28.03.2025, 16:00
Оқылды: 338

Суармалы егіншіліктің статистикасы ақсап тұр

Батыс Қазақстан облысында 60 817 гектар суармалы жер бар. 2024 жылы соның 16%-ы, яғни 10 160 гектары тұрақты пайдаланылған. Суармалы алқаптың 92%-ында су үнемдеу технологиясы қолданылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінде картоп, көкөніс, бақша, малазықтық дақылдар өсіріледі. Бұл жөнінде шаруалар бас қосқан кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин хабарлады. Осы шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және саттыққа техника ұсынатын компаниялардың өкілдері қатысты.

WhatsApp Image 2025-03-28 at 16.12.03
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметі бойынша биыл бірқатар ауданда агроқұрылымдар 2500 гектар суармалы алқапты айналымға енгізуге дайын. Суармалы егістікпен айналысам деген шаруаларға мемлекет көмектеседі. Мәселен, осы мақсатта сатып алынған құрал-жабдық құнының 80%-ына дейін өтеп береді. 2024 жылы облыста субсидиялау бағдарламасы аясында 1 млрд 198 млн теңге демеуқаржы берілді. Субсидия қаражаты бір жыл ішінде екі кезеңмен төленеді. Соның ішінде 763 млн теңгеге жалпы тауар құнының 50%-ы (негізгі бөлігі) төленсе, одан кейін қосымша 30%-ы – 435 млн теңге қаражат берілді. Биыл шаруалар шығынын субсидиялауға 13 млрд теңге қаражат бюджеттен бөлінді.
Жиында сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов жер игеру бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі өзі басқаратын мекеме мәліметімен сәйкес келе бермейтінін айтты. Мұның алдында болған кеңесте Мақсотов агроқұрылымдар көлемі 5 мың гектардан астам суармалы алқапты мақсатына сай пайдаланатынын мәлімдеген. Содан кейін екі басқарманың мамандары өзара ақпаратты салыстырған, деректердің дұрыстығын тексерген.
– 10 160 гектар құрайтын жердің түрлі әдістермен суарылғаны жөнінде мәліметтерді әрбір субъект, әрбір аудан бойынша салыстырдық. Сол кезде біздің жер балансымыздағы мәліметтерге сәйкес, соның 49%-ы немесе 5004 гектары суарылатын жерлер екені, яғни балансқа сәйкестігі анықталды. Ал 5156 гектары немесе 51%-ы суармалы алқап құрамында жоқ, – деп түсіндірді Нұржан Мақсотов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылдың 23 шілдесінде жариялаған №317 бұйрығына сай жер пайдаланушы өзінің учаскесінде суару технологиясын қолданса, Жер кодексінің 8-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы алқабын «суарылатын жер» санатына сай ауыстыру керек. Кеңесте Мақсотов бюджеттік бағдарлама әкімшісі – ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктері шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмысын жүргізу, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті (жер инспекциясы) арқылы цифрлардың сәйкестігін реттеу керектігін айтты.
5 156 гектар алқап бойынша Бәйтерек ауданында – 55, Ақжайықта – 52, Теректіде – 13, Тасқалада 11 субъектінің дерегі жер қатынастары басқармасының статистикасына сәйкес келмейді. Орта есеппен алғанда Ақжайық ауданындағы 52 ШҚ-ның әрқайсысына – 40, Бәйтерек ауданындағы 55 ШҚ-ның әрбіреуіне 20 гектардан учаске тиесілі. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов келесіде аудан әкімдерінен агроқұрылымдардың суармалы алқап бойынша құжаттарды қалай реттеп жатқанын жеке-жеке сұрайтынын айтты.

7
– Облыста 60,8 мың гектар суармалы алқап бар. Соның 50 мың гектары – шаруа қожалықтарының иелігінде. 10 мың гектар жерді пайдаланып отырмыз десек, 40 мың гектар учаске неге игерілмей жатыр? Қай қожалық жұмыс істемей отыр, сол туралы ақпаратты аудан әкімдеріне жер инспекциясына жолдаңыздар деп тапсырма бергенмін. Одан әрмен жер инспекциясы шұғылданады. Бұл бағытта қозғалыс керек. Жалпы көлемі 40 мың гектар болатын жерді жайлап отырған қожалықтардың барлығына түгелдей құлақтандыру берілсін, – деп ескертті Айтмұхамбетов.
«Ер Қожа» ШҚ жетекшісі Самат Хасанов дизель отынын жеткізу, ауыл шаруашылығы учаскесін қоршау мәселесін көтеріп, жоңышқа тұқымын сатып алуға демеуқаржы аз бөлінетіні, электр қуатының жетіспеушілігінен егістікті суаратын техникалардың жиі кідіретіні туралы айтты. Жиында аталған қожалық басшысы мен басқа да фермерлердің сұрақтарына ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин жауап берді. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов аудандарда коммуналдық меншіктегі су арналарын «ҚазСуШар» кәсіпорнының иелігіне өткізу жоспарда бар екенін айтты.
– Су үнемдеу технологиясына көңіл бөлетін уақыт жетті. Бұрынғыдай көлтабандарға миллиондаған текше метр су жібермей, шағын суармалы алқапқа көпжылдық және біржылдық шөптерді егіп, одан бірнеше есе өнім алуға тырысу керек. Қазіргі уақытта агроқұрылымдарды қолдауға бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінгенін естідіңіздер. 80 пайызға дейін жабдық шығынын өтейтін субсидия беру басқа салада некен-саяқ. Үкімет 2028 жылға дейін субсидия беру тетігін алып тастайын деп отыр. Содан кейін төмен пайызбен несие беруі мүмкін, бірақ демеуқаржы мүлдем берілмейді. Сондықтан екі-үш жылда мүмкіндікті қолдан қалт жіберіп алмаңыздар, – деді обылс әкімінің орынбасары.
Кеңесте «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалы басшысының бас гидротехнигі Қайрат Жулкашев магистральды каналдар арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарына су жіберу жайы, «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ облыстық бөлімінің басшысы Қанат Өтеғалиев шаруашылық мақсатында су алуға рұқсат беру тәртібі туралы баяндады. Одан бөлек «NazarAgroTrade», «CT AГРО», «Іскер техника» ЖШС-лары, «ADAM» компаниялар тобы (SU BEREKE), «VEM tech» («ВЕМ ТЕЙЧ»), Debont Agriculture Machinery компаниясының өкілдері суару технологиялары және жаңа құрал-жабдықтар жөнінде баяндады.

Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале