30.04.2021, 0:06
Оқылды: 44

Сүйікті қаласының құрметті азаматы

Жеңіс күні – батылдық пен ерліктің, қайсар рух пен қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Біз аға ұрпақтың өшпес ерлігі мен табанды еңбегін әрқашан мақтан тұтамыз. Ел шетіне жау келгенде «Аттандап» қарсы шығып, қасиетті жерін қасық қаны қалғанша қорғаған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бір ғана біздің облыстан 76 мыңнан астам жерлесіміз соғысқа аттанып, оның 36 мыңы майдан даласында қаза тапқанын тарих айғақтап отыр. Сол қатардан елге есен-сау оралып, бейбіт өмірде де алдыңғы саптан көрінген майдангерлердің бірі – Алексей Толкачев. Ол Орынбор облысының Первомай ауданында 1924 жылдың 20 маусымында өмір есігін ашқанымен, соғысқа Чапаев аудандық әскери комиссариатынан алыныпты.

 Толкачев1

– Жеңіс! Осы бір сөзде қанша сартап болған сағыныш, жүректі сыздатар мұң, қыршын кеткен ерлер рухы жатыр. Мен соғысқа он сегізге де толмай аттандым. Өмір біздің замандастарымызды ерте есейтті ғой. Бозбала болсақ та, бар күш-қайратымызды зұлым жауды бір қадам да алға бастырмауға жұмсадық. Ең алғаш Псков жерінде ұрысқа кіріп, өмір мен өлімнің шынайы арпалысын өз көзіммен көрдім. Бір қарулас жолдасым окоптан шыға бере оққа ұшты, тірілер алға жылжыдық. Жан алысып, жан берісіп, көк тұманның ішінде қалған сондай сәттерден де аман-сау өттік қой. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» деген рас-ау! Одан кейін де көптеген қала мен елді мекенді неміс фашистерінен азат еттік. Тек майданда емес, тылда да біздің адамдар жанқиярлықпен еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты ғой. Мұның бәрі кейінгі толқынға ертегідей көрінуі мүмкін, - дейді ауыр күрсініспен Алексей Иванович әңгіме арасында.

Елге оралған соң да ол бірден еңбекке араласып, ұзақ жыл  банк саласында абыройлы қызмет атқарған. 1984 жылы еңбек демалысына шыққан ардагер сүйікті жары Мария Костенко екеуі үш қыз сүйсе, қазір үлкені өмірден озыпты. Өнегелі отбасынан тәлім-тәрбие алған екі қызы өмірде өз орындарын тауып, тіршілік етіп жатқан көрінеді. О бастан адалдық пен тазалықты, адамгершілік пен қарапайымдылықты жанына серік еткен ардақты азамат бейбіт өмірде де сый-құрметтен кенде болмаған. Ардагердің өңірінде «Отан соғысы» ордені мен бірнеше жауынгерлік медаль жарқырайды. Сондай-ақ  ол – Орал қаласының құрметті азаматы. Көзкөргендер Алексей Ивановичтің өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін азаматтық ұстанымын, асқақ адамгершілігін сүйсіне әңгімелейді. Өнегелі өмір иесі қазір Орал қаласында тұрады. Әр Жеңіс күнін асыға күту дағдысына айналғандай, бұл күннің қадір-қасиетін олардай түсінетін жан аз шығар, сірә?!

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады. 

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале