12.03.2022, 14:51
Оқылды: 430

Судья Құлыбай Ерғалиев – Махамбет батырдың туысқаны

Жоғары заң білімдері болмаса да, сот саласында сонау бір замандарда қызмет атқарған кейбір аға ұрпақ өкілдері­нің білімдарлығы да ешкімнен олқы соқпаған. Солардың бірі - қазан төңкерісіне дейін Оралдағы екі кластық орыс-қазақ мектебін бітірген Құлыбай Ерғалиев екен. «Өте сауатты адам» дейтін оны білетіндер. Оның есімі облыстық сот судьяларының тізімінде сот бастапқы құрылған 1932 жылдың өзінен бастап ұшырасады.

C8ACD2E5-AA74-4FFF-8014-2B3E4817199D

Кейін архив құжаттарын ақтарып, іздене жүріп Құлыбай Ерғалиевтің тегін адам еместігі, жалынды ақын, арынды батыр Махамбет Өтемісұлының аталас ағайыны болып келетіндігі туралы дерекке тап болдым. Ол жөнінде кезінде Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетінің 1968 жылғы 13 наурыздағы санында Х. Әбілов былай деп жазады: «... Махамбет Өтемісовтың шөбересі – Құлыбай Ерғалиев «Тайпақ» қаракөл совхозының орталығы Базаршоланда тұрады. Ол биыл дәл 70 жаста. Жасының егде тартқанына қарамастан, ол әлі тың, сергек. Ертеде орысша оқып, білім алып, қырық жылдан астам уақыт жауапты жұмыста жасаған адам... Құлыбайдың әкесі – Тілеміс, оның әкесі Шыбынтай. Шыбынтай мен Өтеміс бірге туған. Құлыбай өз аталарын, олардың үрім-бұтағын ауызша да, жазбаша да шежіре етіп, тарқатып айтып береді» дей келіп, Беріш руының Құлмәлі бөлімінен тарқайтын ұрпақтарын Құлыбайдың айтуымен қағазға түсірген:

Жаугершілік заманда Жаубасар деген Беріш бір құл әкеледі. Ол Мәлі деген күңге үйленеді. Құл мен Мәліден (Құлмәліден) Өтеміс, Шыбынтай, Қобылабай дүниеге келеді. Өтемістен Махамбет, Махамбеттен: Махмет, Нұрсұлтан. Махметтен ұрпақ жоқ. Нұрсұлтаннан Сауғабай. Сауғабайды Құлыбай жақсы білген. Мал бағып, күнкөріс жасаған  момын шаруа болыпты. 1931 жылы дүниеден озған. Артында ұрпақ қалмаған.

Бұған қосарымыз, бір деректерде Сауғабайдан Мырзағали, Шәкір деген ұлдар туып, ұжымдастыру науқаны кезінде Орынбор облысының аумағына көшіп кеткеннен хабарсыз делінеді. Бірақ Құлыбайдың тілшіге сұхбатында олар айтылмаған.

Көптеген деректерде Махамбеттің тегі Құлмәліден Шыбынтай, Шыбынтайдан Өтеміс болып, Өтемістен Махамбет болып тарқатылады.

Жоғарыдағы деректе Шыбынтай Өтеміспен бірге туған ағайынды адам болып сипатталған. Сондықтан Махамбеттің тікелей аталасы – Құлыбайдың ауызынан жазылып алынған шежірені әдейі келтіріп отырмыз. Демек, Құлыбай – Махамбеттің әкесі, Өтеміспен бір туған Шыбынтайдың баласы, Тілемістің ұлы. Махамбетке шөбере ұрпақ. Қазақта ағайынды адамдардың балалары ортақ шежіреде бір атаның балалары болып та тарқатыла берген ғой.

«Өтемістің ұлы Махамбет батырдың атасы Құлмәлі әрі би, әрі батыр, суырыпсалма шешен болса, әкесі Өтеміс Бөкей дәуіріндегі беделді билердің қатарында саналған» дейді Махамбет туралы тың деректер жариялаған журналист Ерсайын Көшек («МАХАМБЕТ: белгілі, беймәлім беттер.» «Егемен Қазақстан» 5.09.2013 ж.)

Беріштің Құлмәлі тармағының түп атасы туралы аңыздар әрқилы. От тілді, орақ ауызды Махамбет ақынның түп-тұқиянын зерттеушілердің біразы Махамбеттің атасы Құлмәлінің шыққан тегі парсы десе, ал Әнес Сарай бұл әңгіменің түбірін түрікмендерге апарып тірейді. Енді бір аңызда ол тұтқынға түсіп, қазаққа сіңіп кеткен ноғай азаматынан тараған ұрпақ делінсе, екінші деректерде қалмақтың құлдығынан орыстың жетегіне еріксіз байланып, қазаққа шын ниеттестігін ісімен дәлелдеп, қапастан қашып құтылып, қапияда аман қалған белгісіз бір боздақ. Және ол – жайын құл емес, орысқа сатылмаған, қазақ үшін жанын беруден тайынбаған аңыз адам. Орыс барлаушыларын айдалада адастырған жолбасшы жігіт. «Қазақтың Иван Сусанині» десе де болады.

849782C9-F75C-4E94-99E8-96949EEDC658

Екінші бір деректе 1715 жылы Бірінші Петрдің Орта Азияны жаулау үшін Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауын зерттеу мақсатында жасақтаған экспедициясының басшысы Дәулеткерей Бекмұрзиннің (Берковский-Черкасский) жасағының жолбасшысы болып келе жатып, орыстарды жапан түзде адастырып кеткені үшін жазаланып, зынданға тасталған Мәлі деген ноғай жігіті. Оны хиуалықтардың тұтқынынан Беріш руының Жайық есімді жігіті құтқарып әкеліп, Қалдығайты жағалауындағы еліне сіңістіріп жібереді. Кейін Құлмәлі атанып кеткен сол жігітті Беріштер үйлендіріп, алдына мал салып беріп қатарға қосып жібереді. Одан Шыбынтай есімді ұл туып, ер жетіп, Байбақтының Дат тармағының қызына үйленеді. Шыбынтай әкесі Құлмәліні құлдықтан құтқарған қазақтың алдында қарыздар екендігін білдіріп, өзінің баласына Өтеміс деген есім береді. Өтемістен Махамбет, Махамбеттен Нұрсұлтан, Нұрсұлтаннан  Сауғабай. (Ж. Ақбай «Радуга Ақ Жайык» Самарский Дом печати г. Самара. 1997) Бұл деректерді тарихшы-өлкетанушы Ж. Ақбай да жанынан шығарған жоқ, әрине. Кітабында жазғанына сілтеме жасамаса да, сирек кездесетін ежелгі қолжазбалардың бірінен алған дерек деп топшыладық.

Махамбет батырмен тарихта аты әйгіленген Беріштің Құлмәлі тармағы әрілеген сайын астары тұмандана түседі. Өзінің ғұмырнамалық романында жазушы Қалихан Ысқақ қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің тегінің Ашамайлыға барып тірелетіндігі жөніндегі деректі келтіреді. Осыны Ғабиттің өзіне айтқанда: «Ол рас... Махамбетті де Ашамайлы десіп жүр ғой. Сұлтанның сарай ақыны Махамбетті «қаңғып келген керей едің, жаттығыңды жасап, ханды шайқап, елді бүлдірдің» деп даттаған өлеңін де оқыған едім» деп құптаған.

Ашамайлы – Күлсары, Бата – Байрам – Нәдір – Күлмәлі – Шыбынтай -  Өтеміс – Махамбет. Ататектің бұл екі схемасы да Шәңгерей шежіресінен. Шәңгерей жазбасына жүгінсек, Байрам түрікпенде тұтқында болыпты да, Нәдір байұлы Беріште қолбалалықта жүріпті.» (Қ.Ысқақ. «Келмес күндер елесі» «Жұлдыз» 2010 ж. №3. 19-бет).

Өтеміс-Сырым батырды қолдаған беделді тұлға. Жоғарыдағы Жайсаң Ақбайдың кітабында елден ауып кеткен Сырым батыр өлерінің адында өзіне сенімді серік болып, көп шарапатын тигізген Өтеміспен құда бола алмағанына өкінішін білдіріп, үлкен ұлы Жүсіпке қыздарының бірін Өтемістің ұлдарының біріне беруін өсиет еткен делінеді. Ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліс тауып, көтеріліс қолбасшысы Сырым Хиуаға қарай ығысып кеткеннен кейін Беріштің Өтеміс бастаған Құлмәлі тармағы 1801 жылы Жайықтың Самар бетіне өтеді. Біразырақ жері шұрайлы Қамыс – Самарды жайлап, бірақ Қара өзен мен Сары өзенді сағалап бекініс салған Оралдың казак әскелерінің қысымымен қайтадан Жайықтың бұқар бетіне өтіп, Азынабай – Тайпақ өңірін мекен етеді. Бұл өңірді Беріштің Құлмәлі тармағынан тарайтын ұрпақтар әлі де жайлап отыр.

«Құлыбай атамызды көзіміз көре қалды. Есімде сақталғаны, бір көзі зағип, әулетке сыйлы адам еді» деп еді ата-баба өсиетімен Махамбеттің зиратын тауып беріп, қазақ тарихында теңдессіз іс атқарған Тайпақ өңірінің азаматы, марқұм, Аманкелді Құрақов заңгер туралы мәліметтер жинақтап жүріп  бір  кездескенімде.

Құлыбай Ерғалиев 1897 жылы Ақтөбе облысының Тайсойған болыстығында (қазір Атырау облысының Қызылқоға ауданы) дүниеге келген. 1946 жылы 13 тамызда өз қолымен жазған өмірбаянында ол әкесінің төңкеріске дейін де, кейін де мия тамырын қазумен шұғылданған, меншігінде екі-үш сиыры мен бір жылқысы бар шаруа адамы болғанын айтады.

1915 жылы Оралдағы орыс-қазақ мектебінің 2 класын бітіріп, оқуын қаражаттың болмауына байланысты жалғастыра алмаған. 1916 жылғы бірінші империалистік соғыста патша өкіметі оны тылдағы қара жұмысқа алып, Австрия майданындағы 224-ші жұмысшы партиясында болған. Елге 1917 жылғы Ұлы Қазан төңкерісінен кейін ғана оралып, аумалы-төкпелі уақытта өзін саяси күрестен бейтарап ұстап, әкесінің шаруасына қол ұшын береді. Елде Кеңес үкіметі күш алғанда, ауылда жасы жиырмадан асып бара жатқан Құлыбайдан сауатты адам жоқ еді. 1920 жылдан бастап үкімет жұмысына араласа бастайды. Әуелі милицияның іс жүргізушісі болып, кейін болыстық атқару комитетінің, сосын халық сотының хатшылығына ауысады. Аудандық тұтынушылар одағының есепшісі болады. 1933 жылы қараша айынан бастап Тайпақ аудандық халық сотының тергеушісі болып қызмет атқарады.

Батыс Қазақстан облыстық әділет басқармасының бастығы Қ.Сахипов 1946 жылы 21 маусымда облыстық партия комитетіне берген ақпаратында Құлыбай Ерғалиев туралы: «Ерғалиев 7 жыл халық тергеушісі, 6 жыл халық судьясы, ал 1944 жылғы 1 қарашадан бастап Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып жасайды. Табысты еңбегі үшін Құрмет Белгісі орденімен марапаталған» деп жазады.

Обком бюросының 1947 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен Құлыбай Ерғалиев Бөрлі ауданы­ның халық судьясы болып бекітіледі. Аудандық сот мұрағатында әділет басқармасының судьясы Қ. Ерғалиевтің Бөрлі аудандық сотында 1947 жылы жасаған жұмысына талдау келтірілген. Бір ғажабы, оның қылмыстық және азаматтық істер бойынша жүктемесі жоғары болған. Жыл ішінде 142 адамға қатысты 120 қылмыстық іс қарап, осындай жүктеме жағдайында бір де бір істі қараудың мерзімі бұзылмаған.

Түрлі партия-кеңес құрылымдарына берілген мінездемелерінде, ұсыныстарда облыстық сот пен әділет басқармасы Қ.Ерғалиевті тек қана жақсы жағынан: заң жағынан сауатты, жұмысына ұқыпты, тәртіпті, ибалы және мәдениетті, сот органдарында жұмыс жасаған кездерінде өзін адал және қызметіне лайықты тұлға ретінде көрсете білді  деп  сипаттайды.

1949 жылы халық судьяларының сайлауында Бөрлі аудандық сотына арнаулы заң білімі бар, екі жылдық әділет мектебін бітірген Анатолий Иванович Тебякин тағайындалғаннан соң Құлыбай Ерғалиев  облыстық адвокаттар төралқасының төрағасы қызметіне ауысып, сосын Тайпақ аудандық сотына судья болып тағайындалады да, 1959 жылы 14 қарашада осы қызметінен зейнет демалысына шығады.

Үш ұл, үш қызы болған Құлыбайдың қариялық ғұмыры өткен Тайпақ өңіріне сұрау салғанымызда ол жақта ұрпақтарынан ешкім табылмады. Ұлдары Алматы жағында, Сәуле деген қызы Ақтауда тұрады екен. «Әкем қайтқанда 22 жаста едім» дейді 1956 жылы дүниеге келген бізге мәлімет беруші қызы Сәуле.

Құлыбайдың үлкен ұлы Жеңіс  Алматыда, одан кейінгі Жетіс Воркутада, Мұрат Атыраудың Мұқырында, үш қызы – Зәуре, Сәуле, Роза Ақтауда тұратынын білдік. Ұрпақтарынан әке жолын қуып, заңгер болғандары жоқ екен.

Беріштің Құлмәлі тармағының кейінгі буындарынан да Құлыбайдай зерек, әділ билік өкілдерінің шығуы қаннан таралған тектіліктің бір белгісі ме дейсің.

Аманкелді Шахин

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале