жарыстарда кеткен қателіктерді түзеп, елде өтетін ат жарыстарын ұйымдастыру сияқты келелі мәселелер қаралған жиынға Орал қаласы спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ерболат Байбатыров қатысты.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.35 (1)

Алдымен қылқұйрық иелері мен бәйге жанашырлары дөңгелек үстелде бас қосты. Оны ашып жүргізген облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Сатқали Байзулин қазіргі таңда облыс атбегілерін толғандырып отырған екі мәселе барын атап өтті. Алғашқысы халықаралық талапқа сай келетін ипподром салу болса, екіншісі ат иелерінің қорасындағы қанды жылқылардың құжаттамасын реттеу.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.36 (2)

– «Жайық жүйрігі» бәйгесі облыс брендіне айналды. Алыс жақын өңірлердегі ат баптаған азаматтардың қызығушылығын тудырған бәйгені өткізу жайы да бас ауыртар мәселеге айналды. Өйткені халық көп жиналады. Ал біз оларға тиісті жағдай жасай алмаймыз. Жабайы ипподромды жаңалайтын уақыт келді,–деді Сатқали Байзуллин.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.36

Былтыр екі бірдей республикалық жарысты қабылдаған Бортау маңындағы жабайы иппдром бәйгесүйер ағайынның еті үйреніп қалған жер. Аталған орынды толыққанды халықаралық талапқа сай келетін атшабарға айналдыру мәселесін шешу жайында атбегілер сауал жолдады.

Аталған мәселемен толықтай таныс екенін айтқан қалалық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов бәйге өткізіп жүрген орынды атшабарға айналдыру жайы біртіндеп шешіліп жатқанын жеткізді.

– Осы күні Бортау маңындағы орын топонимикалық түсірілімнен өтті. Спорт басқармасы мәселені шешу керек екенінен хабардар. Қала әкіміне жағдайды жеткізіп, мәселені шешуге күш салатын боламыз,–деді Армат Исанов.

Сонымен қатар жорыққа ат қосу жайы да көтерілді. Қазір жылқы марафонына қатысатын ат өңірде жетеді. Сол жылқылардың бабын келістіріп, жорықшыларға қолдау көрсететін адам болмай тұр. Ол мәселе де шешімін табар күн жақын секілді. Өйткені өңірге танымал кәсіп иесі жорық аттарын баптап, жорыққа ат қосу ниеті бар азаматтарға барлық жағынан қолдау танытуға әзір екені де жиында сөз болды.

Атбегілер баптап отырған сәйгүліктерінің құжаты реттелмей жатқанын да айтты. Бүгінде елімізге сырттан қандай жылқы алып келсең де ол ауыл шаруашылық жануары болып тіркеледі. Сол себепті қанды жылқыдан құлын алып, толыққанды қазақтың қолтума жүйріктерін саттықа шығара алмай отырмыз. Осы мәселе шешілсе, сатқан былай тұрсын, ірі халықаралық жарыстарға қазақстандық жылқы шығарар едік дегенді де жылқы бапкерлері алға тартты. Бұл мәселені де шешуге болады. Өйткені өңірдегі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-тың биотехнология лабораториясы елге кіргізілген әр жылқының тегін анықтап, оның шын мәнінде қанды жылқы екенін растайтын құжат жасап бере алады. Ол ақпаратпен «Жәңгір хан атындағы БҚАТУ» КЕАҚ-ның Ғылым басқармасының басшысы - сынау орталығының директоры, қауымдастырылған профессоры, Биология ғылымдарының докторы Индира Бейшова бөлісті. Ол осы институт бәйге федерациясымен тығыз байланысты жұмыстанып жатқанын жеткізді. Қорасында қанды аты бар әр азамат жылқысының тегін растайтын, оның төлінің тегін растайтын құжат жасата алады.

Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Батыс өңірі атбегілерінің басқосуына елге танымал бапкер, Алашқа аты мәлім атақты «Жұмыртұяқ» атты жүйрікті баптаған Марлан Бектенов пен ұлы, дүниежүзілік көшпенділер ойынында оза шапқан Хамза Амангелді қатысты.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.36 (1)

Облыс бәйгешілері құрметті қонаққа шапан жауып, ұлы Хамзаға тай мінгізді. Салтанатты жиында ат спортының дамуына үлес қосқан Бауыржан Бегайдаров, Нұржан Мағзомов және Ақылбек Ишанов сынды азаматтарға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрінің "Алғыс хаты" табысталды.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.43.34

Сондай-ақ Мерей Ғариполлин, Миразат Айсұлтан,  Рашид Ырысбек сынды бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын қорғаған шабандоздарға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Жиында бір топ атбегілер мен журналистер, ветеринарлар және ғалымдарға құрмет көрсетілді. Біраз жылдан бері ат спортында жүрген азаматтарға төреші атақтары, спортшыларға разрядтар берілді.

Жиын соңында көпшілік жаңа бәйге маусымын былтырғыдан да мықтырақ етіп өткізуге уағдаласты.

Түгелбай Бисен

Суреттер БҚО бәйге федерациясыныкі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале