9.04.2019, 11:06
Оқылды: 664

Сүйген жарына «сіз» деп сөйлеу сезімді суыта ма, сыйластықты арттыра ма?

Отбасы құндылығы, ер мен әйел арасындағы жарасымды қарым-қатынас тақырыптарына қатысты мәліметтер іздестіре жүріп, желідегі керемет жазбаға көзім түсті. Тележурналист, «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы көпшіліктің көңілінен ойып тұрып орын алған «Айтуға оңай...», «Қарекет» бағдарламаларының жүргізушісі Бейсен Құранбектің отбасын құрар алдында жан жарымен жасасқан қағидасы ерекше әсер қалдырып, көңіліме қона кетті. «Yйленетін кезімізде болашақ отбасымыздың 7 қағидасын жасадық:

siz (4)

1) Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» – дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі бес жылдан соң, біреуі сегіз жылдан соң, біреуі он жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді; 2) Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады; 3) Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз; 4) Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз; 5) Ренжісіп қалсақ, бес минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз; 6) Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?» – деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын; 7) Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды» делінген аталмыш қағидада.

Жіктеп көрсетілген жеті тармақтың ішінде әйел затының еріне «сіз» деп сөйлеуі қазіргі уақытта өте сирек кездеседі-ау деген ойға қалдым. Жасы болсын, жасамысы болсын, жан жарына «сіз» деп тіл қататын нәзікжандыларды көзбе-көз кезіктірмедім өз басым. Instagram әлеуметтік желісіндегі қыз-келіншектер өзара ой бөлісетін бір топта дәл осы сұрақ ортаға тасталған болатын. Пікір қалдырған бойжеткендердің көпшілігі дерлік «Өз күйеуіңе «сіз» деп сызылып сөйлеу ыңғайсыз емес пе? Екі жастың арасын суытып жібереді» десе, бірі үйленгеніне біраз жыл болған орта жастағы әйел адам мен бір жас келіншек қана еріне «сіз» деп құрмет көрсетуінің арқасында шаңырақта ұрыс-керіс болмайтындығын үлгі етіпті.

Ал хақ дініміз – ислам бойынша әйел адамның өмірлік жарының алдындағы әдебі қандай болуы керек? Шариғат шарттарына қатысты өз ойымен Орал қалалық Тәжиден Батырұлы мешітінің наиб имамы, теолог Әсет Раманқұлов бөлісті.

– Шариғатта әйелі күйеуіне «сіз» деп сөйлесін деп арнайы міндеттелмеген. Бірақ ер-азаматын атымен атау мәкрүһ (жағымсыз, ұнамсыз) амалдар санатына жататындығы келтірілген. Осыған орай әйел адамның бала-шағаның алдында ғана емес, екеуара әңгіме барысында да жұбайына деген құрметін, сүйіспеншілігін көрсете отырып, «сіз» деп сыйластық білдіруі немесе өзіне ұнайтын жылы сөздермен еркелетіп атағаны дұрыс. Мәселен, Айша анамыз Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) «набиулла», «расулулло» (Алланың елшісі, Алланың пайғамбары деп аударылады) деген сөздермен атаған. Хадисте көркем сөзде ерекше құдірет бар екендігі айтылған. Яғни ер мен әйел арасындағы жылы шырайлы әңгіме отбасының берік болуын, орынсыз ұрыс-керіс туындамауын қамтамасыз етумен қатар, ата-анасының осындай шынайы, сыйластықтағы шуақты арақатынасын көріп өскен баланың санасына отбасылық, ерлі-зайыптылық өмір туралы дүниетанымының көзқарасының дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді. «Салиқалы әйелдің күйеуі болу бір елдің патшасы болғанмен бірдей», «Дүниедегі өткінші нәрселердің ең қайырлысы – салиқалы әйел» (Мүслим), «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері – күйеулеріне сәлемі түзу (яғни бойұсынушы) және қанағатшылдары» (Айша р.а. анамыздан ибн Ғади риуаят еткен) деген сөздер әйел затының отбасы беріктігін сақтап, шаңырақ шаттығын, сыйластықты арттырудағы рөлінің маңыздылығын айқындап тұрғандай, – дейді Әсет Исламбекұлы.

Ортаға ой салайық, оқырман! Сіздің отбасыңыздың қалыптастырып үлгерген қағидасы қандай? Сүйген жарына «сіз» деп сөйлеу сезімді суыта ма, әлде сыйластықты арттыра ма, қалай ойлайсыз?

Аяужан Кереева, 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале