Студенттер үйі – жастарды тәртіп пен реттілікке тәрбиелейтін өмір мектебі, достықтың алтын ұясы. Яғни, мұнда жан-жақтан арман қуып келген жастар бір-бірімен тіл табысып, сын сағаттарда өзара қолдау көрсетіп, сан қыры ашылады.
Елбасы «5 әлеуметтік бастама» аясында сапалы мамандар үшін жатақханалар санын көбейтуді тапсырды. Бұл жоғары оқу орындарында тәлім алған жас маманның әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың кәсіби маман ретінде қалыптасуға баса көңіл бөлуін қамтамасыз етеді.
Осы орайда, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыс бойынша жатақханаларға мониторинг жүргізді. Қаламыздағы ЖОО мен кәсіптік және техникалық білім беретін орындардағы жатақханалардың оқу жылына дайындығы тексерілді.
Тамыз айының 15-нен бері БҚО бойынша 11 АОО жатақханаларына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Жатақханаларға мониторинг жүргізу барысында түрлі мәселелер кездесті.
Атап айтсақ, А.Иманов атындағы жол-көлік колледжі жатақханасының ғимараты өте ескі, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жатақхана ғимаратының ескі екеніне қарамастан ондағы қызметкерлер қолда бар жабдықтарды ретке келтіріп қойған. Колледж жатақханасына жауапты адамдар студенттерді орналастыруға деген дайындық жұмыстарын толықтай жүргізген.
Орал «Сервис» технологиялық колледжі жатақханасында студенттерді орналастыру үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Студенттерге арналған жиhаздарды, оның ішінде бөлме есіктерін ауыстыруды қажет етеді.
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі жатақханасының жағдайы өте жақсы. Әр қабаты студенттердің даму, бос уақыт, сабақ оқу тағы сол сияқты жағдайларды негізге ала отырып, талаптарға сай әдемі жасақталған. Жаңа оқу жылына толықтай дайындық жұмысы жүргізілген. Студенттерді қабылдауға дайын.
Республика көлемінде жүзеге асып жатқан мониторинг жұмыстары өңіріміздің аудандарында да белсенді жүзеге асуда.
Атап айтар болсақ, Жаңақала аудандық колледжі жатақханасына мониторинг жүргізу барысында студенттерге арналған тамақ пісіретін газ плиталарының нормативке сай емес екендігі анықталды. Аталған мәселе бойынша ескертулер беріліп, колледж басшылығы оң шешімін табатынын жеткізді.
Теректі аудандық колледжінің жатақханасы студенттерді қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда жатақхана ғимараты күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді.
Шыңғырлау, Казталов, Тасқала, Бәйтерек, Жәнібек, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарында орналасқан колледж жатақханалары жаңа оқу жылына дайын.
Алдағы уақытта қалған АОО мен ЖОО жатақханаларына жоспар бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіледі.
Арай Марсқызы,
«Жастар Рухы» ЖҚ БҚОФ менеджері