Агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың ілкімді жолының бірі субсидиялау екені рас. Субсидиялау – тауар өндірушілерді бюджет қаражаты есебінен өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржыландыру.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Ержан-ұлының сөзінше, биыл мал шаруашылығын дамытуды қолдауға жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам субсидия бөлінген. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес жергілікті бюджеттен қосымша 1,8 млрд. теңге бөлінген. Қосымша қаражат қазір рәсімделуде екен. Демеуқаржының басым бөлігі етті мал шаруашылығына, сүтті бағыттағы ірі қара малға, қой, құс, жылқы және ара шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарға бағытталады. Бұл қаражатты төлеу рәсімі субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде (САЖ) аутоматтандырылған түрде жүзеге асырылады.
– Күні бүгін облыс шаруаларына 5 млрд теңге демеуқаржы төленді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығына енген өзгерістерге сәйкес, ақпараттық жүйеде «күту парағы» (резерв) енгізілді. Яғни демеуқаржыға төленетін қаражат болмаған жағдайда, өтінімдер «күту парағына» келіп түседі. Қазірдің өзінде аталмыш параққа 1,3 млрд. теңгені алу үшін өтінім түсіп тұр. Айта кету керек, резервте тұрған өтінімдердің түскен мерзімі өтіп кетпей, сақталады. Сонымен бірге мұнда тұрған өтінімдер бюджетті жоспарлауға да оң септігін тигізеді.
Енді жергілікті бюджеттен бөлінген қосымша қаражат рәсімделіп болған соң, өтінімдер «күту парағынан» басқармаға түседі. Содан кейін ғана субсидия тізім бойынша төленеді. Жалпы, демеуқаржы алу үшін өтінімдер 20 желтоқсанға дейін қабылданады. Сатып алынған асыл тұқымды аталық бұқаларға, қошқарларға субсидиялар төленеді. Мәселен, отандық ірі қара сатып алғаны үшін тауар өндірушілерге әр мал басына 150 мың теңгеден, қошқарға 15 мың теңгеден демеуқаржы қаралған. Шаруалардың мал бордақылау және ет өңдеу кешендеріне тапсыратын бұқашықтары үшін де демеуқаржы беріледі. Бұған дейін де айтылып жүргендей, Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінен әкелінетін асыл тұқымды етті бағыттағы ірі қара малдың аналығына 225 мың теңге, алыс шетелден импортталған малға 300 мың теңгеден төленеді, – дейді Сатқан Ержанұлы.
Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кеңес Қайдашевтың айтуынша, егін шаруашылығы бойынша субсидияның үш түрі бар. Сатып алынған тыңайтқыштар, пестицидтер және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен жабдықтау қызметтерінің құны субсидияланады. Егін шаруашылығына бағытталған субсидия 1 ақпан – 1 желтоқсан аралығында төленеді екен. Биыл 47 шаруашылық тыңайтқыштар үшін 250 млн теңге демеуқаржы алса, пестицидтер үшін 55 шаруашылық 167 млн теңгеге ие болған. Атап айтқанда, 97 мың литр пестицид пен 4222 тонна тыңайтқыш субсидияланған. Ал өңірде су жеткізіп беру қызметі бойынша «Балакирев» ШҚ ғана демеуқаржы алған.
– Субсидиялау үрдісі аутоматтандырылған және өтінім беру https://www.qoldau.kz бизнеске арналған цифрлық платформасы арқылы жүзеге асады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші осы порталға өтінімін, сату-сатып алу келісімшарты мен электронды счет-фактурасын жібереді. Ал тауарды шетелден әкелсе, кедендік декларацияны тіркейді. Жіберілген ақпараттың дұрыстығына шаруаның өзі жауапты екенін айта кеткен жөн. Шаруалар жазған өтінімдер басқармаға электронды түрде түседі. Содан кейін басқарманың жауапты маманы өтінімдердің қағида талаптарына сәйкестігін немесе сәйкес еместігін тексереді. Осылайша өтінімді қабылдайды немесе уәжді түрде бас тартады. Бұл демеуқаржылар үш күннің ішінде беріледі, – дейді бас маман.
Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Берік Ситқазиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сатып алған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарына кеткен шығыны 25 пайызға дейін субсидия ретінде қайтарылады. Осы орайда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне (АӨК) де субсидия беріледі. Яғни субсидия АӨК-терді дамыту және ауыл шаруашылығы жүк көліктерін сатып алған шығыстардың 25 пайызын өтеу үшін беріледі. Биыл осы бағытқа жергілікті бюджеттен 298 млн. 550 мың теңге бөлінген.
– АӨК-тердің шығыны республикалық және жергілікті бюджет есебінен елу пайызға дейін өтеледі. Бұл АӨК-тер үшін тиімді. Мысалы, тракторды 8,2 млн. теңгеге несиеге алды делік. Субсидия алуға құжат тапсырғаннан кейін, техникаға кеткен шығынның 50%-ы, яғни 4,1 млн. теңгесі 1 айдан кейін есепшотқа түседі. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері сатып алған техникаларды субсидиялау үшін бөлінген қаражат толықтай игеріледі, – дейді Берік Маратұлы. Субсидия алу үшін де бекітілген талаптар бар. Мәселен, несиеге трактор алу үшін шаруаның 10 га жері болу керек. Сонымен бірге үш жылдың ішінде лизингке алған техниканы иелігінен шығармауы тиіс. Егер аталған талап сақталмаса, қожалық демеуқаржыны кері қайтарады. «Субсидия алатын қожалықтың жетекшісі электронды-цифрлық қолтаңбасымен https://www.qoldau.kz порталына кіреді. Сол үшін абономенттік төлемін жасап, субсидия алу үшін өтінім береді. Оған техниканы сатып алғанын растайтын құжаттарды тіркейді. Бұл рәсімдерге басқарма қызметкерлері араласа алмайды. Алайда жіберген құжаттары дұрыс болмаса немесе толық салынбаса демеуқаржы беруден бас тартылатынын ескерген жөн. Жалпы, аутоматтандырылған құжат алмасу 2019 жылдан бастап қолданысқа енген еді. Агроқұрылым иелерінің интернет арқылы құжат алмасуды жақсы меңгеріп келе жатқаны байқалады. Сондықтан қазір құжаттарды жолдау барысындағы мәселелер бұрынғыдай көп емес», – дейді Берік Маратұлы.
Жалпы, ауыл шаруашылғы тауарларын өндіріп, саланың жұмысын жандандыруда шаруалардың еңбегі ерен екені сөзсіз. Сондықтан олардың жоғарыда аталған демеуқаржыларды дер кезінде алып, уақтылы демеу көргені жөн.
Ясипа Рахимова,
zhaikpress.kz