29.11.2022, 10:02
Оқылды: 62

Студенттердің де еңбекке ебі бар

Студенттік шақ әр адамға түрлі естеліктерімен қымбат. Осы албырт шақ, қайталанбас кезеңде әркім өз уақытын өзінше тиімді өткізуге тырысады. Бірі түрлі спорт секциялары мен шет тілдерін үйрететін орталықтарға қатынаса, енді бірі оқудан тыс уақытын жұмысқа арнап жатады. Тіршіліктің тілін түсінемін деп еңбекке ерте араласып кеткен студент жастарды қаламыздағы мейрамхана мен шаштараздардан, сондай-ақ сауда орталықтарынан да көп байқаймыз. Себебі олар бос кезінде даяшы, сатушы, жарнама жабыстырушы, аниматор және күзетші болып та жұмыс істейді. 

IMG-20221129-WA0015

Бірде қаланың орталығындағы даңғылдың бойында орналасқан шаштаразға бардым. Не үшін барғаным түсінікті. Содан бос тұрған орындыққа жайғаса кеттім. Бір студент шашымды қия бастады. Бірден жылы ұшырап, таныса кеттік. Есімі – Айсадат. «Екінші курста оқимын» деп әңгімесін айта жөнелді. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының студенті екен. Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласынан келген ол қазіргі мамандығына өзінің қалауымен түскен.

– Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Мектеп қабырғасында түрлі спорттық жарыстарға белсене қатыстым. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстануды жөн санаймыз. Соның да әсері болар, спорттың қай түріне болса да икемім келетін. Сондықтан мектеп бітіріп, осы мамандыққа түстім. Қазір ақылы бөлімде оқимын. Әрине, оқу ақысының көп бөлігін ата-анам төлеп жатыр. Мұнда табыс көзі келушілердің санына қарай әртүрлі болады. Бір айда 70 мың теңге тапсам, тағы бір айда 80-90 мың теңге табамын. Жалпы өзім уақытымның бос өтпегенін қалаймын. Қолым босай қалған жағдайда, адал еңбекпен табыс табуға талпыныс жасаймын. Бір жағынан, өзімнің пәтерақымды төлеуге тырысамын. Кейде «Кез келген пайдалы іспен айналысу артық етпейді» деген ой алға қарай тартып тұрады, – дейді Айсадат Бекетаев.

Оның айтуынша, мектеп бітіргеннен кейін шаш қиюға қызығушылығы оянған. Аталған оқу орнына түскеннен кейін, яғни 2021 жылдың сәуір айынан бастап жатақханадағы студенттердің шаштарын қиып бастаған. Тапқан табысының бір бөлігіне осы шаш алатын арнайы құралдың керек-жарағын алып, қалған ақшасына пәтерақысын төлейді. Әңгіме арасында жаңа бір істі үйренуге бала кезінен қабілетті екенін айта кетті. Сонымен қатар болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.

– Кез келген жастың ең басты мақсаты – қандай да бір саланы жетік меңгерген маман болып қалыптасу болса керек. Мен де осы нәрсеге назар аударамын. Оқумен қатар алып жүрген қазіргі кәсібімнің пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ деп есептеймін. Оқу уақытынан тыс кезде ақша табу керек деген ой студенттердің бәрінде болады. Десе де, көбінің санасында «Сабақ жайында қалмай ма?» деген үрей де жоқ емес. Күнделік-ті сабақтағы бағаларым тым жоғары деңгейде демеймін, барынша үлгеріп жүрмін. Пайдалы істерге уақыт арнау керек деп ойлаймын. Жұмыс барысында шаш қидыруға келген түрлі адамдардың мінез-құлқы мен жақсы қасиеттерін байқаймын және өзіме үлгі етемін. Бұл да өз кезегінде уақытымның бос өтпегенін дәлелдейді. Сондай-ақ олармен қалай тіл табысу керектігін, дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін түсіндім, – дейді ІІ курс студенті. «Ата-анама салмақ салғым келмейді. Еңбек етудің қиындығын сезініп, адал табысты ретімен жаратып үйренгім келеді. Ең бастысы, сәтсіздікке апаратын жолды тану және қайталамау. Қалғанына уақыт сыйлаған ерік-жігеріміз жеткізеді» деген ол болашақта жеке кәсіп ашқысы келетінін де жасырмады.

IMG-20221129-WA0016

Келесі студентіміз Нұрым Ғұмар Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің ІІІ курсында оқиды. Аталмыш оқу ошағының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына 2020 жылы түскен. Әуелде тек жазғы демалыста құрылысшылардың қасынан табылған Нұрым, кейін 2021 жылдың күз, қыс мезгілдерінде жүк тасу жұмыстарына араласқанын айтты.

– Бүгінде еңбекке деген құлшынысы зор қатарластарым көп. Соларды көргенде құр қарап жатпау керектігін түсінемін. Бізге қойылған басты талап – оқу. Дейтұрғанмен, оқудан да бос кездер болады. Сондай уақытта неге әрекет етпеске?! Яғни қолыңнан келетін іске ұмтылып, отбасыңа көмегіңді тигізу айып емес деп ойлаймын. Алдымда екі ағам бар. Екеуі де құрылыстың қыр-сырын меңгерген. Менің арман-мақсатым мен ой-мұратым мүлде бөлек болса да, олардан үйренерім көп. «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Анығын айтсам, құрылыстың маған таңсық тұстарын үйрену, білу артық етпейді. Сондықтан кейде ағаларымның жұмыстарынан үлгі аламын, – дейді Нұрым Қайырболатұлы.

Нұрым оқушы кезінен шахмат ойнап, облыстық жарыстарда бақ сынаған. Сондай-ақ өлең-жырға да құмартқан ол қаламын қолынан тастамай, ой-сезімдерін қағазға түсіріп отырады. Бала кезінен қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың кітаптарын оқып өскен. Қазақ тілі мен әдебиетінен алыстағысы келмегендіктен, осы мамандықты таңдап, мұғалім болуды мақсат етіпті. Айтуынша, оқу жағынан ешқандай қиындықтар жоқ. Қазіргі таңда ол қаламыздағы құрылыс нысандарының бірінде күзетші болып жұмыс істеуде. Осы жөнінде толық сұраған едік.

– Екі күн кезекшілікті атқарып, екі күн демалыс кезінде сабақтың тапсырмаларын реттеймін. Көбіне түнгі кезекшілік болғасын, әдеби кітаптарды ақтарып, шығармашылыққа да өзімше көңіл бөлемін. Айлық жалақым – 47 мың теңге. Осы табыстың өзі біршама қажеттілігімді өтейді. Сенбі, жексенбі күндері де қарап жатпай, мамандығыма қажет дүниелер іздеймін. Барлық адам, соның ішінде жастар уақытты тиімді пайдалана білсе, көлденең кезіккен қиындықты еңсеруге болады, – деп ойын түйіндеді Нұрым Ғұмар.

Байқауымша, бүгінгі күні студенттер пұл табамын деп мамандығынан қол үзген емес. Көбі әлі келгенше тынымсыз тіршіліктің жайын біле жүріп, сапалы білім алу арқылы ғана елге үлесімізді тигіземіз деп ұмтылып тұрғандар. Оқу уақытынан тыс атқарып жүрген жұмыстарын осы кезеңдегі үйреніп алуды қажет ететін кәсіптің біріне балайды. Олардың терең ойланып, жан-жақты әрекет ететіндері көңіл қуантады.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале