19.06.2025, 11:45
Оқылды: 243

Суға түскенде сақтық қажет

Таяуда облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шәриев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндама жасады. Руслан Исламғалиұлы жазғы шомылу маусымы кезеңінде тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Splashes of water from a drowning man in a pond. Copy space.

Сурет: istockphoto.com

Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысына сәйкес шомылу, өзендердегі туризм және спорттық жарыстар үшін 31 орынды белгілеген. Бүгіндері жаңа қаулы жобасы жасақталып, облыс әкімдігіне келісуге жолданған. Онда өзенге шомылуға арналған 34 орын бар. Қазіргі таңда аталған демалыс нысандарының қауіпсіздігін тексерістен өткізген.

– Су айдындарының түбін тексеру және тазарту жұмыстарын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары орындады. Сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында білім басқармасымен бірлесе түсінік беру іс-шаралары жүргізілді. Түсіндірме барысында оқушылардың заңды тұлғаларына су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары айтылып, жадынама қағаздары таратылды. 2025 жылдың 1 сәуірі мен 1 мамыры күндері аралығында облыс аумағындағы 367 мектепте жауапты сала қызметкерлерінің қатысуымен жиындар өтті. Шомылу кезіндегі қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қазір облыстық ТЖД-да бес мобильді сүңгуір тобы, 28 жүзу құралы, сонымен қатар сүңгуір жабдықтарының 34 жиынтығы бар. Қауіпті су айдындарының, шомылу және демалу үшін тыйым салынған орындарға 279 белгі, 44 ақпараттық баннер орнатылған. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда, – деді  Руслан  Исламғалиұлы.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығының айтуынша, 2025 рұқсат етілмеген жерде шомылу барысында бір жасөспірім суға батып, қайтыс болған. 2024 жылдың осы кезеңінде рұқсат етілмеген жерде шомылу барысында сырымдық бір азамат көз жұмған.

– Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына сәйкес 20 адам мен екі заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 348 282 теңге айыппұл салынды. Яғни жеке тұлғалар жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде (27 734 теңге), ал заңды тұлғалар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (39620 теңге) айыппұл арқалады. Қадағалау жұмыстары әлі де жүріп жатқанын айта келе, азаматтарды шомылу кезінде сақтық шараларын орындауға шақырамын, – деді ол.

Егер азаматтар төтенше  жағдайға тап болса, 112 нөміріне хабарласып, мән-жайды баяндау керектігін ескертті.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале